• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қараша, 2017

Елбасы Қостанайдағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады

337 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше түстен кейін Қостанай қаласына келді. Жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Әбішұлы облыс орталығындағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді және өңірдегі инвесторлармен кездесті. 

Елбасы ең алдымен «Әуежай» шағын ауданындағы «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан істермен танысты. Шағын аудан аумағында әлеу­меттік инфрақұрылым нысан­дары да салынуда, соның қатар­ында 900 орындық жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ мем­лекет-жекеменшік әріптестігі аясында спорт және ойын-сауық ке­шенінің құрылысы бой көтеруде. Тұр­ғындар үшін 280 орындық екі бала бақша, автотұрақ, спорт­тық алаңдар, демалыс аумағы салынатын болады. Шағын тұр­ғын ауданда 41 үй құрылысы жос­пар­ланған, 2014-2017 жылдар ара­лығында 16 үй салынып, 987 отбасы қоныс тойын тойлады. Қазір он екі үйдің қабырғасы көтерілген. 

Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа АвтоПром» машина жасау зауытына келіп, автомобиль өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорынның жұ­мысымен танысты. Қазақстан Пре­зидентіне Қостанайда жасал­ған JAC, Peugeot, Ravon бренд­терінің автомобильдері, JAC элек­тромобилінің модельдері, сондай-ақ Iveco базасындағы мектеп автобусы көрсетілді. Мемлекет басшысына еліміздегі электромобильге арналған инфрақұрылымның даму барысы жөнінде баяндалды. Үстіміздегі жылдың 10 айында зауытта 4000 автомобиль сапқа қойылды. Өткен жылдың осы мау­сымымен салыстырғанда өндіріс көлемі 2,2 есе көбейді. Бюджетке 800 миллион теңге аударылды, былтыр бұл көрсеткіш 131 миллион теңге болатын. Биыл зауытта үлкен істер атқарылды. Шағын түйінді өндіріс желісі толық жаңғыртылды. Соның ар­қасында зауытта дәнекерлеу, бояу жұмыстары атқарылатын және «монокок» атты бірегей технологияны пайдаланып құрастыратын жаңа цехтар жұмыс істей бастады. Жаңартылып, жаңғыртылған әмбебап желі жұмыс тиімділігін кү­шейтті, онда автомобильдің ша­нағын, тірегін бір желіде құрастыра береді. 

«Аллюр» компаниялар тобы» ак­ционерлік қоғамына кіретін «Сарыарқа АвтоПром» машина жасау зауытында өнімді экспортқа шығару басымдыққа ие бағыт. Оны жүзеге асыру үшін шетелдік ин­вестицияның орны бөлек. Биыл зауыт Тәжікстанға JAC авто­мо­билінің алғашқы партиясын жөнелтті. Оның құны 10,5 млн АҚШ доллары болды. 

Автомобиль өндірісінде бұл бағыттағы жұмысты ілгерілету үшін Елбасы келгенге дейін зауыт алаңында қытайдың China National Vehicle Import and Export Company мен қостанайлық компания акционерлері арасында қазақстандық «Аллюр» компания­лар тобы» акционерлік қоғамы акцияларының 51 пайызын иемдену жөнінде және KazakhExport экспорттық сақтандыру компа­ниясы арасында үш жақты ын­ты­мақтастық инвестициялық келі­сімге қол қойылды. Елбасы алдында оның тұсаукесері болды. Бұл Қы­тай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық басымдыққа ие келісімнің бірі болып табылады. Оның мәні туралы «Аллюр» компаниялар тобы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев журналистерге айтып берді. 

– Енді кәсіпорынның стра­те­гиялық, ұзақ уақытқа келіскен инвесторы болады. Инвестормен бірге кәсіпорынның дамуын, қандай машина түрлерін, брендтерді шығаратынымызды жоспарлайтын боламыз. Елбасы кәсіпорынның алдына үш міндет қойып отыр. Бәсекеге қабілетті болу, электроавтомобильдер шығаруды дамыту және экспорттық нарықты игеру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмалары алдағы он жылда, яғни кәсіпорынды дамытудың алғашқы сатысында атқарылады. Ал одан кейінгі екінші сатыда машина құрастырудағы қазақстандық үлесті көбейту мен өнім құнын арзандату ісін қолға алатын боламыз, – деді Андрей Лаврентьев.

