Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Иордания Хашимиттік Корольдігінің басшысын Ақордада салтанатты рәсіммен қарсы алған Елбасы өзара әңгіме кезінде екіжақты дипломатиялық байланыстар мен кездесулердің жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.
«Сіз дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Осы жылдар ішінде біз сенімді әрі достық ынтымақтастық орнаттық. Біз халықаралық ұйымдар аясында бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Иордания Қазақстанның жаһандық аренадағы бастамаларын қолдап отыр», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қорғаныс салалары секілді экономиканың түрлі секторындағы өзара әріптестік пен іс-қимылдың нығайып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Н.Назарбаев Иорданияның және оның Королі ІІ Абдалланың Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату барысындағы рөлін ерекше атап көрсетті.
«Сіз әкеңіз Хусейннің рөлін жалғастырып, бейбітшілік елшісіне айналып отырсыз. Қазақстан да өз өңірінде осындай рөлді атқаруға талпынып келеді. Біз – ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының біріміз», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Иордания Королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын табыс етті.
«Бұл – Сіздің еңбегіңізге берілген баға. Сонымен қатар Сіздің қақтығыс туындағанда бітімгерлік рөліңізді одан әрі жалғастырады деп сенеміз. Сіздің еліңіз Астана процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Иордания бір миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады. Сіздер Сирияға қаржылық және гуманитарлық көмек көрсетіп отырсыздар. Бүкіл әлем осыны бағалауға тиіс», деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Иордания Королі ІІ Абдалла Н.Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, табысталған марапатқа ризашылық білдірді. ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгенін айрықша атап өтіп, Қазақстан Президентінің халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудегі маңызды рөліне тоқталды.
«Біз Сіздің әлемді одан әрі жақсарту және қауіпсіз ету мақсатындағы рөліңізді өте жоғары бағалаймыз. Сіздің көшбасшылығыңыз баршамыз үшін аса маңызды», деді Иордания Королі.
Сөз соңында Иордания Королі ІІ Абдалла өз халқының атынан Н.Назарбаевқа бітімгершілік қызметі мен көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді.
Екеуара келіссөзден кейін Иордания Королі мен Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізді. Кездесуді қорытындылаған Елбасы Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынын ерекше атап өтті.
«Ең алдымен Иордания Королі II Абдалла ибн Хусейнге менің шақыртуымды қабыл алып, Қазақстанға кезекті ресми сапарымен келгені үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз Иорданияны Таяу Шығыстағы, жалпы Араб әлемінде маңызды рөлге ие болып отырған халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі ретінде қарастырамыз. Келесі жылдың ақпан айында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Соның қарсаңында кездесіп отырғанымыздың мәні өте үлкен. Ширек ғасырда елдеріміз түрлі салалардағы байланысын дамытып, достық және сенім қарым-қатынасын орнатты. Бұл Король II Абдалланың Қазақстанға деген ыстық ықыласының арқасында жүзеге асқан үлкен келісім», деді Президент Н.Назарбаев.
Елбасы алдағы уақытта Қазақстан мен Иордания арасындағы барлық бағыттағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Н.Назарбаев еліміздің Иордания мен оның халқын жақын әрі бауырлас ел ретінде санайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті халықаралық саладағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.
«Көптеген халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Иордания халықаралық қоғамдастықта жоғары беделге ие болып, лайықты құрметке бөленді. Соның арқасында Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, Иордания 1 миллион 300 мың сириялық босқынды қабылдап, Палестина мен Израиль арасындағы түйткілдерді бейбіт жолмен шешуге үлес қосқанын атап өтуге болады», деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Н. Назарбаев Иордания тарапына Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірді.
Сонымен бірге Қазақстан Президенті Король ІІ Абдалламен өткізген екіжақты кездесудің қорытындылары туралы мәлімдеді.
