Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 1573,5 мың гектарды құрайтын Шымкент агломерациясын дамытуға басымдық берілетін болады. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ондағы негізгі мақсат – қала аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелері шешу. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков мәлім етті.
Оның айтуынша, агломерация – экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендердің шағын аумаққа шоғырлануы.
«Шымкент агломерациясына 9 қала, аудан аумақтары кіреді. Болжамға сәйкес, 2020 жылға қарай агломерациясының халқы 10,3 пайызға артады деп күтілуде. Ал, 2030 жылы агломерация халқының саны базалық кезеңге қарағанда 29,7 пайызға көбейеді» , - деді Бақтыбай Елікұлы.
Сонымен қатар, Шымкент агломерациясы аумағында 2020 жылдың соңына қарай мектепке дейінгі ұйымдарды 35 пайызға, ал білім беретін мектептердің санын 17 пайызға ұлғайту жоспарланған. Бұдан бөлек, стационарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны 2020 жылға қарай 11 пайызға көбейетін болады. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, жалдамалы тұрғын үй құрылысының көлемі де артпақ.
Әзірленген жобаға сәйкес, халықтың көші-қон ағының ұстап қалу үшін «контрмагниттер» деп аталатын ірі елді мекендер дамытылады. Ол үшін оңтүстік бағытта Сарыағаш, ал батыс бағытында Арыс қаласы, сондай-ақ шығыс бағытында Тұрар Рысқұлов ауылы таңдалып алынған. Халықтың ішкі көші-қон орталықтарын дамыту мақсатында серіктес елді мекендер ретінде Леңгір қаласы, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткүл, Шаян елді мекендері белгіленіп отыр.
Айта кетейік, жобада агломерация аумағында өмір сүрудің қолайлы жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік, көліктік, әлеуметтік, рекреациялық инфрақұрылымдарының кешенді дамыту шаралары қарастырылған.