2017 жылдың 30 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен баспасөз маслихаты өтті. Шараның басты тақырыбы «QAZAQSTAN»телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтағы телеарналардағы ребрендинг.
Ребрендингтің басты мақсаты – корпорацияның барлық құрылымдарын заманауи үлгіде дамытып, мазмұнды, сапалы жобаларды арттыру. Сондай-ақ, «QAZAQSTAN» корпорациясының құрамындағы арналардың атаулары өзгеріп, логотиптердің түстері анықталды.
Басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша: «Барлық арналардың логотиптеріне өзгеріс енгізіп, әр өңірдің өзіне ғана тән табиғи-географиялық атауларын қолдануды жөн көрдік. Мысалы, бұрын «Қазақстан – Павлодар», «Қазақстан - Қарағанды», «Қазақстан – Қызылорда» және т.б болып аталса, енді «ERTIS», «SARYARQA», «QYZYLORDA» болып өзгерді. Жаңа маусым аясында аймақтық телеарналарда бірқатар жаңа бағдарламалар шыға бастады. Студиялардың дизайны жаңарып, әр түрлі жобалардың саны артты. Жалпы, бұл бастама аймақтардағы телеарналарға жаңа леп, жаңа серпіліс қана беріп қоймай, қазақ телевизиясының заманауи үрдістерге бейімделіп, әрі қарай дамуына жол ашады».
Жаңа маусым аясында барлық аймақтағы телеарналарды әр түрлі бағыттағы жалпы саны 96 бағдарлама шығып үлгерді. Сол бағдарламалардың қатарында: білім саласындағы инновациялар мен республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жетістікке жеткен жастар жайлы «Ертіс өңірінің ереңдері», қазақтың ұлттық қолөнеріне арналған «Талғам мен таным», ауыл мен қаланың тыныс-тіршілігін салыстыра отырып, ұмыт болып бара жатқан: мал сою, жіліктеу, табақ тарту, қымыз пісіру сияқты қазақы тұрмысты насихаттайтын «Бүк-шік» және басқа да көптеген қызықты жобалар бар.
Айта кетейік, осы жылдың 28 тамызында, корпорацияның жаңа телевизиялық маусымы аясында «QAZAQSTAN», «BALAPAN», «QAZSPORT» телеарналары еліміздің мемлекеттік туы түстес ортақ логотиппен бекітіліп, жаңа форматта шыққан болатын. Ұлттық арнада 10-нан астам жаңа жоба көрерменге жол тартты. Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы баяндайтын - «Киелі Қазақстан», еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін - «Ұлы дала ұлағаты» деректі фильмдері, халықаралық музыкалық - «Мен қазақпын», «Silk way star» мегажобалары, табиғаттың тылсым күші мен құдіретін бейнелейтін - «24 сағат табиғат құшағында», кәсіпкерлікті насихаттайтын - «Үміткер», сондай-ақ, қоғамдық-саяси, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, заманның сұранысына сай келетін реалити - шоу жанрындағы бағдарламалар жарық көрді.