Бұрынғы өткендердің «мас», «мастық» сөзіне деген пайымы бөлек болыпты. Бүгінгі мастықтың кейпі өзгерген. Біздің сөздік қорымызға енген мас, маскүнем бейнесі адамдықтан айныған, беті көлкілдеп ісіп, маңайына сүйкімі кеткен жан. Қарадай қаның қайнап, қандай керемет деген тұлғаның ішімдіктің құлына айналғанын көргенде жаның ауыра тұра сырт беріп, маңайынан аулағырақ кетуге тырысатын күйге түскенбіз.
Өткенде «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Қарекет» бағдарламасының «Ащы су арқалатқан азап...» атты хабарында ішімдікке салынған әкесі үшін шырылдаған жас қыздың зарын естідік. Екінші кейіпкер 45 жастағы соқталдай азамат: «Бұрын менде бәрі болды, үй де, ақша да, абырой да, бірақ бәрінен арақтың кесірінен айырылдым. Болды, мен бұл дерттен арыламын, әйтпесе бір күні далада өлемін», деп ес жиғандығын көрсетіп, мамандардан көмек сұрайды.
Жуырда еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық алкогольден бас тарту күніне орайластырылған
«Біз ұрпағымыздың сау болуын қолдаймыз!» ұранымен ішімдікті шамадан тыс тұтынудың алдын алу бойынша онкүндік өткізілді.
Жалпы, әлемдік деңгейде ішімдікке салыну проблемасы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басым үш мәселенің бірі болуда. Дәрігерлердің айтуынша, 200-ден аса ауру ішімдікті тұтынудың салдарынан туады екен. Бауыр циррозы, қатерлі ісік пен жүрек-қантамыры ауруларының себепшісі болатын ішімдік ішудің зардабы жоғарыдағы бағдарлама кейіпкерлері тәрізді адам тағдырына зиянын тигізумен қатар, адам айтқысыз келеңсіздіктерге, жол-көлік апаттарына да алып келіп жатады. Біреу өмірмен қоштасып, енді біреудің төсекке таңылып, иә қоларбасыз қозғала алмайтын күйге түсуіне де осы спиртті ішімдік себепші. Қылмыстық айыптауларда, жазатайым және қасақана қылмыс жасауда да ішімдіктің кеселді кесірі айтарлықтай. Статистикаға қарағанда 25 пен 39 жастағы адамдардың арасында ішімдік ішу азаймай отыр екен. Дегенмен 1999 жылы біздің азаматтардың ішімдік ішетіндері 55 пайыз төңірегінде болса, 2015 жылғы деректе ол 24,2 пайызға төмендепті. Азайды дегеннің өзінде де проблема жеткілікті.
– Мәселен – дейді Саламатты өмір салты орталығының үйлестірушісі Қанат Хамзин еліміздегі ішімдік ішушілер қатарын негізінен 25 пен 39 жас аралығындағы адамдар құрайтынын есепке алсақ, балалардың іштен ауру болып тууына, отбасылардың ажырасып кетулеріне көбіне осы алкоголь кінәлі болып жатады. Орталық Азия елдері ішінде ішімдік ішу жөнінен біздің еліміз бірінші орында тұр екен.
Ішкілікке құмарлар арасында әйелдердің болуы және оларды емдеудегі қиындықтар, алкоголизм дертіне шалдығушылардың түрлі жастардағы адамдарды айналып өтпейтіні барлығы әлеуметті алаңдатар проблема.
Нарколог дәрігерлер мен Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы қызметкерлерінің айтуынша, әсіресе жастар жағы алкогольден келетін зиянды жете түсіне бермейтін көрінеді. Біз салынып ішпейміз, той-томалақта, ағайын-туыс жиналғанда ғана ішеміз, онсыз той той бола ма дейді. Кейбіреулері алкогольсіз сыра ішеміз, одан келетін ешбір зиян жоқ деп ойлайды. Ал шын мәнінде соның өзі зиянды, мысалы, сыраны мөлшерден асырып ішу гормондарды өзгертіп ер адамды әйелге ұқсатып, керісінше әйелдің дауысы жуандап, мұрты өсіп, еркек кейпіне жақындап кететіні анықталған.
Жасөспірімдердің ішімдік тұтынуы көптеген елдердегі қоғамдық денсаулық сақтау саласының басты мәселесінің бірі. Ересектердің ішімдікті тұтынуына қарап арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы соның ізімен жүреді дегеніндей, жастар ішімдікті еліктеудің, ересек болудың басы санайды. Оның үстіне қатарлас, құрбы-құрдастарымен өзара қарым-қатынасты жақсарту мен жаңа байланыстарды қалыптастыруда еркіндік беретіндей көрініп, жаман әдеттің шырмауына қалай түскенін де аңдамай жатады. Дәрігерлер жасөспірімдердің мас болуы үшін ішімдіктің аз мөлшері де жететінін, бұл мәселеде біздің ақыл-кеңесіміздің жеткіліксіздігін, ата-ананың үлгісі, мектеп пен қоғам мойнына артылар жүктің тең түсуі керектігін айтады.
Кейде бір адамның ішімдік ішуінен басқа адамдар зардап шегіп, медициналық көмек көрсетіледі. Қылмыс жасалуы, қоғамдық тәртіптің бұзылуы орын алатындықтан маскүнемдікпен күреске мемлекеттік ресурстар тартылып жататыны да құпия емес.
Алкогольдің адам ағзасына тигізер зияны жатырішілік даму кезеңінен бастап, қарттыққа дейінгі жеке денсаулық капиталы мен адамдық капиталды төмендетуге алып келеді. Басым көрсеткіштер бойынша, ішімдіктен ең алдымен орта жастағы адамдар, әсіресе ер-азаматтар көз жұмады екен.
Айта кетелік, ДДҰ-ның ғаламдық мақсаты 2025 жылға дейін ішімдікті шамадан тыс тұтынуды кемінде 10 пайызға төмендету болса, елімізде жан басына шаққандағы спирттің жалпы көлемі 2016 жылы – 9,8, ал 2015 жылы 8,2 пайызды құраған.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»