• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қараша, 2017

Ел кемелденуіндегі елеулі кезең

242 рет
көрсетілді

Елбасының қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы тәуелсіз еліміздегі ең бас­ты оқиғалардың біріне айналып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-про­фессорлары мен студенттері латын әліп­биіне көшу Қазақ елінің рухани жаң­ғы­руын­дағы жаңа қадам екенін терең түсініс­тік­пен қабылдап, барынша қолдауда.

 Бұған Жар­лыққа қол қойылған күннен бастап ауди­тория­ларда өткен басқосулардағы жүрек­жарды ой-пікірлер мен тебіреністі лебіздер айқын дәлел.Білім ордасының студенттеріне латын әліпбиіне көшу қиындық тудырмайды. Олай дейтініміз, біздің студенттерімізге барлық мамандықтар бойынша дайындық топтары мен бірінші курстан бастап-ақ ағылшын тілі мен түрік тілі тереңдетіліп оқытылады. 

Жарлықта нақты көрсетілгендей, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз ету, осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабыл­дау мақсатындағы қаулы баршамызды жігер­лендіріп, қуанышқа бөлеуде. 

Біз барша түркі дүниесі әлем елдерінің басым көпшілігі қолданып отырған жазуға көшсе, біріншіден, өзара ақпарат алмасудың жеңілдейтініне, екіншіден, жаһандық өрке­ниетке даңғыл жол салынатынына кәміл сенеміз. 

 Елбасының бағдарламалық мақала­сын­­да алға қойылып отырған ұлтымыздың руха­ни жаңғыруына бағытталған таяу жыл­дардағы міндеттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қаны­мыз­ға сіңген, тамы­рымызда бүлкілдеген ізгі қа­сиет­терді қайта түлетуге бастайды. Халқы­мыз кирилли­ца аталған әліпбидің ықпалынан, анығырақ айт­қанда, оның толыққанды иесі саналатын жұрт­тың саяси-ақпараттық ықпалынан ары­л­а­тын кезеңге де жетті. Енді, міне, еліміздің руха­ни өміріндегі елеулі кезеңге де қадам басқалы тұрмыз. 

 

Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы

Халықаралық қазақ-түрік университетінің

президенті, профессор