Кездесу барысында екі ел басшылары мемлекетаралық қарым-қатынастың, халықаралық және өңірлік деңгейдегі күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Елбасы Иордания Королімен болған келіссөзді мазмұнды әрі жемісті деп бағалады.
«Күн тәртібінде тұрған өңірлік, саяси мәселелер жөнінде пікір алмастық. Атап айтқанда, Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Қатар төңірегіндегі дағдарыс және басқа проблемалар туралы ой бөлістік.
Сирия дағдарысы – қазіргі уақыттағы ең ірі шиеленістің бірі. Қазақстан бұл қақтығысты шешуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Астанадағы келіссөздер нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай азайып, жергілікті халықтың бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік туды», деген Н.Назарбаев Астана келіссөзі өз тиімділігін дәлелдеп, халықаралық қолдауға ие болғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Иорданияның Астана процесіндегі рөлін ерекше атап өтіп, оның бақылаушы ел ретінде Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосып отырғанын айтты. Сонымен қатар Н.Назарбаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың даму барысына тоқталды.
«Тасымалдау бағасы экспорт және импорт операцияларына әсер етіп отыр. Соған орай тиімді көлік-логистика арналарын жетілдірудің маңыздылығы туралы әңгіме өрбіттік. Біз Қазақстан – Түрікменстан – Иран және Әзербайжан – Грузия – Түркия бағыттары бойынша ашылған темір жолды пайдалану мүмкіндігін қарастырдық», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолындағы бірқатар экономикалық маңызды бағыттарды әңгімелеп берді. Елбасының сөзіне сәйкес, ауыл шаруашылығында тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік мол.
«Қарым-қатынасымызды нығайту үшін ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Мысалы, Қазақстан Иорданияға ауыл шаруашылығы мен мал өнімдерін жеткізсе, Иордания қыс және көктем айларында біздің елге көкөніс пен жеміс экспорттай алады», деді Н.Назарбаев.
Елбасы екінші маңызды бағыт ретінде фармацевтика саласын атап көрсетті. Мемлекет басшысы Иорданияның «Хикма» компаниясы Алматы қаласында фармацевтика зауытын салуды жоспарлап отырғанын айтты. Екі ел арасында басымдық берілетін үшінші бағыт – энергетика саласы. Н.Назарбаев Иорданияның да Қазақстан секілді баламалы энергетика көздерін дамытуға мүдделі екенін ескеріп, серіктестік орнатуға мүмкіншілік қарастырылатынын сөз етті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскери-техника саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелеріне тоқталды. Оның сөзіне сай, Қазақстан мен Иорданияның бұл саладағы ынтымақтастықты нығайтатын алғышарттары бар. Н.Назарбаев осы бағытта өзара байланыстарды одан әрі жалғастыру жұмыстары арнайы үкіметаралық комиссияға жүктелгенін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің арнаулы қызметтері алдағы уақытта халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.
Өз кезегінде ІІ Абдалла қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне тағы да алғыс айтып, бүгін тапсырылған марапат барша Иордания халқының еңбегіне берілген баға екенін жеткізді.
«Бұл марапаттың атауы мен үшін өте маңызды. Өзекті халықаралық сын-қатерлерді еңсеру мәселесі бойынша Қазақстанның жаһандық ұстанымы бар. Қазақстан – жаһандық ынтымақтастықтың көшбасшысы», деді Иордания Королі.
Иордания Королі ІІ Абдалла Қазақстанның ядролық қарусыздану мен жаһандық бейбітшілікті сақтау жолында атқарып отырған шараларына назар аударды. Бұдан бөлек, Иордания Королі Астанада Сирия мәселесі бойынша өтіп жатқан келіссөздердің нәтижелерімен бөлісіп, Қазақстанның әлемдік терроризммен және діни экстремизммен күрес жүргізуге барынша күш салып отырғанын айтты. Сөз соңында ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсіп, бұдан да жоғары деңгейге жететініне сенім білдірді.
Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олар:
– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды