Таяуда Қарағанды қаласында академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де «Ұлы қазақ ойшылы Қаз дауысты Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы – қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды фактор» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға бір күн бұрын келген ұлт зиялылары Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұрған бидің шапанын тамашалады.
Аталмыш жиынға келген мәртебелі меймандармен беделі артық байыпты басқосу болды. Келелі кеңесте көптеген толғақты мәселелер орынды ортаға салынып, өзегін таппай жүрген өткір сұрақтарға біршама жауап табылды. Айталық, өскелең ұрпақты ғұлама ойшыл секілді әдемі және сауатты сөйлеу, әңгімелесуші адамын иландыруға үйрету ұсынысы да осы жиында сөз болды. Шара жоғарыда атап өткеніміздей, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де өтіп, атақты бидің 350 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Қарағандыда өткен іс-шаралар циклін аяқтады.
Конференцияға қазақстандық ЖОО, сондай-ақ Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы тарих институтының ғалымдары қатысты. Сөз сөйлегендер қатарында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев болды. Ол аталмыш шараның маңыздылығын атап өтіп, Қарағанды аймағының басшысына қазақ даласының ғұлама шешені және философы, саясаткері, дипломатының мерейтойын осындай кең ауқымда атап өткізгені үшін алғысын білдірді.
Конференцияны Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ашты.
– Ұйымдастырушылар атынан мен осы шараға қатысқан қонақтар, баяндама жасайтын ғалымдарға рахмет айтамын. Шетелдік қатысушыларға ерекше алғыс білдіреміз, – деп бастады ол өзінің сөзін. – Бүгінгі пікір алмасулар алдағы уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстарына септігін тигізеді деп сенемін. Осы жыл барлық қазақстандықтар үшін ерекше болды, біз қоғамдық сананы жаңғыртудағы оң жолға түстік. Және де бұл жолды тарихи түп тамырымызды саралау арқылы өтіп келеміз. Мен сіздерге Елбасының сөздерін айтқым келеді – жаңа типтегі жаңғыртудың бірінші шарты – өз мәдениетімізді, ұлттық кодымызды сақтап қалу болып табылады.
– Қазыбек би «Адам үшін не қымбат?» деп жазған еді. Бидің өзі үшін ол отбасы, жақындары, Отаны болатын. Меніңше, бұл құндылықтар әрқайсымызға жақын әрі түсінікті және де оларды заманның өзгергеніне қарамастан дәріптеу керек, – деді философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Ғарифолла Есім.
Мұндай ұстаныммен конференцияның басқа да қатысушылары келісті. Олардың кейбірі Қазыбек бидің шешендік өнерін қазіргі заманғы білім жүйесінде қайта жандандыруды ұсынды.
– Қазір жастардың көбі тілге шорқақ, кейде тіпті бір-бірімен сөйлеспейді деуге болады, – деді жазушы және публицист Алдан Смайыл. – Мен Қазыбек бидің шешендік өнерін бірнеше бөлімдерге бөліп жастарға оқытуды ұсынамын. Олар ғұлама шешеннің туындыларын оқып, оның шығармашылығымен танысулары қажет. Меніңше ол жастардың тіл байлығын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Қазір біздің жас ұрпақта бетпе-бет сөйлесу, әңгімелесу деген өте сирек кезедеседі.
Тағы бір спикер білім жүйесінде Қазыбек би тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Мырзатай Жолдасбеков болса, билер мектебін құру идеясын бұрыннан бері ойластырып келгенін айтты.
– Қазір жастардың барлығы гаджеттермен ұзақ уақыт өткізеді, көз жанарын құртады, араласу, қарым-қатынас құру машықтарын жоғалтуда, – деді ол. – Мен бұрыннан бері Астана қаласында билер мектебін құруды ұсынғым келген. Ол қазақтың үш ұлы билеріне – Әйтеке би, Төле би және Қазыбек биге арналатын болады. Ол мектептерде жастар шешендердің қызметімен танысып, дипломатия, тарих, шешендік өнерден ақпарат алып, дәстүрлі құндылықтармен танысар еді.
Сонымен қатар профессор тура сондай, бірақ Абай Құнанбайұлына арналған мектептер ашуды ұсынды. Онда балалар қазақ әдебиетін, тарихын тереңдетіп оқып, ғұлама жазушының шығармаларын жан-жақты оқиды.
Барлық спикерлер осындай конференцияның маңыздылығы туралы тоқталды. Осы секілді шаралардың арқасында ғылым, мәдениет және білім саласында жаңа идеялар пайда болады, жастарда классикалық әдебиетке, атақты қайраткерлердің өміріне деген қызығушылық танытады.
Сонымен қатар аймақ басшысы өз сөзінде ғалымдарды өз туған ауылдарын, туып-өскен жерлерін ұмытпауды және де шамалары келгенше «Туған жер» бағдарламасы аясында көмектерін көрсетуге шақырды.
Жиынды қорытындылаған ҚарМУ ректоры Еркін Көбеев те Қаз дауысты Қазыбек бидей бәтуалы баба жолының заң саласындағы сара соқпағының мәні мен маңызына тоқталды.
– Бидің талассыз беделі мен саяси маңыздылығы қазақ қоғамының құқықтық идеологиясының іргелі қағидасын қамтыды. Билерге тиесілі сот билігі көшпенділер үшін негізгі мәнге ие. Ол басқару жүйесінде кеңінен таралған, құрметке лайық, халыққа жақын және түсінікті биліктің жетекші нысаны болды. Хан билігімен салыстырғанда билерге тиесілі сот билігі едәуір дамыған және жетілдірілген, сонымен қатар халық тарихының тереңінде жатқан түпкілікті билік болып саналды. Дала халқының түсінігінде ол мемлекеттіліктің нышаны ретінде танылды, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың ыңғайлы, тиімді, шапшаң, тіпті әмбебап құралы болып табылды, – деді ректор.
Конференцияның негізгі идеясы жас ұрпаққа ата-бабалардың даналығын, олардың дарыны мен тәжірибелерін көрсетіп, қазіргі заманда сол құндылықтарға сүйенуге болатыны туралы айтылды.
Конференциядан соң С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Қаз дауысты Қазыбек би» атты спектакль өтті.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы