Облыстағы бұл ауданға әр жыл сайын оқу бітірген жас мамандар келуде. Бұл күндері ауданда 42 мұғалім, 6 дәрігер қызмет етуде. Аудан әкімдігі жас педагогтарға бір реттік қолдау ақылары төлесе, 25 маманға 66,5 миллион теңге бюджеттік несие ұсыныпты.
Аудандық бюджеттен 6 дәрігерге 500 мың теңгеге грант табысталды. Аудан орталығы Аққулыға аудандық ішкі саясат бөлімінің хабарынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында салынған 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 32 миллион теңге қаражат бөлініпті.
Мәдина Айтқұлова, Сағади мен оның жұбайы Еркежан Әкімбековтердің отбасы, Айдос Нұрбековпен Ұлжан Төлебаевалардың дәрігерлік отбасылары үй алды. Дәрігерлермен бірге Аққулыдағы «Өнер» мектебіне қызметке келген Мәншүк Қадысоваға, аудандық балалар үйінің тәрбиеленушісі Юрий Сургутановқа да бір бөлмелі пәтер берілді. Жаңа пәтерлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жастар үшін барлық жағдай жасалыпты.
Жалпы, өңірде биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 151 жас маман ауылдарға барады деп жоспарланған-ды. Мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын іске асыру бойынша бюджеттен 513,9 миллион теңге бөлу де қарастырылды
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Павлодар