• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қазан, 2017

Латын әліпбиі келешек үшін керек

974 рет
көрсетілді

Халқымыз өз өміріндегі тағы бір аса маңызды, айтулы тарихи күндерді бастан кешіруде. Оның ішінде, әсіресе, қазақ тілді қауымның, тіл жанашырларының, ана тілінің тағдыры үшін әлім­сақ­тан алаңдаушылардың, қазақ мектептері мұғалімдерінің, тілші ғалымдардың, ақын-жазушы қа­ламгерлер жамағатының тебі­реніс-толғанысы алабөтен. 

Жұрт­шылық тойдың болғанынан гөрі боладысын көбірек қызықтап, пікірталас қызуына елігіп жат­қан­да ежелгі шешімталдықпен Ел­басымыз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы мәртебелі пәр­менін беріп те тас­тады. Әлбетте, бұл – тарихи күн, тарихи жарлық. Сөй­тіп, бұдан бір ғасыр бұрын Ахаң – Ахмет Байтұрсынов әліп­теген, одан кейін нешеме дүркін өзгерісті бастан кешкен қиын тағдырлы қазақ әліпбиінің жаңа дәуірі бас­талды, жаңа тынысы ашылды деуіміз керек.

Иә, ел Президентінің арнаулы Жарлығында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Үкіметке жаңа графикаға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетіндігі атап көрсетілді. Мұның сыртында, алға тартылған осынау үлкен мақсат, ұлы міндетті жүзеге асырудың күрделі қиындықтары ескеріле отырып, сол жүйелі де жоспарлы жұмыс барысында бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, сон­дай-ақ қажетті өзге де шара­лар қабылдау керектігі қадап айтылды.

Осыдан-ақ ана тіліміздің да­муындағы осы бір толғақты мә­селеге мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп отырғандығы байқалғандай. Шын мәнінде де, мәселенің шешімін енді берекесіз әңгіме, әрі тарт, бері тартқа салып соза беруге де, бұдан әрі кешіктіруге де болмайтын еді. Олай болса, нағыз «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп қалудың ауылы да алыс емес еді. Латынға көшудің жайы 25 жыл, ширек ғасыр бойы армансыз талқыланды деуге толық негізіміз бар. Сол талқылаулар, бас қосқан ақылдасулар келген түйінді бір тұжырым, басы ашық әңгіме – латын әліпбиіне көшудің ұлт мүддесіне қызмет ететіндігі, қазақ үшін ана тіліміздің келешегі үшін керектігі.

Осы ұлт тағдырының ұлаға­ты­мен ұштасқан келелі мәселе тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1992 жылы-ақ бірден алға тартылған-ды. Мұның өзі қазақ зиялыларының, әсіресе, академик Әбдуәли Қайдаров бастаған тілші ғалымдардың кезіндегі де, қазіргі де азаматтық белсенділігін танытса керек. Бірақ сол кезде Елбасы қабырғасымен кеңесе келе, саяси, әлеуметтік һәм экономикалық әлеуеттерімізді салмақтап саралай келе, өткелде ат ауыстырмағанды жөн  санапты. Несі бар, жауапкершілігі жетіп артылатын тағдыршешті мұратқа бірден қолп ете қалмай, кеңінен толғап, кемел ойлаған осынау сарабдалдықтың жемісін бүгін көріп отырмыз. Себебі әріп қана ауысып қоймайды, ел тағдыры шешілмек. Бұл орайда асығуға да, кешігуге де болмайтынын  латынға көшудің көшелі көшін рухани жаңғыруымызбен сәтті сабақтастырып ұштастыра білген Елбасы үлгісінен ұғынғанымыз да абзал.

Күні кеше Алматыдағы «Ғы­лым ордасында» халықаралық Түр­кі академиясының ұйымдас­ты­руымен іле-шала болып өткен алқалы жиында Елбасы Жарлы­ғын академиктер де қолдады. Иә, академиктер. Қазақ ғылымының абыздары. Ана тіліміз үшін отқа да, суға да түсіп шырылдаған қар­лы­ғаштар. «Егер тілім болса ертең құрымақ, Мен дайын­мын өлуге де бүгін-ақ» деп Ра­сул Ғамзатовша толғап жүрген ұлтжанды толағайларымыз. Тоқсанның төріндегі Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, одан кейінгі Өмірзақ Айтбаев, Телқожа Жанұзақов һәм басқалары. Азаттық таңы ат­қан кездегі алғашқы аңсарлы идея да осы абзалдардан шыққан. «Академиктер қолдады» деген сөздің астарында көп мән-мағына жатыр. Бұлар нағыз халықтық академиктер. Олар халықтың тілегін айтады, халықтың ой-ниетін білдіреді.

Сонымен, Жарлық қабыл­данды, ғылыми жұртшылықтан қолдау тапты. Күнделікті қиын да күрделі жұмыс енді басталмақ. Кедергілер, қиындықтар аз емес. Әрбір жаңа істің қарсылыққа да жолығары хақ. Біздің ойымызша, «Көш жүре түзеледі» деген атам қазақтың жайбарақаттыққа шақырар мәтелін енді қайталап айта беру лайықсыз. Жұмыс тобы әліпбидің негізгі нұсқасына айтылып жатқан сын пікірлерге, орынды ұсыныстарға, ордалы ойларға  әлі де болса құлақ түріп, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп-пішетін сын сағаты енді соқты.

Ойдан ой туады. Елдің мем­ле­кеттік тілін латын әліпбиіне көшіру ісін мерейлі мәресіне жеткізу осы елдің өзіне абыройлы міндет әрі үлкен сын. Сол сын­нан мүдірмей өту үшін ешбір түйт­кілді назардан тыс қалдыруға, қаперге алмауға болмайды. Ла­тын мектептерде үйретіле бас­тайды, латынша әліппені кіш­кен­тай бүлдіршіндеріміз алғаш меңгермек. Осы орайда мұға­лім­дердің, әсіресе, ата-аналардың пси­хо­логиялық тұрғыдан осыған әзір болуын осы бастан ескерген жөн сияқты дейді біздің бір ойымыз.

Сын сағаты соқты. Сол сыннан абыроймен өтіп, елдігімізді көрсетейік, ағайын. Өйткені бұл келешек үшін керек!  

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»