• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қараша, 2017

Өскемендегі оң өзгерістер

455 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Өскеменде көлік кептелісі көбейді. Әсіресе қыс мезгілінде қар жауса, көшедегі көліктер тасбақадай тырбаңдап, орнынан қозғалмай, бір-екі сағатқа дейін тапжылмай тұратынына қалалықтар куә болып, іштей кіжініп жүргені де белгілі. Бұл мәселе талай мәрте айтылып, жазылды да. Содан да болар биыл облыс және қала басшылығының шешімімен шаһардағы ең үлкен көшелерді кеңейту, абаттандыру жұмыстары басталған-ды. 

 

Көшелер кеңейеді, кептеліс азаяды

Дәл қазіргі уақытта облыс орта­лы­ғындағы төрт бірдей көшеде жол­дарды кең­ейту жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Бүгінде қаладағы құрылыстардың дені Жібек маталар шағын ауданында қарқын алғаны белгілі. Тұрғын үй дей­сіз бе, балабақша дейсіз бе, емхана дейсіз бе, барлығы осы шағын ауданда салынып жатыр. Мұндағы халық саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Қазір Жібек маталар шағын ауданындағы Сәтбаев даңғылы бойымен Жібек жолы көшесінен Карл Маркс көшесіне дейінгі 3,5 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қолға алынуда. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаевтың айтуынша, бұған дейін пайдаланылып келген төрт жо­лақ­ты жол алдағы уақытта алты жо­лақты жолға айналмақ.

Сонымен қа­тар жаяу жүргіншілерге және велоси­пед тебуге арналған жолдар салынып, даңғыл бойына жаңа аялдамалар орнатылмақ. Бұған дейін қалалықтар Өзен вокзалы маңындағы жағалауда ға­на «шайтанар­бамен» жүйткіп жүрсе, енді Жібек ма­талар шағын ауданынан қалаға дей­ін велосипедпен желдей есіп же­туі­не мүмкіндік туғызылмақ. Биыл мау­­сымда басталған бұл жұмыстар 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек қазір қаладағы Жібек жолы мен Сәтбаев даңғылдарының қи­ылысында, Ертіс өзені арқылы өте­тін көпірден Ахмер ауылына, Тәуел­сіздік, Астана мен Потанин көше­лері және Әуезов даңғылынан Даңқ ме­мо­риалына дейінгі аумақтағы көше­лерді кеңейту, абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Е.Қоңыр­баев осындай ауқымды жұ­мыс­­тар республикалық, облыстық жә­­не қалалық бюджет қаржысымен жү­зе­ге асырылып жатқанын айтады. Осы­­дан бірер күн бұрын шаһардың әр ау­мағында қолға алынған көшелерді кеңейту жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов Жібек маталар шағын ауданындағы құрылыс жұмыстары сәтімен аяқталса,  15 жылға дейін кептеліс мәселесін шешуге ықпал ететінін жеткізді.

 

2018 жылы 100 аула жөнделеді

 

Қазір Өскеменде аулаларды абаттандыру жұмыстарына да айрықша көңіл бөлініп жатыр. Үш жылда облыс орталығындағы үш жүзден астам аула күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап қолға алынған жоба аясында 2020 жылға дейін шаһардағы 310 ауланың кіреберіс жолдары мен көлік тұрақтары кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайлары жөнделетін болады. «Үш жылда облыс орталығындағы үш жүзден астам көшені адам танымастай өзгертеміз. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, 2018 жылы Өскемендегі 100 ауланы абаттандыру, жөндеу жұмыстарына бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Мұндай шаруа қаланың барлық шағын ауданында жүргізілетін болады. Әсіресе көп жыл бойы жөндеу көрмеген шал­ғай аулаларға басымдық берілмек», деген-ді облыс әкімі Д.Ахметов жуықта қала тұр­ғын­дарымен кездесуінде.

Бүгінде осындай аулалардың алғашқы­ла­рында тиісті жұмыстар аяқталып та қой­ды. Мәселен, Питер коммунарлары кө­шесіндегі №20, 22, 24 және 26 үйлердің аулалары жаңадан пайдалануға берілген көп қабатты үйлердің аулаларынан еш кем түспейді. Мұнда су жаңа балалар алаңы мен street workout алаңы бой көтерген. Балалар ойнайтын алаңға жұмсақ төсеніш төселіп, жаңа орындықтар қойылыпты. Тұрмыстық қалдықтар салатын арнайы орындар да қалпына келтірілген. Ауладағы кіреберіс жолдардың ені үш жарым метрге дейін кеңейтіліп, 25 көлікке арналған автотұрақ пайда болып, бір ғана ауланың өзінде бірнеше бейнекамера орнатылыпты. Бұл өз кезегінде шағын аудан мен аулалардағы қоғамдық тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылық санын азайтуға септігін тигізуі тиіс дейді мамандар.

Тізе берсек облыс орталығын абаттандыру, ажарлан­дыру бағытында аз шаруа атқарылып жат­қан жоқ. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары бұл жұ­мыс­тардың барлығы шаһар тұрғындарының игілігі үшін жүзеге асырылып жатқанын айтады. Биыл қалада үлкен жеті жоба іске асырылып жатыр. Тәу­елсіздік пен Абай даңғылының қиылысында жер ас­ты жолы салынуда. Комендантка өзеніне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлдер отырғызылды. Полиция бекетін аштық. Бұл жер қазір жұрт демалатын тамаша орынға айналды. Өскеменде мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бірнеше тұрғын үй салынып, құбырлар жөнделіп жатыр. Бүгінде қалада екі балабақша тұрғызылуда. Жалпы, алдағы уақытта 11 балабақша салуды жоспарлап отырмыз», дейді Е.Қоңырбаев.

 

 

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

 ӨСКЕМЕН