• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қараша, 2017

Бейбітшілік жолындағы қадамдар жалғасын табады

414 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын хабарлағаны­мыздай, елордада «Астана процесінің» жетінші раунды болып, оның екінші күнгі соңғы отырысы кеше сағат 22:00 шамасында аяқталды.

Еске сала кететін болсақ, онда кепілгер мемлекеттер Түркия мен Иран делегациясын Сыртқы істер министр­лерінің орынбасарлары Седат Онал мен Хусейн Джабери Ансари, ал Ре­сей Федерациясының делегациясын Ре­сей Президентінің Сирия жөніндегі ар­найы өкілі Александр Лаврентьев бастады. Сирия үкіметінің делегациясын осы елдің БҰҰ-дағы өкілі Джафари Башар, ал қарулы оппозициялық топтардың делегациясына Ақылдас­тар кеңесі қозғалысының өкілі Ахмад Берри басшылық етті. Бұлардан басқа келіссөз үстеліне байқаушы ретінде АҚШ пен Иордания және БҰҰ өкілдері қатысты.

Делегация мүшелерінің соңғы отырысқа шыққанда қат­ты шаршағандары көрініп тұр­ды, осыдан-ақ келіссөздердің өте ауыр болғанын сезуге болады. Ке­п­іл­гер мемлекеттер Иран, Ресей және Түркия делегацияларының бір­лескен мәлімдемесін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып, жария етті. Онда алдымен Ислам Иран Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы Сирия Араб Республикасындағы қарулы қақтығыстарды тоқтату режімін сақтайтын кепілгер мемлекеттер ретінде бірлескен мәлімдеме қабылдағаны айтылды.

Сирия Араб Республи­касын­да Астанадағы 2017 жыл­дың 4 мамырында келісіл­ген Меморандум бойынша деэскалация зонасын құру жөнін­дегі шарттың іске асқанын қанағатпен атап өтеді, делінген Мәлімдемеде. Сонымен қатар Сирия Араб Республикасының егемендігінің, аумақтық тұтастығы мен бірлігінің сақ­талуын қолдайтынын кепіл­гер тараптар растайды. Одан әрі Мәлімдемеде: Соғыс қимыл­дарына қарсы әрекеттерді қолдап, қақтығыстарды тоқ­тату режімін нығайтқанның арқ­а­сында (соның ішінде деэс­кала­ция зонасын құру мен қауіп­сіздік жолақтарын құру да бар) бүгінгі таңда Сириядағы зор­лық пен қантөгістер дең­гейінің төмендеуін атай отырып:

Біріншіден, ИГИЛ, «Джабх­ат әл-Нусра» және басқа да топтардың, кәсіп­орын­дар мен ұйымдардың тер­­ро­ристік әрекеттеріне қар­­­сы күрестердің прогрес­ке аяқ басқанын атап өтеді. Деэс­калация зоналарының іске асырылуының нәтижесінде осы аталған топтар мен ұйым­­дарға қарсы әрекеттер зона­ның ішінде де, сыртында да жалға­сын табатын болады;

Екіншіден, Сириядағы кикіл­жіңдер әскери жолмен шешіл­мей тек қана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2254 қарарына сәйкес сая­си процестердің барысын­­да реттелуі керектігін атап өте­ді. Қақтығысқа қатысушы жақ­­­тарды «жердегі» қолай­лы жағ­дайларды пайдаланып, Же­невадағы саяси проце­с­тер­ді ілгерілетуде белсенділік көр­сетуге шақырады;

Үшіншіден, БҰҰ-ның ба­қылауымен Женева процесінің шеңберінде Ұлттық үнқатысу конгресін құру жөніндегі Ресей Федерациясының ұсы­нысын талқылауға келіседі; (Бұл туралы Ресей тарабы бар­лық кепілгер елдерді құлақ­тандырған);

Төртіншіден, кикіл­жің­ге қатысушы тараптар бір-біріне деген сенімді ны­ғайту қажет­тігін атап өтеді. Соның ішінде ұсталғандар мен кепіл­ге алын­ғандарды қайтару, өл­ген­дер­дің мәйітін беру және хабар­сыз жоғалғандарды табу жұ­­мыстары саяси процестер мен атыс­­ты тоқтатуға жақсы жағ­дай қалыптастырады;

Бесіншіден, Сирияға ха­лық­аралық қайырымдылық көмектердің одан әрі жеткізілу қажеттілігін атайды, олар­дың мұқтаж жандарға ешқан­­дай кедергісіз, жылдам баруы­ның қамтамасыз етілуін атап өте­ді және осыған байланысты Мемо­рандумның талаптарын еске салады;

Алтыншыдан, Астана про­­­цесінің шеңберінде 2017 жыл­дың 4 мамырында қабыл­дан­ған Меморандумның шарттарын орындау жұ­мыс­тарын одан әрі жалғастыру ниеті бар екендерін растайды;

Жетіншіден, жоғары мәртебелі Қазақстан Рес­пуб­­­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан билігіне Аста­на­да 7-ші халықаралық кез­десу­­ді жоғары деңгейде ұйым­дас­тырғаны үшін алғыстарын білдіреді;

Сегізіншіден, Сирия бо­йынша келесі жоғары деңгей­дегі кездесуді Астана қала­сында 2017 жылдың желтоқсан айы­ның екінші жартысында өт­кізуге шешім қабылдады.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осы Бірлескен мәлімдемені жария еткен соң Қазақстанның Си­риядағы кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге бұдан әрі де қолұшын беретінін атап өтті. Қазақстан барлық елдермен де жақсы қарым-қатынас жасау­ға дайын, деп министр өзінің сөзін қорытты.

Осыдан кейін Сирия Араб Республикасының, Сириядағы қарулы оппозициялық күштер­дің және Ресей Федера­ция­сының өкілдері журналистермен баспасөз мәслихатын өт­кізіп, олардың көптеген сұрақ­тарына жауап берді.