Облыс әкімі Архимед Мұ­хам­бетов Елбасы алдында өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму барысын баяндады. Аймақта өндіріс те, ауыл шарашылығы да қалыпты дамып келеді. Аймақ басшысы инвестиция тарту және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне тоқталды. Он­да, әсіресе, еркін экономикалық аймақтың болашағын айта келе, істі кібіртіктетіп тұрған шешімін күткен мәселені де жасырмады. Қостанай қаласындағы еркін экономикалық аймаққа инвесторлар өздерінің кәсіпорындарын орналастырғысы келеді. Оларға инфрақұрылымдық жағдай да жасалып жатыр. Қазір инвес­торлармен келісімшарттар жасалуда. Ондай келісімдер бо­йынша болашақта Қостанайда лифт, лампалар, батареялар, бұрын болмаған қажетті тауарлар өндірілетін болады.  

– Сіз Үкіметке инвестиция тар­тудың стратегиясын жасау туралы тапсырма берген болатынсыз. Осы бағдарлама бойынша Қостанай облысы қанатқақты етіп алынды. Біз әлемдік даму бан­кімен бір­ге облыстық ин­тер­ак­тивтік инвес­ти­циялық картасын жасадық. Оған барлық бос алаңдарды орна­­лас­тырдық. Жақында «Инвест форум-2017» форумын өткіздік, оның аясында құны 200 мил­лиард тең­ге болатын 26 меморан­думға қол қойылды, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Қыр­­күйек айында облыста өткен инвестиялық форумда Қостанай облысы мен Global gaz grоup компа­ниясы арасында 20 миллиард теңге болатын инвестициялық келі­сімге қол қойылған болатын. Ком­пания облыста үш газ өңдейтін за­уыт құрылысын жүзеге асырып, табиғи газ бармаған елді мекен­дерді сұйытылған көгілдір отынмен қамтамасыз ететін болады. 

Кездесуді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қос­танай еліміздің ауыл шаруа­шы­лығы дамыған, сапалы, экспортты астық өндіретін облыс екенін, тіпті ауа райы аса қолайлы болмаған биылдың өзінде 5 миллион тоннадан артық бидайды қамбаға құйғанын айтты.  – Біздің қазіргі мақ­са­тымыз облысты ауыл шаруашы­лы­ғымен қатар ірі өндірісті, өнеркәсіпті аймақ ету болып отыр. Сондықтан автомобиль өндірісінің дамуына әуел бастан мүдделі болдым. Машина жасау өндірісі біздің елде ешқашан болған емес. Елде екі машина жасау зауыты тиімді жұмыс істей бастады, енді машина шығаратын елге айналамыз. Инвестиция тартуды ойластырдық. Міне, қытайлық ірі корпорация келіп отыр. Ол біздің Қытай елі басшылығымен жасаған келісіміміз арқылы іске асуда. Ұлы Жібек жолы бойынша біздің ірі сауда-өндірістік әріптесімізбен Қазақстанда үлкен істер атқарылады, – деп Нұрсұлтан Әбішұлы оларды жекелей атап өтті. Өзбекстанмен бірге атқарылатын жұмыстардың басталғанына ризашылық білдірді. Сонымен қатар Астана қаласын газдандыру ісінің өте маңызды еке­нін айта келіп, Global gaz grоup компаниясының жұмы­сы­на табыс тіледі. Жалпы инвес­тор­ларға рақмет айтты.

Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана ашылған KOSTANAY PLAZA сауда-от­ба­сылық демалыс орталығын аралады. Онда балалар дүкені, кино­театр, 550 орындық автотұрақ жұ­мыс істейді. Елбасы ол жерде Рудный балалар үйінің тәр­бие­ленушілерімен кездесті, мейрамханаларын аралап көрді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,  «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды