Облыс орталығындағы спорт сарайында еліміз бойынша алғаш рет түнгі хоккей лигасының жалауы желбіреді. Жарысқа мемлекеттік қызметшілерден, кәсіпкерлер мен мекеме жетекшілерінен құралған әуесқой командалар қатысуда.
Біріншіліктің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов жарыстың қызықты өтуіне тілектестік білдірді.
Мұз айдынына шыққан петропавлдық «Қызылжар» мен Аққайың ауданының намысын қорғаған «Сокол» командалары жеңіске жету үшін барын салды. Бастапқыда тең ойын өрнегі байқалғанымен, уақыт өткен сайын құлагерліктер шапшаң, жинақы қимылдап, қарсыластарын 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Басына шлем киіп, аяғына коньки тағып, қолына имек таяқ ұстап шыққан Құмар Іргебайұлы екі шайба соқты.
«Елбасы ұлт денсаулығы басты байлық екенін үнемі айтып, зор көңіл бөліп келеді. Хоккей күштілер, шымырлар ойыны саналады. Мен онымен мектепте оқып жүргенде шұғылдандым. Түнгі хоккей лигасының ашылуына жан-жақты әзірлендік. Алда тартысқа толы жарыстарға куә боларымыз анық», деді матчтан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қ. Ақсақалов.
Сөз арасында өңірде шайбалы хоккейдің дамуына үлкен көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. «Құлагер» хоккей командасы екі рет ел кубогының иегері атанды. Оның белді ойыншылары Александр Нурек, Максим Волков, Ильгиз Нуриев қысқы Азия ойындарының жеңімпазы болды. Жуырда жас хоккейшілерді жаттықтыратын арнайы топтар ашылды.
Саламатты өмір салтын насихаттауды діттейтін түнгі хоккей лигасында ойнауға 8 команда ынта білдіріп отыр. Жарыс Тәуелсіздік мерекесіне дейін жалғасады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы