• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қараша, 2017

Ақтауда екі түрме қызметкеріне үкім шықты

337 рет
көрсетілді

Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 мекемесінің екі қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сот отырыстарына тараптармен бірге, осы мекеменің қызметкерлері қатысты.

Сотта анықталғандай, сотталған мекеме бастығының орынбасары қызметін атқарып жүріп, қасақана, пайдақорлық ниетпен, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адам бола тұра, лауазымдық жағдайына байланысты пара алуға ықпал жасай отырып, жалпы қамқорлығы және жол берушілігі үшін мүлiк сипатындағы пара алу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс-әрекетін жасаған. Яғни, жазасын өтеушілердің бірі ағасы арқылы теледидар алдырып, оны пара ретінде сотталушының қызметтік бөлмесіне орнатып берген.

Сондай-ақ, сотталған тағы бір қызметкер жедел бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүріп, қасақана, пайдақорлық ниетпен, заң талабын өрескел бұзып, өз құзыретін асыра пайдаланып, пара алуға жол беріп, оны ақырына дейiн жеткiзе алмай, ауыр қылмыс жасаған. Яғни, ол жазасын өтеушінің бірінің туыстарынан  25 000 теңге пара алуға оқталған.

Сот отырысында олар өздеріне тағылған айыпты ішінара мойындаған.

Сот үкімімен теледидар алған қызметкер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, «әділет капитаны» арнаулы атағынан айырумен бірге, оған параның (64 990 теңге) елу еселенген сомасы мөлшерінде - 3 249 500 теңге айыппұл салынған. Оған қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы бұзылып, сот отырысы залында дереу босатылды.

Сот үкімімен екінші соттталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, «әділет майоры» арнаулы атағынан айырумен бірге, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сот үкімдері заңды күшіне енген жоқ. Үкімге он бес тәулік ішінде тараптар апелляциялық шағым немесе өтініш келтіруге құқылы, деп хабарлады Ақтау қалалық соттың баспасөз қызметі.                                             

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы