• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Дін туралы заң жобасы түсіндірілді

696 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов пен Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіру мақсатында Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жұмыс сапарымен болды. 

Еңбек ұжымдарымен болған кездесулерде вице-министр Берік Арын елдегі діни ахуалды жақсарту бо­йынша қабылданатын шаралар туралы, деструктивті ағымдардың ықпалына және қызметіне қарсы тұру жайында әңгімеледі. Вице-министрдің ақпаратына сәйкес, қазіргі күні министрлік әзірлеп жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы» заң жобасы Үкіметтің қарауына енгізілген.

«Заңнамаға енгізілетін түзетулер елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, деструктивті діни ағым­дар­дың идеяларын таратуды болдырмауға бағытталған. Соны­мен бірге халықтың ұсыныс­тары да назардан тыс қал­мауы қажет, тұрғындар өз тарапы­нан теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыс­тарында белсенділік танытуы керек», деді ол.

Сенатор Сергей Ершов жез­қаз­ғандық жерлестерін аталған мәселеге қарсы күресте қоғамда белсенді болып, бар­лық күш-жігерлерін біріктіруге шақырды. Халық қалаулысы жас ұрпақтың теріс діни ағымдарға бет бұрмай, одан бойларын ау­лақ ұстаулары керектігін айтты.

Айта кетейік, Қарағанды облысында бейбітшілік пен ке­лі­сімді нығайтуға өз үлесін қосып отырған 314 діни бірлестік жұмыс істейді. Дегенмен  өңірде деструктивті діни идеологияның таралуына және оның теріс әсер етуіне ықтимал мәселелер әлі де бар.

 

«Егемен-ақпарат»