Төткүл дүниенің төрт бұрышын түгел түгендеп, адамзат ақыл-ойы жеткен демократия тәжірибелеріне тәнті болып біттік. Бүгінде жеті жұрттың тілін меңгеріп, білім мен ғылым теңізінде балықтай жүзген «таза қазақтар» да, ғайыптан келген байлықтан бастары айналып, оффшорлардағы шоттарының есебінен жаңылып жүрген «жаңа қазақтар» да базбір елдің озық демократиясын тілге тиек етіп сөйлемесе, әңгімесінің тұздығын келістіре алмайтын күйге көшті.
Ақиқатын айтсам, дәл бүгін маған бабалардан мирас қалған дала демократиясынан артық «қара қылды қақ жарған» әділдік жоқ сияқты болады да тұрады. Әйтпесе, жер қайысқан жоңғарды жаусатып, құмырсқадай қаптаған қытайды қалтыратып, ормандай қалың орысқа қылыш көтерген қаһарлы Абылайға астында жалғыз аты бар, тоқсан үште жасы бар қарт жырау: «Абылай-ау, Абылай, Момынға келіп бек болдың, Атаңды білмес құл едің, Атаңның тегін сұрасаң, Арқар ұранды жат едің, Қай жеріңде төре едің?» деп қаймықпай қарсы келіп, шындықты бетке айта алар ма еді?
«Өкпеңменен қабынба, Өтіңменен жарылма, Орыспенен соғысып, Басына мұнша көтерген, Жұртыңа жаулық сағынба», – деп ұлан-ғайыр даланың билігін бір уысына сыйғызған өр Абылайды райынан қайтара алар ма еді?!.
Қандай заман болса да «қара қылды қақ жарған» ақиқаттан айнымаған Ақтамберділер мен Үмбетейлердің ұлағатын демократия шыңы емес деп кім айтты?! Халқының қамын ойламаған хан Жәңгірді «Хан емессің ылаңсың, қара шұбар жылансың» деп жерге қаратқан Махамбет ерлігінің күні өтті ме?! Даланың шынжыр балақ, шұбар төс би-шонжарлары Құнанбай мен Алшынбайдың жемқорлығын «Кем-кетік жиналыпты таз бен соқыр, Әрқайсысы өз құлқынын көздеп отыр...», деп беттеріне басып, бір ауыз өлеңмен тұралатып кеткен Шөже ақынның шындықты шыңғыртып айтар алғырлығы бүгінге де ауадай қажет-ау!
Алайда, дәл бүгін көңіл күпті, күдік көп. Айналамызда болып жатқан келеңсіздіктерді көрсек те көрмегендей болып, көз жұмып, ащы шындықты білсек те білмегендей болып, ауыз ашпай отырған сыңайымыз бар. Қандастарымыздың біразы болжаусыз заманның бұлыңғыр болмысына бой алдырып, еңбектен де, үлестен де құр қалып, сенделген сеңдей салғырттық синдромына ұрынды. Ал енді бір бөлігі «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей, қалталылардың қабағын бағып, жаппай жағымпаздыққа бой алдырды.
«Жағымпаздық» атты жұқпалы кеселдің қоғамымызды жаппай жайлағаны соншалық, ұлт мүддесін ұлықтайды-ау деген зиялылар да, ертеңгі өркениетіміздің үкілеген үмітіндей жастарымыз да билік басындағылар мен қалталыларды мадақтаудың жарысына түсті. Жалғандық пен жантықтық мансап қуғандардың құралы болып алды. Ақиқатында әліптің артын баққан жалтақтық пен билік басындағыларға бас шұлғи- тын жағымпаздық қоғамымыздың болашағына қауіп төндірген қатерге айналды.
Ал асқақ арманымыз – тәуелсіздік теңізінде тәй-тәй басқан мына ортақ шаңырағымызда айтылмай жатқан ащы шындық аз емес. Ең алдымен билік басындағылардың халық алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілігінің жібі босаңсып, тазалықтарына көлеңке түсті. Ендеше ашына айтар ақиқат біреу – ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де ұшпаққа шыға алмайды. Ендігі таңда егемен еліміздің ен байлығын иеленген билік салаларын басқаратын жоғары лауазымды қандастарымыздың барлығына қойылатын бірінші талап – туған халқы мен туған жеріне адалдық болуға тиіс. Тек енді аумалы-төкпелі мына заманда ен байлыққа ие болып, мемлекеттік мүліктен мол үлес алған қандастарымыз «Рухани жаңғыру» аясында туған жерге ту тігіп, елінің ертеңін, халқының мүддесін, ұлтының болашағын ойлайтын патриоттыққа бет бұруы ел үшін ауадай қажет. Қазіргі миллиондарды сапырып жүрген қалталы қазақтар көктен түскен жоқ.
Бүгінгі корпорациялар мен акционерлік қоғамдардың қожаларын да, ірі банкирлерді де айналасы жиырма жылдың ішінде қоярда қоймай қолдан жасадық. Сондықтан олар мына шыдамы шексіз халқының алдындағы, талқысы қатал тарих алдындағы жауапкершіліктерін жете сезіне білуі парыз. Қолдарына шоғырланған мол қаржыны еліміздің тұралаған экономикасын көтеріп, өндірісін ұлғайтуға, халықтың жұтаған рухани, мәдени игіліктерін жандандырып, қоғамның қазіргі тығырыққа тірелген әлеуметтік жағдайын шұғыл сауықтыруға жұмсауы керек.
Қазаққа ащы шындықты қазақтан басқа ешкім айтпайды. Ендеше барымызды бар, жоғымызды жоқ деп айтар кез келді. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» атты бабалар ұлағат еткен ұлы үрдісті, «дұшпан күлдіріп, дос жылатып айтар» атты қағидаға негізделген дала демократиясын жоғалтып алмайық...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»