Алматыда қоғамдық көліктің қызметін тұтынатын жолаушылардың әр күнгі үлесі миллионнан асып жығалады екен. Демек, мегаполистің тұрғындары мен қонақтарының тұрмыс-тіршілігінде қалаішілік автобустар маңызды орын алады.
Бұл қаладағы қоғамдық көлік қызметі мен жолаушылар тасымалдау бағытындағы жұмыстардың жауапкершілігін де арттыратыны анық. Әсілі, жолаушылар тасымалы туралы әңгіме бола қалғанда әуелгі сөзді жолақы құнынан бастайтынымыз бар. Осыдан 2-3 ай бұрын Алматыдағы қолма-қол ақша төлеу жүйесіндегі баға көтеріліп, жол пұлы 150 теңгеге қымбаттаған болатын. Ал қолданыстағы «Оңай» төлем жүйесі үшін автобустағы тасымал бағасы 80 теңге көлемінде сақталып отыр. Бастапқыда жолаушылардан да, автобус жүргізушілері тарапынан да сынға ұшыраған қолма – қол төлем жүйесіндегі құнның қымбаттауына елдің еті үйренді ме, әлде тәртіпке мойынсұнды ма, қазір қалыпты жұмыс жасауда.Тасымалдаушы компания өкілдерінің бағалауынша, жаңа жүйе электронды төлем жасау үлесін арттырып, айналымдағы қаржы ағынын бір ізге түсіруге мүмкіндік берген. Жолаушылар «Оңай» картасына жаппай көшіп, бұрынғыдай кондукторлар мен көлік жүргізушілерге төленетін қолма-қол ақша мөлшері азайған. Айтпақшы, осы қолма-қол төлемнен түсетін қомақты қаржы ешқашан компания шотына толықтай құйылмайтыны жасырын емес еді. Көп жағдайда жүргізуші мен кондуктор күндік табыс нормасынан артылған ақшаны бөліске салатын. Кейде бұл қаржы жүздеген мың теңгені құрайтын-ды. Қолма-қол төлем бағасының қымбаттауынан кейін жолаушылардың электронды төлем жасауға жаппай көшуі кейбір автобус жүргізушілерін майлы шелпектен айырғаны анық. Дәл осы тұста бірнеше бағыттағы тасымалдаушылардың жұмысқа шықпай қойып, наразылық танытуы орын алғаны есімізде.
- Қазір жүргізушілер бұл әдеттен арылды. «Оңай» төлем картасын жетілдіру арқылы қаладағы жолаушылар мәдениеті қалыптасып келеді. Бастысы бұл қала бюджетіне түсетін табысты молайту үшін жасалған оң шешім болды. Енді тасымалдаушы компанияларға деген талап пен жауапкершілік артып отыр, - дейді «Green bus company» ЖШС басшысы Бауыржан Күлішев.
Атқарушы билік тарапынан да, жолаушылар жағынан да тасымалдаушы компанияларға қойылатын талаптың бастысы: автобустардың уақтылы қызмет көрсетуі мен көліктің сапасы. Қала басшылығы бұл бағытта ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыс жасап жатыр. Әуелі қалаішілік бағытта қатынайтын автобустарды жиі жаңартып, ауыстырап отыруды мақсат тұтуда. Жақында ғана «Евро-5» стандартындағы 50 жаңа автобус жолға шықты. Бұл жаңа көліктер жолаушылар көп қатынайтын бағыттарды ескірген автобустарды алмастырды.
- «Алматыэлектротранс» ЖШС биылғы жылдың соңына дейін 297 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір «ЛИАЗ» маркалы 20 автобус жеткізілді, Мәскеуден тағы 20 автобус келе жатыр. Барлық автобустар кондиционерлермен жабдықталған, қыста жылы, жазда салқын, жолаушыларға қолайлы болмақ. Сондай-ақ, бұған дейін автобустардың түсі әртүрлі болып, алабажақ қалыпта болса, енді олар қаланың бренбукі бойынша бір стильде боялып, әрленетін болады, - дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
Жолаушыларға жағдай жасау дегеннен шығады, Алматыдағы қоғамдық көлік қатынасын реттеу жұмыстарының сапасы мен оң нәтижесі еліміз бойынша алдыңғы қатарда тұр. Автобустардың жүру жиілігі, жолдағы қауіпсіздік, көліктердегі санитарлық талаптар мен экологиялық залалсыздандыру бағытындағы жұмыстар нәтижелі. Қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақты жолдардың көбеюі де қалаішілік автобустардың кептелістерде тұруын азайтып, жеке адамдардың автобусқа оралуына ықпал жасауда екен.
Айтпақшы, жақында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қоғамдық көлікке мінгені жайлы ақпарат тараған еді ғой, бұл кезекті пиар ма, әлде қаладағы жолаушылар тасымалының жағдайын шынайы бағалауға деген нақты қадам ба, нәтижесін уақыт көрсететін шығар. Біз де тасымалдаушы компания өкілдеріне: «Аяқ астынан Бауыржан Байбек автобусқа міне қалса, ұятқа қалмайсыздар ма?» деп әзілдедік. Жауап нанымды. Қала әкімінің қоғамдық көлікпен жүруінен аса бір сенцасия іздеуге деген талпыныс байқалмайды. Бастысы, Бауыржан Байбек қаладағы онға жуық автобус парктеріне жиі бас сұғады екен. Жүргізушілер мен көліктердің жағдайын көзбен көріп, тиісті нұсқау беріп тұрады. Жақында ғана сатып алынған 50 автобустың қала жолдарына шығуы өзі бас болып, сәтті сапар тіледі.
Жалпы, алып мегаполистегі адам тасымалдаумен айналысу аса ыждақаттылықты талап етеді. Арлы-берлі ағылған тағдырларды тоғыстырып, мыңдаған жанның өмірі мен қауіпсіздігіне кепіл болу оңай деп кім айтты? Шүкір деп айтайық, соңғы жылдары автобус апаттарының саны азайған. Көлік тізгініне кездейсоқ адамдардың отыруына жол берілмейді. Иә, таң рауандап атқаннан түн қараңғысына дейін үздіксіз жол үстінде жүру қиынның қиыны. Мықты денсаулық, сау сана, темірдей жүйке керек ететін жұмыс. Кез-келген адамның бұл жұмысқа көндігіп істеуі кәдік. Жұмыс беруші тарапынан тұрақты, қомақты жалақы, әлеуметтік пакеттер тиімділігі болғанымен де автобус жүргізушілігі үшін үнемі ваканция ашық тұрады екен. Алайда, мың-сан мәселеге қарамастан қаладағы жолаушы тасымалдау ісі алға қадам жасай бермек.
Алматы автобустары туралы сөз қозғаған да алдымен жолақы құнын емес, бұл істегі ненің «Оңай», ненің қиын екенін аздап болса да ескеріп жүруіміз керек сияқты...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы