Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз мемлекет құру мен нарыққа өтуді қатар алып жүрді. Қойнауы қазба байлыққа толы, ұлан-ғайыр территориясы бар республика әлемнің назарын аударып қана қоймай, әлемдік жаңа тәртіптің орнығуы үшін талай мүдделер мен қайшылықтардың тоғысатын жері болып қалды.
Осы орайда біз Елбасының сарабдал саясаты мен халқымыздың қажыры арқасында барлық қиыншылықтарды еңсеріп, алға жылжыдық. Жетістігімізге дос сүйінді, дұшпан күйінді.
Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі басталғанын жариялады. Содан кейін іле-шала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», деп атап өтті.
Әрбір елдің қиындықтан алып шығып, биіктерге бастайтын арманы, яғни стратегиялық бағдарламасы болады. Нарыққа өтіп, жекеменшік қалыптасқан, зайырлы мемлекеттің барлық принциптері мен институттары орныға бастаған жас республикамыздың арманы – Мәңгілік Ел болу. Біз ширек ғасыр ішінде өткенге сараптама жасап, төрткүл дүниеге өз көзімізбен қарай бастадық. Дәстүр мен діннің озығы мен тозығын пайымдадық, отарлық таңбаның еттен өтіп, сүйекке таяғанын сезіндік, қырғи қабақ соғыс аяқталып, идеологиялық қайшылық бәсеңдегенімен, дін мен дін, мәдениет пен мәдениет, өркениет пен өркениет арасындағы жаңа текетірестердің пайда болғанына, ғылым мен техниканың қарыштап дамуы жаһандануды жаңа өріске бастағанына куә болдық.
Біз тәуелсіздік жылдары ішінде нарық жолына түсіп, халықтың әл-ауқатын жақсарттық. Тарихи себептерге байланысты көп этносты елге айналған мемлекетіміздегі ұлт өкілдерінің ортақ мүддесін қорғап, береке-бірлігін арттырдық. Көптеген этностар өз ана тілінде білім алып, дәстүрін сақтап, төл мәдениетін дамытуға мүмкіндік алып отыр.
Бүгінде халқымыздың саны 18 миллионнан асты. Унитарлы мемлекетті құраушы басты ұлттың жан саны 42 пайыздан 70 пайызға көтерілді. Миллионға жуық қандасымыз атамекенге оралып, ірге теуіп, бизнес пен ғылымның көрігін қыздыра түсті. Оралған бауырларымыздың еңбекке қабілеттілігі 70 пайыздан асса, еліміздің орташа жасы 25 жас болып, болашағы нұрлы елдердің қатарына өттік.
Жаңа Астана салынды. Алматы Орталық Азиядағы ең үлкен қаржы, бизнес орталығына айналды. Елбасының бастамасымен екі рет өткізілген қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру, бизнесті қорғауға арналған мораторий шаралары елімізде шағын және орта кәсіптің тынысын ашып, адымын жеделдетті.
Сыртқы саясатта барлық көршілерімізбен шекара мәселелерін шешіп алдық. Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше болып, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрушылардың бірі болдық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, медиафорумдар өткізіп, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайландық. Қысқы Азиада, дүниежүзілік Универсиада және ЭКСПО-ны абыроймен өткізіп, экономикалық, спорттық күш-қуатымызды әйгіледік.
Еліміз көп векторлы саясат жүргізіп қана қоймай, өңірлік саясатта түбі бір туысқан түркітілдес елдерімен қатынасқа басым бағыттар берілді. Ататүрік пен Мағжандар армандаған, Мұстафа Шоқай бар ғұмырын арнаған сара жол, ол – түркі халықтарының бірігуі, күшеюі еді. Елбасымыз осы бағытта сабырлы, салиқалы жұмыс істеп келеді. Қасиетті қаламыз Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің, Астанада Халықаралық Түркі академиясының, Алматыдағы С.Демирель атындағы университеттің ашылуы Елбасы саясатының нақты нәтижесі.
Елбасы Жарлығымен еліміз латын әліпбиіне көшудің қарсаңында тұр. Осылайша Түркі жұртын біріктіретін болашақтың керуені мақсатына қарай бет түзеді. Оның игілігін көретін күндер әлі алда.
