• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2017

Қазақстанда оқушыларға арналған «Көшбасшы жолы» туры басталды

344 рет
көрсетілді

30 қазанда Астана және Алматы қалаларында Елбасының қызметімен тығыз байланысты жерлерде өтетін «Көшбасшы жолы» турлары сериясының алғашқы экскурсиясы басталды. Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен ұйымдастырылуда.

Турларға Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облысының 13 және 17 жас аралығындағы 480 үздік оқушылары қатысады.

Осылайша, 30 қазан мен 4 қараша аралығында Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының оқушылары Астанаға келсе, Алматы, Жамбыл, және Оңтүстік Қазақстан облысының үздік балалары Алматы мен Үшқоңырға барады.

Астанада оқушыларға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мұражайы, қоры мен кітапханасы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана - Бәйтерек» монументі және Назарбаев Университеті көрсетіледі.

Алматылық турдың бағдарламасы Алматы облысындағы Елбасы оқыған Қарасай батыр атындағы мектеп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің үй-мұражайы, «Батыр Бабалар» мемориалды кешені, сондай-ақ Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражай, 28 панфиловшылардың саябағы сияқты объектілерге бару жоспарланған.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова: «Осындай турларды өткізу мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, қызығушылығын арттырады, әрі балаларды жақсы оқып, белсенді болуға қосымша ынталандыратын болады», - деп атап өтті.

«Назарбаев орталығында» оқушылардың бірінші тобымен кездесу барысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасының Орынбасары Қайрат Садвақасов осындай турлардың балалар мен жасөспірімдер туризмін жандандыруға, сондай-ақ еліміздің жас ұрпағын патриоттық тәрбиелеуіне зор әсер ететінін атап өтті: «Балалар мен жасөспірімдер турлары жас ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастыруда маңызды рөл атқара отырып, елдіміздегі ішкі туризмді дамытуға әсер етеді».

Сондай-ақ, Қ.Садвақасов ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде еліміздің өңірлерінен 185 мың мектеп оқушылары үшін 700-ден астам тур ұйымдастырылғанын еске салып өтті.