• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қараша, 2017

Семейде техникалық мамандарға сұраныс бар

568 рет
көрсетілді

Семейде мыңдаған жұмыссыз тегін курстарға жіберіліп, жаңа маман­дыққа оқытылып жатыр. 

Қазір қандай техникалық мамандықтар қажет екендігі жалпы кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздықтың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы анықталуда. Бүгінде газбен және электрмен дәнекерлеушілер мен авто­электриктер аса қажет. Республикалық бюджеттен осы мамандықтарға қайта оқыту үшін 300 миллион теңге бөлінген. Мәселен, қала тұрғыны Анатолий Губковтың мамандығы – құрылысшы. Ол өз мамандығына сай жұмыс таба алмай, үш ай бойы аяғынан таусылады. Сөйтіп қала әкімдігіне қарасты бөлім арқылы қысқа мерзімді курста оқып шығуға болатындығын естиді. Міне, ол бірнеше апта бойы газ электрмен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде. 

– Құрылыс – маусымдық жұмыс. Біздің өңірде қыста құрылыс тоқтап қалады. Сондықтан осы оқып жатқан маманды­ғым тиімді деп ойлаймын. Үйретушілеріміз өте жақсы. Стипендия береді, – дейді ол. 

Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында қайта оқыту курстарынан 1500 адам өтпек. Оқыту курстары жыл соңына дейін аяқталады. Қаладағы 16 колледж бойынша 33 мамандықта оқуға мүм­кіндік бар. Қаладағы жұмыспен қамту орталығындағы кәсіби оқыту бөлімі­нің бастығы А.Бураханованың айтуын­ша, бағдарлама бойынша оқитындар тегін білім алады. Айына 16759 теңге стипендия беріледі. Ал қала сыртынан келушілер қосымша пәтерақыларына төлеу үшін 11345 теңге алады. 

– Қазір ТЖО-да автоэлектрик болып жұмыс істеймін, дейді Женя Лыткин, – жаңа мамандығым көңілім­нен шықты. Тағы да білімімді жетіл­дір­гім келеді. 

Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің де тапсырыстарын іздеп отыр. Газ электр дәнекерлеуші, автоэлектриктерден бөлек ет бөлуші кәсі­бін мең­гергендерге сұраныс бар. Елбасы  Жол­дауында кәсіптік білім беру бағыт­тары­на ерекше тоқталған.  Кәсіптік-техникалық білімді жастар жақсы меңгеру үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз­дің жастары­мыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күн­делікті өмірде шебер де тиімді пай­да­лануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүм­кіндікті жасап, ең қолайлы жағдай­мен қамтамасыз етуіміз керек. Біздің бас­ты мақсат – 2050 жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жал­пы­ға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деген еді. Халыққа тегін кәсіптік-техникалық білім беру бүгінде нарық сұранысына сай жүргізілуде.

Раушан НҰҒМАНБЕК, журналист

СЕМЕЙ