• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Мүсіреповтің сүйікті актрисасы – Жамал Жалмұхаметова

816 рет
көрсетілді

М.Әуезов театрының аға буын актер­лері­нің аузынан «Жамал Жалмұхаметова», «Жамал апам», «Ақанның «Көкшетауын» Жамал апамдай шырқайтын әнші қайда қазір?» деген сөзді жиі естіп жүрсек те, өзінен үлкеннің де, кішінің де атын ас­қақтатып айтуға келгенде асқан мырзалық танытатын Сәбит Оразбаев апасын еске алып отырып, «ол біздің Әуезов театрының №1 Баяны ғой!» дегенде елең етпеске болмады. 

          Определить языкАзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский   АзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский                     Звуковая функция ограничена 200 символами     Настройки : История : Обратная связь : Donate Закрыть

Бүкіл актриса атаулыға арман болып, талай буынның «мен» деген мөлдіреген хас сұлуын «бір ойнасам-ау» деп өзіне ынтызар етіп телмірткен, біріне бағынып, біріне көлеңкесін де көрсетпей кеткен Баянды ойнап, «нөмірі бірінші» аталып тарихта қалса, оның шынында да тегін әртіс болмағаны ғой деген ой келді. Бұл аз болса, әдебиет пен өнерге келгенде аса талғампаз, кір­пияз жазушы Ғ.Мүсіреповтің өзі Жамал­ды «менің сүйікті актрисам!» деп, «көп Баянның» ішінен Жамал ойнаған Баянды алабөтен аса жоғары бағалаған.

Қара көзілдіріктің ар жағынан сұқтана қарағанда, сахнаның асылы мен жасығын бір демде жазбай танитын Мүсіреповтей қазақтың үлкен эстетін таңырқатып, өнері­мен мойындатқан Жамал Жалмұха­метова­ның кім болғаны бізді шынында да қызықтырды. Мақтау сөзбен мә­пе­ле­ніп өскен талант кейінгілердің де мақ­­танышы болуы керек еді ғой, есімі елеусіздеу қалып кетсе, мұның не сы­ры бар? Жан-жақтан актриса туралы мәлі­мет, дерек қарастырып көрдік. Театр музейін­де тек суреттері ғана сақталған. Бар анық­тағанымыз, ол 1917 жылы Көкше­тау облысы, Айыртау ауданында дүниеге келген. 1938 жылы Мәскеудегі А.В.Луна­чар­ский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының қазақ студиясын бітірген.

Актердің қарымы ол ойнаған бейне­лердің салмағынан білінеді. Ж.Жал­мұхаметова Ажар («Абай»), Баян («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Еңлік («Еңлік – Кебек»), Мөржан («Қарагөз»), Мәрзия («Ақан сері – Ақтоқты»), Қарлығаш («Қобыланды»), Алма («Миллионер»), Айша («Ана-Жер-Ана»), Наталья («Васса Железнова»), Памела («Памела Жиро»), Құралай («Делегат Данияр»), Қымбат («Құдағи келіпті») секілді актриса табысын үстемелейтін кесек рөлдерді ойна­ғанына қарағанда, режиссерлер де оның шебер­лігіне сенім артқан. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ж.Жалмұхаметова еліміздің бас театрында үзіліссіз-үздіксіз жиырма жылдан аса бас режиссер болған КСРО халық әртісі Ә.Мәмбетовтің де айрықша құрметтеген актрисаларының бірі. Екінің бірі жалынан ұстай алмай­тын рөлдерді Ж.Жалмұхаметоваға ұсын­ғаны­на қарағанда, кілтін табатынына, ұтымды детальдармен көркейтіп көр­се­теріне күмән келтірмеген.

Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың «Өнердегі өнегелі өмірлер» деген кітабында Сәбира Майқановаға арнап жазған хатының ішінде Ж.Жалмұхаметова туралы мынандай жолдар бар: «Ол кезде біз бос кезімізде біріміздің ойынымызды біріміз қарап көріп жүріп, бірге жылап, бірге күліп жүріп үйренетінбіз. Рақияның (Қойшыбаева) Зересі, Жамалдың (Жал­мұхаметова) Тоғжаны ғажап болушы еді ғой. Есіңде ме, мойынағашпен екі шелек суды көтеріп келе жатып Жамал – Тоғжан, Абайдың «Татьяна» әнін тыңдап тұратын көрінісі, Жамалдың – «Мұны айтқан Абай ғой, тек Абай ғой!» – деген екі-ақ ауыз сөзді соншалықты бір терең тебіреніспен айтқаны, ерекше бір сазды, шерлі де трагедиялық үні сахнаны керіп кетуші еді» десе, тағы бір тұсында: «Шақаңның (Шахмет Құсайыновты айтады – авт.) 70 жылдығында «Алдар Көсе» спектаклінде өзің бастап Сәбит, Рахиля, Атайбек, Әшірәлі, Жамал, Таңат бар, бір жасап қайтқанымыз. Есіңде ме, Сырымбет тауының үстіне биікте дастарқан жайып, ет пен қымыз ішіп, әкімі Тәткен бар, келіншегімен Жамалға «Сырымбетті» айтқызып, жағалай Ақан әндерін шырқайтынымыз» деп еске алады. Міне, Бикен апамыздың осы кітабы да Жамал Жалмұхаметованың ғажап музыкалық драма актрисасы болғанын меңзейді.

