• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2017

X, Y және Z немесе ұрпақтар сабақтастығы

5499 рет
көрсетілді

Дүние жүзінің кейбір елдерінде онлайн білім алу жақсы жолға қойылып, жеткілікті деңгейде дамып жатса, басқа елдерде бастауы да жасалмаған. Бірақ қай елді ал­саңыз да үлкендерге қарағанда, жас­тар өзгеріске бейім, жаңаны тез қабылдауға дайын болатынын кө­ріп жүрміз. 

Оған қоса «әкелер мен балалар» мә­селесі де, екі ұрпақ арасындағы түсін­беу­шілік те айналып келіп адамзаттың алдынан шыға береді. Онлайн білімнің адамдар арасында тез таралмауының бірнеше себебі бар: интернетке қосылу мүмкін­дігінің және қазіргі заманға сай тех­ни­калық құралдардың болмауы, ақшаның тапшылығы, интернет жыл­дамдығының төмен болуы, тағы сол сияқты көптеген мәселелер, оған қоса маңызды себеп ретінде адам бойындағы құндылықтардың өмір талабына сәйкес келмеуін де атап өтуге болады.

Яғни белгілі бір тәртіппен өмір сүріп, ақпарат пен білімді алу жолдары мен тәсілдерін бойына сіңір­ген адамдар оңайлықпен жаңаны қабылдай бермейді. Қаласа да оған тез бейімделу, өз бойында жаңа әдетті қалыптастыру оңай емес. Осыдан келіп бизнес немесе басқа да салаларды дамыту барысында адам әлеуетін, оның шама-шарқын білу, зерттеу, орынды қолдану маңызы алға шыққан.

Қазіргі таңда бизнес құрылымдарда кеңінен қолданылып жүрген «ұрпақтар теориясының» негізін қалаған Уильям Штраус пен Нейл Хоув ұрпақтардың ерекшелігі мен айырмашылығын зерттеп қана қоймай, түрлі ұрпақтар ұстанатын құндылықтардың өзгеше болатыны және оларды тудыратын себептерге, атап айтқанда, саяси-әлеуметтік жағдайларға, қоғамның техникалық даму деңгейіне және сол заманның маңызды оқиғаларына тоқталады. Олардың 1991 жылы «Ұрпақтар» («Generations») атты кітабы жарық көрген.

Бұл кітапта АҚШ тарихы 1584 жылдан бастап түрлі ұрпақтар өмірбаяны ретінде сипатталады. Ал 1997 жылы шыққан «Төртінші өзгеріс» («The Fourth Turning») кітабында аттары аталған ав­торлар ұрпақтар теориясын жал­ғас­­тырып, АҚШ тарихындағы қай­та­ланатын мінез-құлық моделдері туралы жазады.

Авторлар бір ұрпаққа шамамен 20 жыл аралығында дүниеге келген адамдарды топтастырады, сонда бір ұрпақты белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүру, ортақ көзқарас, мінез-құлық, ұқсас қылықтар іспетті факторлар біріктіреді.

Тарихта әр 20 жыл аралығында дүниеге келген ұрпақтың өзіне тән атауы мен еркешеліктері бар екені айтылады.

1943-1963 жылдар аралығында дүниеге келген «Бэби-бум» ұрпағы.

1963-1983 жылдар аралығы – «Х ұрпағы».

1983-2003 жылдар аралығы – «Y ұрпағы».

2003 жылдан кейін дүниеге келгендер «Z ұрпағы», олар туралы бірнәрсе айту әлі ертерек. Олар үшін басты құндылықтар не болатынын нақты ешкім айта алмайды, өйткені қазіргі кезде уақыт та, технологиялар да өте жылдам өзгеріп жатыр.

Егер адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жыл десек, онда оның өмірі 20 жылдан тұратын 4 кезеңге бөлінеді: балалық шақ, жастық шақ, орта буын, кәрілік. Өмірінің әр кезеңінде адам басқа ұрпақтың өкіл­де­рімен кездесіп, араласып жатады, кей­бірінің арасында анық алшақ­тық болуы да, болмауы да мүмкін.

«Ұрпақтар теориясы» тек ағыл­шын-америкалық тарихқа негізделіп жа­салса да, дүние жүзінде танымал болып отыр. Зерттеушілер әлем елде­рінде ұрпақтардың ұстанатын құн­ды­лықтары бірдей деген қорытындыға келді. Дегенмен бұл теорияның қарсыластары да бар. Олардың бас- ты келіспеушілігі бұл теория адамдар туралы жалпылама айтады, яғни олардың психологиялық ерекшелігін, темпераментін, жеке себептері мен сенімдерін, әлеуметтік басымдылықты ескермейді деп есептейді.

Түрлі пікірлерге қарамастан, әр ұрпақтың кәсіби деңгейі жоғары мамандарының тек өздеріне тән құндылықтары мен ерекшеліктері бар екені сөзсіз, соларды ескере отырып жұмыс жағдайын ұйымдастырса, адамдардың жұмыс өнімділігі артып, пайда мен табысы жоғары болар еді, ал ең бастысы, өз жұмысын қуанып және беріліп істейтін адамдар да көбірек болар еді деген ой келеді.

 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының  кандидаты