«Екеуміз автобекетте қоштасып тұрдық. Ол облыс орталығына жақын қалаға – Үштөбеге барады. Ал менің Алматыға қайтуым керек. Кассадан билет алатын кезде екеуміздің арамызда күтпеген бір сауал туды. «Кім кімді шығарып салуы керек?..»
Өйткені екі қалаға да автобус жиі қатынайды. Алматыға сағат сайын, ал Үштөбеге әрбір жарты сағатта...
«Әрине, мен сені шығарып салуым керек», деймін оған. Себебі бұл қай заманда да ер жігіттің міндеті емес пе.
Бірақ, ол басын шайқап, келіспейді.
«Мен сізді шығарып салайыншы», деп сыбырлайды құлағыма.
«Неге?»
«Егер мен кетіп қалсам... сіз осында қалып қойғандай боласыз да тұрасыз. Сонсоң Талдықорғанға келген сайын сізді іздеп, автобекет жаққа қарап алаңдай беремін...»
Ол кезде біз жап-жас едік. Бірақ менің отбасым, екі балам бар болатын. Қара басып ертерек үйленіп қойғам ғой. Еһ!.. Кеш кезіккен махаббат... Естен шықпайды...»
Маған бұл хикаяны айтып отырған ағайымның жасы алпыс екіде. Сонда да болса, оның көңілінде қазір көктем туып, құстар шулап жатқандай...
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»