Ж.Жалмұхаметова ойнаған спектакль­дерді көзімізбен көрмеген соң, бір ұжымда еңбек етіп, бір сахнада өнер көрсет­кен әріптесі Сәбит Оразбаев пен Сәли­ха Қожақовадан сыр суыртпақтадық. Әлбет­те, «Қайран, Жамал апам...» деп қамығып отырып сөз бастау ол кісілердің қашанғы әдеті. Бақсақ, таланттардың маңдайына жазылатын ауыр тағдыр Жамал апайды да айналып өтпеген екен.

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі: «Жамал апа театрымыздың көркеюіне үлес қосқан, сонау соғыстан бұрын-ақ алғашқы таланттардың легімен келіп, сахнаның сәнін келтірген артистка еді. Ол кісі біз театрға келмей тұрғанда көптеген рөлдер ойнаған екен. Соның ішінде, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Баянды ойнап, «классик қаламгерді айтпағанда, М.Әуезов, С.Мұқанов сынды қырағы көз сыншылардың өзіне мақтау сөз айтуына мәжбүр еткен актриса» деп біз келгенде жұрт аңыз етіп айтып жүретін. Кейін қаншама Баяндар ойналды, бірақ бәрі де «ой, шіркін, бәрібір біздің Жамал апайдың Баянына жетпейді-ау» дейтін. Біз де қызығушылық білдірдік. Бірақ ол кезде бүгінгідей жазып алатын құрал да, түсіріп алатын техника да жоқ, кейінгілер көре алмаған күйі ол бейне сол уақыттың қатпарында қалып қойды. Кейін «Беу, қыздар-айда» милиционердің рөлін ойна­ғанда, бұл кісі комедиялық актриса екен ғой деп ойлап қалғаным да есімде. Себебі өзі де өмірде өте аңғал адам еді. Не айтсаң да сеніп, «апыр-ай, ә» деп аузы аңқиып тұрып қалатын. Бала секілді аңқаулығын қызық көріп, апамызға әзіл айтқымыз келіп тұратын. Жарықтық сеніп қалатын да, өтірік екенін білгеннен кейін бұртиып, «мен бұған сеніп тұрсам» деп қолын бір сермеп кетіп қалатын. Апаммен гастрольге көп шықтық. «Железосы көп» деп қойып, қыршылдатып алма жегенді жақсы көретін. Бірақ сол темірдің де пайдасы тиген болуы керек, апам қандай қиындық көрсе де қажымай, шиеттей бала-шағасын жалғыз өзі бағып, сексеннен асып, тоқсанға жуықтап барып қайтыс болды. Өте қарапайым адам еді. Ол кісінің үні жүрекке байлаулы тұрғандай әсер беретін. Үнінде керемет әуез, ерекшелік бар еді. Жалпы, театр мен кино өнерінде үнің, дауысың әдемі болса, ол актердің жарты бақыты болып есептеледі. Оның даңқ-атағының жартысын дауысы қамтамасыз етіп береді. Жамал апам сондай дауыстың иесі еді. Ән салғанда тіпті өркештеніп шыға келетін. Хабиба Елебекова, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Гүлзипа Сыздықова апаларыммен етене жақын араласты. Әсіресе, Гүлзипа Сыздықова екеуі мұңдас болды. Өнері деңгейлес адамдардың ортасында жүріп өгейлік сезінді. Мұның бәрі актердің ішкі қайшылығын қалыңдата түсетін қатпарлы дерт. Екеуі де театрдың есігін қатты жауып кетті. Содан кейін қайтып ашпады. Сахналас әпкелері қанша шақырса да иілмеді, сіңлілері жалынса да жібімеді. Үлкен өнер өкпесіз бола ма, өмір бойы театр деп ғұмыр кешкенде, ризашылықпен емес, ренішпен кету өнер адамы үшін ауыр соққы ғой...»

