Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі Астана процесі аясындағы жетінші халықаралық кездесудің үстіміздегі жылдың 30-31 қазаны күндері өтетіндігі және онда қаралатын мәселелер туралы газетіміздің өткен нөмірінде (№ 203. 23.10.2017 ж.) жазған болатынбыз.
Таяуда Ресей Федерациясының Сочи қаласында болған «Валдай» халықаралық пікірсайыс клубының кезекті отырысында Ресей президенті Владимир Путин Астана процесінің жұмысы туралы: «Астана процесіне қатысты айтар болсам, ең алдымен, Қазақстанға және Президент Назарбаевқа осы процеске қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң.
Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып есептелетінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп жоғары баға берді.
Осы жылдың қаңтар айында алғашқы раунды өткен бұл кездесулер өзінің өміршеңдігін көрсетіп, міне, осымен жетінші басқосуға ұласқалы отыр. Егер ондағы қаралған мәселелер өзекті болмаса және қажетті нәтижелерге қол жеткізбесе ол жалғасын таппаған болар еді. Осыған байланысты аталған процестің басталуы мен жалғасу тарихына қысқаша шолу жасап өткенді жөн көрдік.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы қақтығыстарға қатысушы тараптардың атысты, бейбіт халықтың қырылуын тоқтату үшін келіссөздер жүргізу керектігін айтып және оны өткізетін орынға Астана қаласын ұсынған-ды. Бұл ұсынысты БҰҰ мен көптеген әлемдік көшбасшы мемлекеттер қолдап, 2017 жылдың 23-24 қаңтарында Астана қаласында алғашқы кездесу өтті. Бұл кездесу 2016 жылғы 30 желтоқсанда Женевада қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Сөйтіп Астанада Ресей, Иран және Түркияның қолдауымен Сирияның қарулы оппозициясы және Сирия үкіметінің өкілдері арасында жанама келіссөздер болды.
Бұл келіссөздер Сирия үкіметі мен қарулы топтар өкілдерінен құралған оппозициялық делегация қатысқан алғашқы келіссөз болып табылады. Кездесудің нәтижесінде кепілгер мемлекеттер (Түркия, Иран, Ресей) Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісті; «ДАИШ» және «Әл-Нусра майданына» қарсы күресте ынтымақтасуға дайындық білдірілді; Астана алаңында бұдан кейінгі нақты мәселелер бойынша кездесулер өткізуге уағдаластық жасалды;
Бірлескен коммюникеге қол қойылмағанымен Мәскеу, Тегеран және Анкара бірлескен мәлімдеме жасап, Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендік принциптерінің сақталатындығына бейіл екендіктерін білдірді.
Осы кездесудің нәтижесі бойынша пікірін білдірген БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура: «Қазақстан халықаралық аренадағы ең күрделі жағдайларды шешу үшін өз күш-жігерін көрсетті», деді.
Астана процесінің жалғасуына мүдделі болған жанжалға қатысушы мемлекеттер 2017 жылдың 15-16 ақпанында елордаға екінші рет жиналды. Оның қорытындылары бойынша кепілгер мемлекеттер – Ресей, Иран және Түркия БҰҰ-ға есеп беретін, атысты тоқтату режімін сақтау мониторингі жөнінде Бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты; бітімге қосылған аумақтар туралы ереженің жобасын келісті; тұтқындар алмасу туралы ереженің жобасын талқылады.
Астана процесінің үшінші кездесуі 14-15 наурыз күндері болды. Оған екінші кездесуге келген делегациялар арасынан қарулы оппозициялық топтар өкілдері қатыспады. Бұл жолы кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатудың жай-күйін және бітімге қосылған аумақтардағы жағдайды қарастырды, тұтқындар алмасу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені, Сирия конституциясы бойынша жұмыс тобын құрудың шарттарын, «ДАИШ» және «Әл-Нусра майданы» сияқты террорлық топтардың және қарулы оппозициялық топтардың орналасқан жерлерін көрсететін бірыңғай картаны құру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Сириядағы ЮНЕСКО қорғайтын Бүкіләлемдік мұралар нысандарын минадан залалсыздандыру мәселесі қаралды.
2017 жылдың 3-4 мамырында болған Астана процесіне қатысушы тараптардың төртінші кездесуінде кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, зорлық-зомбылықты дереу тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және қақтығыстарды саяси реттеуге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Идлиб, Хомс, Шығыс Гута, сондай-ақ Дераа және Кунейтра провинцияларында қауіпсіздік аймақтары құрылатыны айтылды.
Астана процесінің бесінші раунды 2017 жылғы 4-5 шілдеде болып, оған келіссөздерге бұрыннан қатысушылардың бәрі де келді. Кездесуден кейін болған брифингте Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов Астана процесінің нәтижелілігін атап өтті. Министрдің пікірінше, кездесу ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режімін күшейту бағытында нақты оң нәтижелерге қол жеткізген. «Қазақстан сириялық жанжалдың соғыс жолымен шешілмейтіндігіне сенімді. Диалог – бейбітшілікке бастайтын жалғыз жол. Ахуалды оңалту үшін әлі көп жұмыс атқарылуы тиіс екені сөзсіз», деді Қ.Әбдірахманов. Оның айтуына қарағанда, жанжалдың ауқымы мен қарқыны қазір едәуір азайған, Сириядағы қажет еткен жандардың барлығына гуманитарлық жәрдем жеткізу үшін жағдайлар жасалып жатыр.
Осы кездесуде қабылданған құжатта да «Сирия Араб Республикасындағы деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумға 2017 жылғы 4 мамырда қол қою нәтижесінде Сирия аумағындағы зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендегені» айтылған. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер меморандумға сәйкес деэскалация аймақтары бойынша Бірлескен жұмыс тобының (БЖТ) құрылуын қолдап, оның ережесін қабылдады.
Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыру және Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылдаумен аяқталды. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп, Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Астана процесіне қатысушылардың кезекті, жетінші кездесуі 30-31 қазанда болады. Онда тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту және т.б. мәселелер талқыланатын болады деп күтілуде.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»