• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Қараша, 2017

«Рухани керуен» ауылдарды аралады

689 рет
көрсетілді

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты білім мен ғылым, мәдениет пен төл тарихымыз, жалпы алғанда ұлт руханиятын кеңінен қамтитын бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны мәлім. 

Бұл орайда өңірімізде көптеген игі шаралар жүзеге асуда. «Туған жерге туыңды тік!» атты жастар форумы, Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуы осының дәлелі десек те болады. Жетісулықтар үшін та­рихи күнде театр ұжымы да қалыс қалмай, «Бабалар аманаты» атты театрландырылған көріністі көпшілік назарына ұсынған еді. Патриотизм ұғы­мын ұлғайтуға бағыт­талған бұл «Туған жер» бағ­дарламасы бола­шақтың іргесін қалар әрбір жас ұр­паққа биік рух, соны серпін, жаңа белес беретіні хақ. Се­бебі, бұл бағдарлама төл тарихымызды да, руханиятымызды да кеңінен қамтиды емес пе? Демек, елім, жерім, Отаным деген жас қазақ­стандықтардың бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуына бір қадам жақындата түспек.

Сондай-ақ мақалада «Ұлт­­тық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыла­ры­мыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» делінген. Бүгінгі таң­да халқымыздың рухани ке­мелденуі мен мәдени өсуіне ықпал етер, тарихымыз бен болмысымыздан сыр шертер өнер шаңырағы театр мен оның бөлінбес бөлшегі актерлердің қоғамдағы рөлі зор. Неміс актері әрі театр режиссері М.Тальхаймер «Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не бәрі жақсы болады деп сен­діруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұс­қап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі», деген екен. 

Биыл көрермендерімізге арнап А.Ықсанның қала­мы­нан туындаған «Хақ жолы» атты әлеуметтік драманы ұсындық. Айта кетерлігі бұл театрымызда сахналанған діни экстремизм мен терроризм тақырыбын қамтыған алғашқы туынды болды. Жетісу жұртшылығына ұсы­нылған әлеуметтік драмада бүгінде күллі әлем халқы үшін бас ауруы болып отырған теріс діни ағымдар мәселесі көтерілді. Мұсылман мен кә­пірлердің арасындағы тартыс, қарапайым қазақ отбасындағы жас жеткіншектердің түрлі діни ағымдардың жетегінде кетуі, сонымен қатар бұл оқиғаның өкінішке қарай қо­ғамдық дертке айналып келе жатқандығы анық көрсетіледі. Бір қуанарлығы, өзекті мәселені қаузаған спектаклді – тек қала жұртшылығы ғана тамашалаған жоқ. Труппа Алматы облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының қолдауымен «Руха­ни керуен» жобасы аясында облысымызға қарасты 25 елді­мекенді аралап келді. Ақ пен қараның, жақсылық пен жаман­дықтың арасы қас-қағым сәт екені белгілі. Осы жағдайлардың тамырын дөп басқан қойылым арқылы қаншама жастарымыз көкейінде жүрген сауалға тұшымды жа­уап алып, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдардың аражігін ажыратқанына сенімдіміз. 

Біздің бұл қарқынмен тоқ­тап қалмасымыз анық. Жаңа маусымға жаңа қойы­­лым­дар да­йындадық. Бүгін­гі таң­да Ел­басымыздың тіке­лей қолдауы­мен, облыс басшыла­ры­ның баста­ма­сымен үш қабат­ты, 510 орынды жаңа театр ғи­ма­­ратының құрылысы қар­қын­ды түрде жүргізі­луде. Алдағы жылы заман тала­бы­на сай жабдықталған, сәулеті келіскен сарайда көрермен­дері­міз­бен қауышатын күнді асыға күтудеміз.

Ғалия ТЕМЕРБАЕВА, 

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры