Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің «Динамо» командасы «Көкпар» ұлттық ойыны маусымының жабылу турнирінде облыс чемпионы атанды. Турнирге облыс өңіріндегі мықты командалар қатысты. Ат спортының бұл түрімен айналысқанына көп уақыт болмаса да, облыс полицейлері біріншілікте өздерін мойындатты, жанкүйерлерін риза етті.
Айта кету керек, қостанайлық полицейлердің «Динамо» көкпаршылар командасы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтың бастамасымен осыдан үш ай бұрын құрылған болатын. Бекет Иманұлының пікірінше, көкпар жастар бойында батылдықты, ептілікті қалыптастырады, сондай-ақ, ойынның ұжымдық сипаты тәртіп сақшыларына күнделікті қызметте де қажет болады.
Көкпар маусымының жабылу турнирі ойынына облыстағы Сарыкөл, Таран аудандарының құрамалары мен «Динамо» командалары қатысты. Турнир Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында өтті. Турнирді алдымен «Динамо» және Сарыкөл ауданы командалары ашты. Жігіттер жауған жаңбырға да қарамай қызықты ойын өткізді. Ойында «Динамо» командасы бұл ойынды жақсы меңгерген команда капитаны, учаскелік инспектор Бақдаулет Асановтың білікті қимылы арқасында жетістікке жетті деуге болады. Ол ойын қорытындысында үздік ойыншы атанды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