Бүгінде Қызылжар өңіріндегі белсенді жұмыс істейтін 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерінде 100 мыңнан астам адам тұрақты түрде еңбек етеді. Десек те, бұл салада бюрократтық бұра тартулар мен заңсыздықтар да аз кездеспейді. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Болат Палымбетовтің қатысуымен өткен жергілікті кәсіпкерлер палатасының кеңесінде түйткілді мәселелер қозғалып, тығырықтан шығу жолдары талқыланды.
Жыл басынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына солтүстікқазақстандықтар тарапынан 234 арыз-шағым түсіп, 72 пайызы шешімін тапқан. Талдау барысы кәсіпкерліктер санының бір пайызға азайғанын көрсетіп берді. Жер бөлудегі қиындықтар да жетіп артылады, оның себептеріне нақты мысалдар келтірілді. 2013-2016 жылдар аралығында Петропавл қаласында жер телімдеріне қатысты бірде-бір конкурс өткізілмепті. Ал облыс бойынша екі аукцион ғана ұйымдастырылған. Бір түсініксіздігі, жалға берілген телімдердің аумағы тым үлкен. Кімдер алып жатқанына, қандай мақсатқа пайдаланылғанына қатысты ашықтық, мөлдірлік жетіспейді.
Кездесуде кәсіпкерлер құқықтық-нормативтік актілердің осал тұстарын атап көрсетіп, түзетулер енгізуді өтінді. «Казанцев А.В.» ЖК жетекшісі Александр Казанцев жеке кәсіпкерлер тұтыну көлеміне қатысты тариф қолданылатын жеке тұлғаларға теңестірілгенін айта келіп, кәсіпкердің өз өндірісі, жұмыс күші мен құрал-жабдықтары бола тұра есепке алынбайтынына қынжылыс білдірді. «Есептеу ең жоғары мөлшерде жүргізіледі. Меніңше, өндіріспен айналысатын барлық жеке кәсіпкерлерді заңды тұлғаға теңестірген жөн», деді ол.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова Азаматтық кодексте жеке кәсіпкерді заңды тұлғаға теңестіретін баптың бар екенін, сондықтан энергетиктердің әрекетіне заң нормалары шеңберінде жауап қату керектігін алға тартты. Б.Палымбетов болса, бұл мәселенің республикалық деңгейде қаралатынына сендірді.
«Сүт одағы» серіктестігінің директоры Александр Кузлякин монополистердің электр энергиясы үшін сараланған тарифты алып тастауын қолдамады. Бір ғана тариф бойынша төлеудің қисынсыздығына келіскен уәкіл мәселенің назарға алынатынын айтты. «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС-нің директоры Жасұлан Азенов омбудсменнің қабылдауында болып, индустриялық-инновациялық даму басқармасының заңсыз әрекеттеріне шағымданды. Сөйтсе, басқарма басшылығы жер қойнауын пайдалану мақсатымен ас тұзын өндіру және барлау шарттарының күшін жою туралы бұйрық шығарыпты. Сот арқылы бір бұйрықтың күші жойылғанымен, қалған екеуіне соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру тапсырмасы берілгенімен, ол әлі күнге дейін орындалмаған.
Былтыр кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты 305 өтініштің түсуі кедергілердің көбеймесе азаймай отырғанын аңғартса керек. Биылғы жағдай да көңіл көншітпейді.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы