Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановтың патшалық Ресей үшін табысты атқарған ісінің бірі – Қашқария сапары. Қиындыққа толы сол сапары жайлы саяхатшы-ғалым «Шығыс Түркістан. Саяхат күнделігі» атты жолжазбалар сериясын жазып қалдырды.
Соның бірі «Қашқарға барған және Қашқардан Алатау округіне кері қайтқан сапарым туралы» атты күнделік-жазбасында: «Менің Қашқарияға саяхатым 1858 жылдың июнь айының 28 күні басталып, 1859 жылдың 12 апрелінде аяқталды. 10 ай, 14 күн дегенде Верный бекінісіне келдім» дейді.
Осы бір ұзаққа созылған азапты сапарында Шоқан Уәлиханов өзіне тапсырылған барлаушы-тыңшылық міндеттерді де қоса атқарды. Яғни Семей қаласынан шығып Қашқарға жол тартқан керуеншілер қосынында «тыңшы орыс офицері» бірге бара жатқаны жайлы хабар өзінен бұрын жетіп қойған-тын.
Аса маңызды, өте күрделі міндетті атқарушы адам ретінде Шоқанға өзін қорғау үшін арнайы жанқару (тапанша) берілген көрінеді. Ғалымның күнделік жазбаларын оқып отырып, оның қолында мұндай шағын пистолеттің бірнешеуі болғанын аңғарамыз. Мысалы, 1985 жылы Ш.Уәлихановтың Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан шығарылған таңдамалысының 453-бетінде Қашғардағы өте ықпалды ақсақал Насыреддиннің баласына өз атынан шағын пистолет сыйлағанын және бұл оқиға жайлы екі тарап та құпиялық сақтауды жөн көргені жайлы жазбасы бар.
Жоғарыдағы қару қазір Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музей қорында сақтаулы тұр. Өткен шілде айында елорда төрінде ұйымдастырылған Алматы облысының мәдени күндері қарсаңында жоғарыдағы жәдігер, құнды бұйым ретінде Қазақстан Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінде көрмеге қойылып, елордалықтарға таныстырылды.
Жәдігердің ресми құжатында: аталмыш бұйым 1958 жылы наурыз айының 12-сі күні № 165 акті бойынша, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің №3 бұйрығымен жоғарыдағы музейге берілгені жайлы жазылыпты. Және тапаншаның бір бүйірінде алтынмен әдіптеліп жазылған «Шоқан Уәлихановқа 1858 жыл» деген жазу бар. Бұндағы «1858 жыл» дегені ғалымының Қашқар сапарына аттанған уақыты.
Құжат бойынша тапаншаның аты – «Браунинг». Оның ұзындығы – 11 см, ені – 9 см. Өндірістік нөмірі – 7552. Бұл жәдігерді 1958 жылы қазіргі Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейі Геннадий Васильевич Попов деген азаматтан 100 сомға (рубль) сатып алыпты. Г.В.Поповқа қаруды 1936 жылы Оспан есімді қазақ тамыры сыйға тартқан. Ал Оспанның қолына қалай түсіп жүргені белгісіз.
Осы мақаланы жазу барысында аңдағанымыз – бұл қарудың аты «Браунинг» емес. Себебі браунинг-тапаншаны ойлап тапқан адам Джон Мозес Браунинг 1855 жылы туған, 1858 жылы бұл үш жастағы бала. Тапаншаны құжаттандыру барысында қателік кеткен. Тапаншаның шынайы аты – велодог. Қаруды француз инженері Шарлем Франсуа Галан 1850 жылдары ойлап тапқан. Велодог-тапаншаның салмағы 300 грамм, ұңғысының кеңдігі – 5,5 мм, айналмалы таңдайына бес оқ сыяды. Велодогтің браунингтен басты айырмашылығы шүріппесінің сыртында шеңберлі қорғанысы жоқ.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»