Жанкүйерлер арасында «Ел классико» деп аталып кеткен «Астана» – «Қайрат» кездесуін тамашалау үшін елордадағы «Астана Арена» стадионына 10 мыңнан аса адам келді.
Өйткені екі клубтың ойыны әрқашан тартысқа және қызыққа толы өтетін. Ал бұл жолғысы тіпті ерекше болатын. Себебі осы турда чемпиондық атақтың тағдыры шешілетін еді. Астанада өткен ойында Станимир Стойлов шәкірттері тең түссе, чемпиондыққа қол жеткізетін-ді. Ал «Қайрат» командасы үшін тек жеңіс қажет болды.
Екі команданың текетіресіндегі алғашқы таймда есеп ашылмады. Екінші таймда қонақтар негізінен қарымта шабуылға иек артып, ойын соңында дегендеріне жетті. 71 минутта бұрыштамадан асырылған допқа Айбол Әбікен бірінші жетіп, есеп ашты. Осылайша 21 жастағы «Қайраттың» қорғаушысы премьер-лигадағы алғашқы голын соқты. 89 минутта Жерар Гоу ойындағы екінші голды соғып, «Қайратқа» жеңіс сыйлады.
Чемпионат аяқталмай жатып қола жүлдеге қол жеткізген «Ордабасының» ұпайы түгел. Ал турнир кестесінде төртінші орын иеленіп, Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алу үшін Қостанайдың «Тобылы» мен Павлодардың «Ертісі» соңғы турға дейін «шайқасады». Қостанайдың командасы ХХХІІ турда «Шахтермен» тең түсті. 10 минутта Жасұлан Молдақараев «Тобылды» алға шығарғанмен, 83 минутта Милан Стоянович пенальтиден есепті теңестіріп кетті. Павлодардың «Ертісі» соңғы тур алдында Көкшетауға қонаққа барып, «Оқжетпес» командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Ойынның бесінші минутында Родриго гол соғып, қонақтарды алға шығарса, 12 минутта Стаменкович есепті еселей түсті. Ал 27 минутта алаң иелерінен Досмағамбетов таблодағы көрсеткішті 1:2-ге дейін қысқартты. «Ертіс» пен «Тобылдың» арасын қазір бір ұпай ажыратып тұр.
Сөйтіп «Ертістен» жеңілген «Оқжетпес» премьер-лигадан шығып қалды. Сондай-ақ «Тараз» командасы да келесі жылы бірінші лигада доп тебетін болады.
Премьер-лиганың 32-турында мынадай нәтижелер тіркелді: «Астана» – «Қайрат» – 0:2, Әбікен, 71 (0:1). Жерар, 89 (0:2). «Ақжайық» – «Қайсар» – 0:0. «Атырау» – «Тараз» – 3:2, Зайнұтдінов, 69 (0:1). Сикимич, 71 (1:1). Хайруллин, 77 (2:1). Зайнұтдінов, 79 (2:2). Аблитаров, 81 (3:2). «Шахтер» – «Тобыл» – 1:1, Молдақараев, 10 (0:1). Стоянович (пенальтиден), 83 (1:1). «Оқжетпес» – «Ертіс» – 1:2, Родриго, 5 (0:1). Стаменкович, 12 (0:2). Досмағамбетов, 27 (1:2). «Ақтөбе» – «Ордабасы» – 2:0, Муарем, 55 (1:0). Шимкович, 76 (2:0).
Чемпионаттағы соңғы 33-тур ойындары 5 қарашада өтеді. Онда «Астана» – «Ақжайық», «Ертіс» – «Шахтер», «Қайрат» – «Ақтөбе», «Ордабасы» – «Оқжетпес», «Тараз» – «Қайсар», «Тобыл» – «Атырау» кездеседі.
Сұрмергендер: 1. Жерар Гоу («Қайрат») – 23; 2. Жуниор Кабананга («Астана») – 17; 3. Патрик Твумаси («Астана») – 13.