Сәлиха ҚОЖАҚОВА, Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі: «Жамал апай Ғ.Мүсіреповтің сүйікті актрисасы болды. Бұл сол кездің куәсі болған адамның бәріне белгілі шындық. Шынында да, Жамал апайдың ішінде мол қазына жататын. Талантын сан қырынан ашып көрсететін, ойнаған сайын рөліне жаңа­лық қосып отыратын. Ол кісінің бар жазығы тағдырының кіл мықтылармен тура келгендігінде ғана шығар. 1970 жыл­дары Жамал апаның елудің ішіне кір­ген шағы. Бұл жастағы актрисаларда басты рөл бола бермейді, көбіне бәйбіше мен аналарды, қосалқы рөлдерде жүреді. Бірақ бір кереметі, сол кішкентай ғана эпизодтық рөлін басты рөлге бергісіз етіп ойнап шығатын. Менің жолдасым Есболған Жайсаңбаев екеуі түймедей рөлді түйедей етіп, таудай бейне жасап шығарудың шебері еді және бұл театрдағы санаулы актерлердің ғана қолынан келетін. Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектаклінде Толғанайға келіп үш баласының қаза тапқанын естіртетін сахнасы бар. Сондағы Айшаның рөлін­дегі Жамал апамның жоқтау айтып, сах­наның қараңғы түкпірінен бері қарай зарлап келе жатқан дауысы сай-сүйегіңді сырқыратып, денеңді түршіктіріп, төбе шашыңды тік тұрғызатын. Ол кісі дара дауыстың иесі еді. Ойнаған рөлінің бәрі маңызды болып шығатын, қай-қайсысы да есте қалатын. Алдымен сонау Горький мен Дзержинский көшесіндегі актерлер тұрған үйдің жертөлесінде тұрды, кейін 8 ықшамауданнан үш бөлмелі пәтер алды. Екеуінде де Жамал апаймен көрші тұрдық. Сұлулық сүйегіне сіңген актриса емес пе, қартайған шағында есігінің алдына шықса да шашына бигуди салып, айнаға бір қарап алып шығатын. Дина деген жалғыз қызы жастай қайтыс болып, бауыр ет баласының қайғысы апайға ауыр соққы болып тиді. Есігінің алдында шайқала басып, зар аралас мұңлы дауыс­пен ақырын ғана ыңылдап ән айтып жүре­тін бейнесі көз алдымда жатталып қал­ды. Қазір үйінің жанынан әрі-бері өт­к­ен сайын апам есіме түседі. Жүрегім ауы­рып кетеді. Әттең, апам туралы менен сұрай­тын адам болса, бір кітапқа жететін тарих айтып берер едім-ау...».

Естеліктерден ескен ертегіге бергісіз осындай оқиғаларды естігенде, екіұдай сезімде қаласың. Мұндайда бетіңе бақ күліп қарамаса, сәттілік серігің болып жолықпаса, жалғыз талантыңмен жарып шығамын деп дүрмекке келіп қосылу бекер тірлік секілді көрінетіні бар. Талантты болып туыла тұра тағдырдан бақыт, көрерменнен қошемет, өз ортасынан баға­лау мен мойындау бұйырмай кеткен қан­шама тарлан бар. Өйткені актер өзіне емес, өзгеге тәуелді. Ең әуелі режиссерге тәуелді, содан соң сахнада серіктесіп ойнап жүрген әріптесіне тәуелді, ең ақырында ғайыптан тайып келіп, жүздің біріне ғана жүзі жылып қарайтын ғажайып сәттілікке тәуелді. Жанкешті ғана жарып шығады. Өкінішке қарай, жаны нәзік өнер адамының көпшілігі бұл бәйгеде өлермендік таныта бермейді, екі-үш рет сүрінген соң-ақ морт сынады. Солай десек, те, еліміздің ең басты театрында, жақсылар мен жайсаңдардың ортасын­да табан аудармай елу жылға жуық еңбек еткен Керей Өмірзақов (Елубай Өмір­зақовтың туған інісі), Атагелді Ыс­майылов секілді біртуар әртістерге жар болған Жамал Жалмұхаметованы жүз жылдығына орай еске алсақ, жас күнінде жарқ етіп жанғанына қарамастан ешкімге аяушылық танытпайтын өнер аламанында елес секілді елеусіздеу қалып қойғанының есесі болсыншы дедік. Ұлылардың табаны тиген сахнада Жамал апаның да өкшесінің ізі сайрап жатыр.

Жан семіртер жақсы сөзді, мерей тасы­тар мақтауды әркім де айта береді, бірақ мәселе сол асқақ сөздің кімнің аузы­­мен айтылғанында ғой. Өнер парқын жақ­­сы білетін паң Мүсіреповтің мо­йын­дауын Жамал апаның, шынында да, драма өнеріндегі жолы дара, жақсы актриса болғанының кепілі секілді қабыл­дағымыз келеді...

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