• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2017

Аяқ астындағы алтын

517 рет
көрсетілді

Қазақта «тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деген сөз бар. Талдау жасасаңыз, осы сөздің рас екендігіне көз жеткізесіз. Мәселен, тері өткізіп жүрген адамдар­дың айтуы­на қарағанда, сиырдың терісінің бір килосы шамамен 300 теңге тұратын көрінеді. Ал сиыр терісінің салмағы 20 килодай тартады. Сонда бір сиыр терісін сатқанда 6 мың теңге пайда көресіз.

 

Бұл, әрине, өңделмеген терінің беретін пайдасы. Ал теріні дұрыс өңдеп, оны іске жарата білетін елдер одан 250-300 мың теңгенің затын шығарады екен. Демек, дұрыс өңдеп, іс қыла білген жағдайда сиырдың терісінің беретін пайдасы оның өз құнынан да асып түспек.

Қой жүні туралы да осылай деу­ге бола­ды. Кеңес Одағы кезінде Қазақ­стан­ның австралиялық меринос қой­ларын молынан өсіргені белгілі. Таңдау неге өзіміздің қылшық жүнді қойларға емес, халық арасында «ақ қой» аталып кеткен биязы жүнді меринос қойларына түсірілді? Себебі түпкілікті өнімге (мәселен, ерлердің костюм-шалбарлары мен сәнді әйелдер киіміне, цигейка тондарға, бағалы аяқ киімдерге) қол жеткізген кезде қойдың жүні оның өз бағасынан бірнеше есе қымбат болып шықты. 

Өкінішке қарай, біз қазір «жібекті түте алмаған жүн қылады» дегендей, мал жүні мен терісін босқа рәсуа етіп, далаға тастап жатырмыз. Бұған кім кінәлі?

Іс басындағы кейбір шенеуніктердің сөзіне сенсек, бұған халықтың өзі кінәлі секілді. «Өзіңіз білесіз, қазір малдың көбі жекеменшіктің қолында ғой. Ал жекеменшіктегілер сойған кезде мал терісін дұрыс сыпырмайды. Оған пышақ тигізеді, қан араластырады. Теріні сыпырғаннан кейін оны дұрыстап тұздап, керіп кептіруді де білмейді. Осыдан тері құрысып қатып қалады. Ал мұндай теріні зауыт, фабрикалар ала қоймайды», дейді олар.

Бір қарасаңыз, мықты уәж. «Әй, қазағым-ай!» деп тағы да сан соғуға тура келеді. Бірақ осыдан жүз жылдай уақыт бұрын өз елінен бауырлас Түркия мемлекетіне босып барған қазақтар неге аталған мемлекетте тері-былғары өндірісінің жолға қойылуына үлкен үлес қоса алды. Көптеген түріктер осы кәсіпті қазақтардан үйренген жоқ па еді?! Ал енді қазір тері-былғары өңдеп, одан киім тігуден Түркия қай деңгейде, біз қай деңгейдеміз?!

Мал терісінің дұрыс пайдаланыл­майтындығына мемлекетті де кінәлай алмаймыз. Өйткені мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қаржыны аямай төгіп-ақ жатыр. Мәжілістің вице-спикері Владимир Божконың дерегі бойынша соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен 498,6 миллиард теңге бөлінген. Өкінішке қарай, ол қаржыдан дұрыс қайтарым болмай отыр.

Демек, істі ілгері жылжытуға шенеу­нік­терде дұрыс ниет жоқ. Әйтпесе, халық – әлі де сол халық. Көбіміз атакәсіптен қол үзіп кете қойғамыз жоқ. Тек қолда бар теріні дұрыс бағалатып, өткізе алмай дал боламыз да, қазақ елінің ішіне келіп, айна мен ине, сабын мен шәй таратып, соларға тері айырбастап алатын баяғының татар саудагерлеріндей әлекедей жаланған делдалдарға бірер мың теңгеге арзанға беріп құтыламыз. Енді осыдан туындайтын бүгінгі күннің картинасына қараңыз.

Жуықта Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында елімізде жылма-жыл 7,8 миллион дана мал терісі өндірілсе, оның тек 2 пайызы ғана өңделетіндігі туралы мәлімет берілді. Міне, сондықтан да мал терілерін өңдейтін 5 зауыттың өндірістік қуат­тары­ның 5,5 пайызы ғана пайдаланылады екен. Тағы да сол Владимир Бож­коның айтуы бойынша, біздегі мал тері­лерін өңдейтін зауыттардың бар­лығы «қию» технологиясымен жұ­мыс істейді. Жүнді іріктеп өңдеу ісі де жолға қойылмаған. Бір қызығы, өзіміз­де­гі зауыттар шикізатқа зәру болып отыр­ғанда, халық қолындағы жүн мен теріні делдалдар арзан бағаға жинап алып, Қытайға жөнелтетін көрінеді. Айна­ламыздағы елдердің барлығы жүн мен теріні шикізат күйінде шетке шығаруға тыйым салса, бізде бұл жұмыс көктеп тұр. Міне, мәселе қайда жатыр... 

Осы проблеманы ептеп те болсын ең­серу үшін еліміздің Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі алдағы уақытта жүн жинаумен айналысатын – 30, тері жинаумен айналысатын 135 дайындау пунктін ашуды көздеп отырғаны айтылды. Сондай-ақ жүннің барлық түрлерін кешенді өңдеуден өткізе алатын 1 зауыт салып, қазіргі жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынды қайта жаңғыртпақ.

Бұл жоспарды дұрыс дейік, бірақ олар жоспар күйінде қалып кетпесе жарады. Өйткені 2011 жылдың соңында іске қосылды деп есептелген Семейдегі тері-былғары өнімдері комбинаты біресе қаржының тапшылығынан, біресе шикізаттың жоқтығынан әлі де дұрыс жұмыс ырғағына түсе алмай келе жатқандығы жиі сөз болуда.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»