Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар Отанға» инновациялық идеялардың республикалық фестивалі өтті.
Салтанатты іс-шараның басты мақсаты – Елбасының бастамаларын, нақтырақ айтқанда «Цифрлық Қазақстан-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мен дамытуға үлес қосу, сондай-ақ, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру.
Алқалы басқосуға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Болашақ» Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы Бақтияр Мәкен, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Ресейдегі «Синергия» бизнес-мектебінің Қазақстандағы бөлімінің директоры Бауыржан Қасымбергебаев және өзге де тұлғалар қатысты.
Фестивальдің ашылуында сөз алған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жастарға әсіресе кәсіпкерлер тарапы көбірек қолдау көрсету керектігін ұсынды.
– Мемлекет басшысы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», деп ерекше айтып өткен. Осы жоба арқылы біз шығармашыл жастарға қолдау көрсетіп, олардың инновациялық әлеуетін дамыту үшін алаң құрғымыз келеді. Бүгін мен бизнес-қауымдастықты жастар кәсіпкерлігін қолдауға шақырамын, – деді министр Нұрлан Ермекбаев.
Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен инновациялық идеялары бар талантты 500 жас қатысты. Ал баяндамашылар «IT технологиялар», «Медицина», «Қалдықтарды пайдаға жарату», «Ауыл шаруашылығы», «Энергетика», «Қызмет көрсету саласы», «Ақылды технологиялар», «Инновациялар» секілді сегіз бағытта өз ойларын, идеяларын білдірді.
Іс-шараға еліміздің үздік бизнесмендері, түрлі саладағы мамандар шақырылды. Олар өздерінің тәжірибелерімен, білімдерімен бөлісті. Сонымен қатар түрлі бизнес-ойындар ұйымдастырылды.
Қатысушылар тарапынан 100-ден астам инновациялық идея келіп түсті. Олардың 27-і ғана финалдық кезеңге жетті.
Қарағандылық Вячеслав Литвинов «Caste Exoskeleton. Реабилитациялық техника» жобасымен фестивальдің жеңімпазы атанды. Ол Мәскеу қаласында Плеханов атындағы Инкубаторда тегін оқу сертификатына иеленді.
Алматы қаласынан келген Айбек Рахым, Ерсұлтан Налихан, Елнұр Жексенов «Tazalyk» жобасын ұсынып екінші орын алды. Ал Астана қаласынан Дамир Тағамбаев «Экокорм» жобасы арқылы үздік үштікті қорытындылады.
Сондай-ақ фестивальдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Synergy Global Forum Almaty 2017» халықаралық форумына қатысуға шақырылады.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»