• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қазан, 2017

«Туристік қамқордың» қамқорлығы қайда?

358 рет
көрсетілді

15 қыркүйекте «Егеменнің» «Парламент» бетінде депутат Меруерт Қазбекованың Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалын жариялаған едік. Қысқаша айтатын болсақ, онда депутат шетелге саяхаттап шыққан азаматтарымызға «Туристік қам­қор» қоры жеткілікті дәрежеде қамқорлық көрсетпей отырғаны туралы жазыл­ған. Туроператорлардан ақшаны жинап алғанымен қор турис­тер келең­сіз жағдайларға тап болса қол ұшын бермейтіндігі онда нақты факті­лер­мен көрсетілген. Осындай жағдайларды айта келіп депутат Үкімет басшысына, өзінің ойынша пайдасы жоқ қорларды жабу керектігін ұсынған еді.   

 

Айта кететін жайт, М.Қазбекова­дан 2 аптадан кейін Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Дания Еспаева да «Туристік қамқор» қорының пай­дасыздығын қосымша фактілермен дәлелдей түскен. «Бүгін түнде «Ақ жол» партиясы фракциясының депу­тат­тарына қайғылы жағдайға тап болған Талдықорған және Алматы қала­ларының жеті қазақстандық туристері хабарласты. 21 қыркүйекте Кемер қаласында орын алған жол көлік оқиға­сынан Түркияның 4 азаматы қаза тапты, ал қазақстандықтар ауыр жарақаттар алып, оларға шұғыл түрде ауыр оталар жасалды. Қазақтың жас жігіттері мен қыздары елге тек жатқан қалпында тасымалдана алады, ал оған қомақты қаражат қажет.

Алайда олардың «Ту­ристік қамқор» қорына, «Эйр Астана» авиакомпаниясына және басқа да органдарға үндеулері нәтижесіз қалды. Қазір зардап шеккендерге жәрдем­десу­мен СІМ-нің Анталиядағы бас консулы Бауыржан Абдрахманов қана айналысып жатыр, бірақ оның мүм­кіндіктері шектеулі. Екі күн бұрын фрак­ция депутаттарымен кездесуі барысында «Туристік қамқор» қорының басшылығы «біздің жалғыз міндетіміз – азаматтарымыз­­ды қайтару», деп сендірді. Неліктен қазір олар әрекетсіз отыр? Біз Үкіметтен бағынышты ұйым­ның әрекетсізді­гі­не араласуды сұрап, азамат­тары­­­мыз­дың қайтып оралуына шұғыл көмек көрсетуді, сонымен бірге оларды қажетті медициналық және ұйым­дастырушылық көмекпен қамтама­сыз етуді талап етеміз» делінген оның сауалында.

Осы сауалдарға Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Н.Алдабергенов қол қойған төмендегідей жауап келді:

«Сіздердің Қазақстан Респуб­лика­сы азаматтарының шығу туризмі са­­ла­сында құқықтарына кепілдік беру жү­­йесінің кейбір мәселелеріне қатысты де­пу­тат­тық сауалдарыңыз мүдделі мем­­ле­кеттік органдардың қосымша пы­сы­қ­тауын және жан-жақты қарауын талап етеді. Осыған байланысты, атал­ған мәсе­­ле бойынша Үкімет тарапынан жауап ке­йін­ірек берілетінін хабарлаймын».

Әрине, Үкімет өзі құрған қорды өзі дереу жауып тастамай, ол үшін жан-жақты зерттеліп, қордың тиім­­сіздігіне шынымен көз жеткенде ғана шешім қабылданатын шығар. Ал оның бүгінгі таңдағы ісінің шалалығы – жеке бас­шыларының өз міндетін дұрыс атқар­мағандығында да болуы мүмкін ғой. Әйтпесе қорды құрғандағы мақ­сат – шетелге туристік сапарға шыға­тын азаматтарымызға қамқорлық жасау ниетінен туғаны анық.

 

 

  Әзірлеген

  Жақсыбай САМРАТ,

 «Егемен Қазақстан»