Анықтап қарағанға аймақтардағы тірек қалалар үшін де, орталықтағы шаңқан шаһарлар үшін де, атауы екі түрлі болғанымен көтеретін жүгі ортақ мәселе бар. Ол агломерация бағыты мен урбанизация жайы.
Рас, елімізде агломерация орталықтарын дамыту пәрменді жүріп жатыр. Дәл осы агломерация үдерісі ауыл-аймақтың жақын маңдағы қалалық өндіріс ошақтарына арқа сүйеп, қанаттаса дамуына жол ашуы керек болатын. Қажет кезінде тауар алмасу мен табыс табудың даңғыл жолына айналып, қаланы азық-түлікпен қамтитын ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етуі тиіс-тұғын. Өкінішке қарай, осы жерде сәл кереғарлық туады. Адамдар өндіріс ошақтарына, сауда-саттық нүктелеріне арқа сүйеп, алыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді дамытуға бағытталған шаралардың нәтижесін сезініп отырған жоқ. Демек, агломерация талаптарынан туындайтын істердің жемісін жейтін уақыт тым ұзаққа созылып кетті немесе ниет пен мақсаттың оң екендігін түсіндіру жұмыстары идеологиялық сипат алмай қалды. Біз мұны қалаға үдере көшу үрдісінің бәсеңдемей отырғанына қарап айтып отырмыз.
Уақытша тіркеудің есебі бойынша, Қазақстандағы ішкі миграцияның есебі 700 мыңға жуық адамды құраған екен. Яғни осынша адам туған ауылынан қоныс аударып, негізінен қала жағалауға мәжбүр болған. Демек, агломерация үдерісі урбанизация үрдісінің шаңына көміліп жатыр. Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соғуда. Әсіресе ауылдық өңірдегі қол күші мен өнім өндіруші-өңдеуші адамның кәсібін тастап кетуінен шаруашылық зардап шегуі мүмкін. Қазірдің өзінде қоралап мал ұстап, гектарлап жер игеріп отырған шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық кооперативтерінде шопан мен бақташы, диқан мен механизатор жетіспеушілігі сезілуде. Есесіне үлкен қалалардың базарларында арба сүйреген ер-азаматтардан аяқ алып жүргісіз. Енді осы адамдардың қаладағы жағдайы кісі қызығарлықтай екендігіне сендіру қиын. Бұл урбанизация үрдісінің көңілсіздеу суретінің бір парасы ғана.
Енді осыны Алматы маңындағы жағдайға қатысты қарастырсақ. Қазір шаһарда 1млн 700 мыңнан астам адам ресми түрде тіркеуде тұр деген дерек бар. Яғни осынша жанның жеке басында үй-жайы бар немесе олар тіркеуге тұратындай сенімді баспанаға қол жеткізген болуы мүмкін. Демек, айтылған 2 млн шамасындағы тұрғын қаладағы қызмет көрсету саласының тұрақты тұтынушысы деген сөз. Біз бұл жерде қызмет көрсетудің әлеуметтік-экономикалық секторына қатысты айтып тұрмыз. Электр қуаты, жылу, телефон байланысы сияқты коммуникация жүйесі қызметінен бөлек құжаттандыру, әлеуметтік төлемдермен, мектеппен қамту, қоғамдық көлік пен қолжетімді медициналық көмек алу мәселесі толыққанды шешімін тауып отыр. Тиісінше, тұрақты тіркеуде тұратын қалалықтар мүлік, жер салығы сияқты бюджеттік түсімдер мен қолданған қызметтердің ақысын да уақытылы төлеп, қазынаны толтыруға үлес қосып отырғаны анық. Бұл адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау арқылы мемлекеттік басқару талаптарына заң жүзінде мойынсұнуға шақырудың өркениетті жолы болса керек.
Енді таразы басына әлеуметтің екінші тобын, урбанизация толқыны ұрған адамдардың тағдырын қатар қойып көрелік. Тым сұрқай көрініс қылаң береді. Тағы да Алматы туралы: бейресми дерек бойынша қалаға күніне 2,5 млн адам кіріп шығады екен. Осы санды 1млн 700 мыңға азайтсақ, тіпті өкпек жолаушы ретінде есепке алынған тағы бір 100 мыңға жуық адамды кемітсек, 700 мың шамасындағы адам тұрақты тіркеусіз күнелтіп жатыр дегенді білдіреді. Сонда мана айтқанымыздай, еліміздегі ішкі мигранттардың жалпы есебіне кіретін үлкен шоғыр бір ғана Алматыда тұрып жатқан болып шыға ма?
Агломерацияның бір шарты ауылдық тұрмысты қалалық өмірге бейімдеу болатын. Алматыда бұл бағытта қозғалыс бар екен. Былтыр Қарасай мен Іле аудандарының құрамынан алынған ауылдарды жарықпен қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, 153 гектар аумаққа электр энергиясы тартылған. Сонымен қатар Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары және Қапшағай қаласының аумағы Алматы агломерациясының ықпал ету аймағына енген. Десе де...
Агломерация урбанизацияны азайта ма?