Елордадағы «Жастар» сарайында «Біз біргеміз, бір отбасымыз» атауымен Украин халық шығармашылығының III халықаралық дәстүрлі ән-би байқауы өтті. «Қазақстандық украина Радасы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған мерекелік шараға республикамыздың жеті облысынан үш жүзге жуық өнерпаздар келді.
Қазақ-украин байланысының бүгінгі деңгейін паш етіп, қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері және еліміздегі түрлі этностық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау аясында Мемлекет басшысы айқындап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберіндегі тапсырмаларды жүзеге асыру мақсаты көзделген. Өйткені, оның астарында қоғамдық келісім мен татулық, бірлікті бекемдеу бар әрі Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстар мәдениетінің жаңғыруы жатыр. Мерекелік жиынды салтанатты жағдайда ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңыру: болашаққа бағдар» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп нақты атап көрсетілгендігін тілге тиек етті.
«Бұл байқауды біздің елімізде тұрып жатқан украиндардың ұлттық өнері мен шығармашылығының дамып жатқанының белгісі деп бағалауға болады. Сондай-ақ, олардың өз тілі мен төл мәдениетінің заман талабына сай кең өріс алып отыранын көрсетеді. Сондықтан да бүгінгі байқауға қатысушылардың ынта-ықыластары мен қызығушылықтары зор», деді Д.Мыңбай.
Жалпы, қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында ұйымдастырылатын мұндай мәдени шаралар өнер мен шығармашылық туындылары арқылы адамдардың бір-бірін танып, білуінде оң ықпалын тигізеді. Сондықтан да «Жастар» сарайының фойесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен украин шеберлерінің қолынан шыққан қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»