«Хабар» агенттігі журналистер арасында шағын футболдан республикалық турнир өткізеді. Дәстүрлі турнир осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылайын деп отыр.
Алғашқысы «Хабар» арнасының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген болатын. Назарбаев университетінде өткен бәсекеде «BaqOrda» командасы чемпион атанған. Осыдан кейін бұл атаққа «ЖасStar Production» ұжымы ие болды. Журналистер додасы «Астана-Арена» стадионында ұйымдастырылған еді.
Биылғы турнир де еліміздегі №1 стадионға жоспарланып отыр. Жарыс ертең, яғни 22 қазан күні өтеді. Чемпиондық атақты бас-аяғы 16 команда сарапқа салмақ. Олар өзара төрт топқа бөлініп, үздіктерді анықтайды. Тиісінше, бірінші және екінші орын алғандары плей-офф кезеңіне, яғни ширек финалға шығады.
Жарыс бір күнге жоспарланған. Ойындар 09:00-де басталады. Ал ашылу салтанаты 11:00-де өтеді.