Елбасы биылғы қаңтарда мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу міндетін күн тәртібіне шығарды. Үкімет пен Парламенттің өкілеттілігін кеңейтіп, жауапкершілігін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару ісін уақыт талабына сай жетілдіруге бағытталған бұл реформаны халық қызу қолдады. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың жұмысы жанданып, азаматтық қоғамның дамыған елдер қолданған принциптері өмірімізге ене бастады, ұлттық буржуазия өміріміздің бір бөлігіне айналды. Мемлекеттің қолдауын әрбір қазақстандық сезіну үшін тиісті жұмыстар атқарылып, қызмет көрсету саласындағы «бір терезе» қағидаты енгізілді. Кеден, салық жүйесіне заман талабына сай реформа жасау басты бағытымыз болып отыр.
Біздің мұратымыз – әлемге әмір жүргізіп, өз тәртібімізді орнату емес, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалау. Оның айқын дәлелі ретінде ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартқанымызды айтуға болады. Біздің арманымыз – ұйыған берекеміз бұзылмай, халқымыздың әл-ауқатының артуы, замана көшінен қалмай мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, тарыдай шашылған Алаштың бір шаңырақ астында бас қосуы, керегесі ағаш, туырлығы киіз, түбі бір түркінің емен-жарқын қол ұстасып, әлемдік өркениеттің биігінен өз орнымызды табу.
Тарихқа жүгіне сөйлесек, 1644 жылы манчжурлардың сайлауыт атты әскерлері Ұлы Қытай қорғанының шығыс қақпасын бұзып кіріп, көшпелілердің алып мемлекетін құрды әрі Қытайдың қазіргі территориясының негізін қалады. Қытайдың пәлен ғасырға қалыптасқан дәстүрі бойынша, соғыс өрті сөнген соң императорлар бүлінген Ұлы қорғанды қайтадан жөндеп, қалпына келтіретін. Император Цяньлунға уәзірлері және қолбасшылары жағынан көптеп ұсыныс хаттар түседі. Астанада тұрып мазасы кеткен император орталықтан 200 шақырым қашықтықтағы демалыс аймағына барып, ұзақ ойларға шомады. «Осы Ұлы қорған салынғалы қаншама хандық ауысып, қаншама қағандар тарих сахнасына шықты. Ол соның қаншасына пана болды? Оны кеше ғана аталарымыздың атты әскері бұзып өтті емес пе? Ұлы қорғанды шекараға, өткел, асуларға емес халықтың жүрегіне салу керек. Сонда ғана ешбір жау ала алмайды. Оның жолы – алым-салықты азайтып, халықтың жағдайын жақсарту, ел бастаған серкелердің ықыласына бөлену», деп ой түйеді. Сонымен салық азаяды, жер иесін табады. Конфуцийдің ілімі дәріптеліп, ол елдің бірден-бір идеологиясына айналады. Соғыста қаза болған Мин патшалығының қолбасшылары мен уәзірлеріне ескерткіш орнатылып, опалылар кітабына енгізіледі. Осындай қадамдарға барған сұңғыла император халық жүрегіне мызғымас ұлы қорған орнатып, ішкі-сыртқы жауларын тәубесіне түсірді.
Жоғарыда біз саралап өткен жағдайлар Елбасының ел жүрегіне орнатқан ұлы қорғаны деп білеміз. Ендігі мақсатымыз – сыртқы саясатта қазіргі қалыптасқан тепе-теңдікті сақтай отырып, алға жылжу.
Айналаға қазақтың көзімен қарап үйренсек, біраз дүниеге қанығамыз. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» дегендей туысқан түркі халықтарының өзара саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын жақсарту Мәңгілік Елдің келешегін көркейтетін бірден-бір төте жол. Латын әліпбиі арамызды жақындатып, рухани әлемімізді жаңғыртады.
Міне, бұл – түркілер балбал тастарға ойып аманаттаған, Шыңғыс ханның Жасақ заңында көрініс тапқан, бабалар тұлпарының тұяғында үміт болып жанған, Есім ханның ескі жолы мен Қасым ханның қасқа жолында арман болып қалған Мәңгілік Елдің мәңгілік мұраты. Бұл арман елес болып Тұран даласын кезіп жүр. Үкілеген үмітіміз, асқақ арманымыз, бәрі-бәрі де осының аясына сыйып кетеді.
Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ, кәсіпкер