Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтағы білім беруге арналған құндылықтар, игіліктер және инновациялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келген білім беру саласындағы белгілі фин зерттеушісі әрі сарапшысы Паси Салбергті қабылдады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу аясында тараптар білім беру және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту мәселелерін талқылады.
Жоғарғы палатаның басшысы Сенатта өткен орта білім беру жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеудің өзекті мәселелері мен келешегіне арналған парламенттік тыңдау туралы хабардар етті.
Қ.Тоқаев ғылыми жетістіктерге, оқытудың инновациялық әдістеріне және мұғалімдердің жоғары біліктілігіне негізделген финнің білім беру жүйесінің тиімділігін атап өтті. Төрағаның айтуынша, Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігінде кеңінен танылған фин тәжірибесін зерттеуге және пайдалануға мүдделі. Қазақстанды келешекке бастайтын аса зерделі балаларды оқытуға жақсы жағдай жасалған зияткерлік мектептерінің қызметі осы мақсатқа қол жеткізуге арналған. Сонымен бірге бүкіл елімізде бастауыш және орта білім берудің бірыңғай стандарттарын жасау міндеті қойылды. Мұғалімдердің еңбекақысын көтеру мәселесі маңызды мәселелердің қатарында.
Өз кезегінде П.Салберг Қ.Тоқаевтың пікірімен келісе отырып, оны сапалы білім беру ортасын жасау бағдарламасымен таныстырды. Білім беру жүйесіндегі бірыңғай стандарттар, оқушылардың әл-ауқаты және олардың білім алу ісіне белсенді қатысуы осы бағдарламаны әзірлеудің негізгі ұстанымдары болып белгіленген.