Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан енді ғана асқан кезеңінде-ақ елдің саяси-экономикалық ахуалын жоғары деңгейде орнықтыра білген Қазақ елі рухани жаңғыру жолында да игілікті жұмыстар атқара білді.
Оның айғағы Елбасы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», т.б. бағдарламалар арқылы біртіндеп жүзеге асырып келеміз. Соның арқасында елімізде салт-дәстүр, бұрыннан қалыптасқан жарасты әдет-ғұрыптың шұрайлы тұстары құлпырып, жаңаша сипатқа ие болып, жастар тәрбиесінде өзіндік орнын алуда. Бұрын тұмшаланып келген тіл мәселесінде, дін мәселесінде лайықты игі қадамдар жасалды. Елдіктің өркен жаюына кедергі келтірмек болған жат діннің кесірі, терроризм мен жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі жолға қойылуда. Өмір – күрес. Ол әсіресе, қазіргідей зымыран заман талабында ұшқыр сипатқа ие болмақ. Сондықтан адамның жан дүниесі, рухани байлығы да жедел қарқынмен дамып, ел игілігіне қызмет етуі қажет.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп әрбір қазақстандық азаматтың атқаруға тиіс міндеттерін айқындап берген тарихи құжат дер едім.
Уақыт талабына сай үш тілде еркін сөйлейтін, білім беру гранттары бойынша білім алған жастарымыздың деңгейін 2010-2015 оқу жылдары олардың 90 пайызы жұмысқа орналасқанынан-ақ аңғаруға болады. Бұл – Елбасы мақаласындағы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деген сөзіне айғақ бола алады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» туралы бірінші бөлімінде: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», – дей келіп, мына мәселені ашық айтты, – «Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Бұл ой санамызда жаңғырып жүр. Өткенімізге топырақ шашып, тарихымызды, ұлы тұлғаларымызды жоққа шығару адамгершілік ар-намысымызға сын болады. Оны Елбасы өзі де «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», деп «Ұлттық кодты – ұлт жадынамасы» екенін ескертіп отыр.
Біз өмір сүріп жатқан ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Негізі, қанша құмарың қанып ішсең де сарқылмайтын, тереңіне бойлаған сайын өзіне баурап алатын жаныңа жаққан ақыл мен даналық шырыны білім екеніне талас жоқ. Ал білім негізі – мектепте, дамыту, жетілдіру, қанаттандыру жоғары оқу орындарының үлесінде. Сол себепті біздің ұжымның да алдына қойған мақсаты – Отанын шын сүйетін патриоттар, көп тіл білетін, креативті және сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті, салауатты өмір салтын ұстанатын, сауатты, өзіне жүктелген міндетті орындауға дайын, жауапкершілікті сезіне білетін ұрпақты қалыптастыруға қызмет етеміз.
Барлық ғалымдардың тұжырымы, жаңғырудың рухани жаңарусыз, адами факторсыз болмайтынын айтады. Осы ой төңірегінде философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы мынадай мысал келтіріпті. «ХХ ғасырдың 20-жылдарында В.И.Ленинмен айтысқан, кейін АҚШ-қа кеткен ресейлік әлеуметтанушы-философ Питирим Сорокин большевиктер көсеміне: «Сіз социализмді, кіммен, қандай адамдармен құрмақсыз? Ресей социализмге дайын емес. Ел надан, адами әлеуеті төмен. Мұндай елде социализмді күшпен, қуғын-сүргінмен құрасыз. Бұл түбі социализмді құртады», – деді. Айтқаны келді. «Нақұрыстар мен қабілетсіз адамдардан тұратын қоғам ешуақытта үлкен табысқа ие бола алмайды. Бір топ сауатсыз надандарға тамаша Конституция берсеңіз де тамаша қоғам құра алмайсыз. Ал керісінше, талантты, дарынды, білімді, дені сау, жігерлі азаматтардан тұратын қоғам сөзсіз, өмір сүрудің жаңа, ілгері жолдарын бастап, табыстарға жетеді», – деді ол. Бұл – өте құнды пікір. Кейін мұны адами капитал деп атады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы адами капитал сапасын жақсарту туралы тапсырмасы осы идеямен үндесіп жатыр. Негізінде, ақпараттандыру дәуірі, сөз жоқ, адамға, оның рухани ұстанымына тіреледі».
Еліміздің үшінші, яғни рухани жаңғыруы мен білімді ұлт, бояу-болмысын жоғалтпаған жұрт атануы тұрғысынан саналы көзқараспен зерделесек, жаһанданудың күмәнді тұстарынан дереу бас тартуымыз қажеттігі көңілге қонады. Онсыз да олардың арбауына еріп салт, дәстүр, ұлттық нақыш сынды қымбат қазынамыздың бояуын солғын тарттырып алдық. Өткенге көз жүгіртсек, жүрегінде иманы, көкірегінен иба-әдебі үзілмеген, аузында дуа, сақалына кие дарыған қазақ болып қалғанымызға не жетсін! Ғасырлар бойы қалыптасқан дағдымыздан жаңылу әсте абырой әпермесі аян.
Батысқа ессіз еліктеушілікке бой алдырып, теледидардағы мағынасыз сериалдарға телміріп, ұлттық салт-дәстүрлерді мансұқтау біздің сана-сезімімізге селкеу түсіргенін мойындамасқа амал жоқ. Бұрын кітап десе, ішкен асын жерге қоятын ересектер де әдетінен жаңылды. Жастармен бірге интернетке телміретіні өтірік емес. Баспасөзді, радио, теледидарды жаңалықтың жаршысы, өнердің тағылымды құралы деген ұғымды адастырып, теледидар әншілердің ермегіне айнала бастады. Журналистер қауымы ығыстырылып, әртістер теледидарды жаулап алды.
Ұлттық сананың қалыптасуы тарихи санадан бастау алатыны мәлім. Тарихи сана қалыптасу үшін де адам ең әуелі өзінің төл тарихын, шыққан ата-тегін білуі керек. Өскен ортаның ел жадында қалған елеулі оқиғаларын сараптамай өсу мүмкін емес. Оны айтып ұғындыратын ата-баба өнегесін қалай назардан тыс қалдырарсыз? Жастайынан көзі қанып өскен өлкенің әр тасы келешекте бағыт сілтейтін ғасырлар қойнауындағы мәңгілік бағдаршамың болып қала бермек.
Бағзы дәуіріміздегі тарихи тұлғаларымыз тұрмақ, тәуелсіз елдің туын желбіреткен марқасқа ерлердің есімін жастардың көбі білмейді. Елбасы сол үшін рухани жаңарудың бір тетігі ретінде қарастырып: «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті қалыптастырудың жобасын» жасауды тапсырды. Ол үшін қазақ мәдениетін шырқау шегіне шығаратын тұлғаларды шеттен іздемей, өз әлеуетімізді пайдаланғанымыз жөн. Ол ұлттық кодты сақтап, жаңғыртуды жеделдетуге септігін тигізеді. Сонда ғана біз: «Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа нық қадам басатын боламыз». Сол арқылы – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыларымыз анық.
Біздің университетте жастардың ерікті әрі еркін ойлы азамат болып қалыптасуына мүмкіндіктер мол. Олар ойларын ашық айтып, пікірталастарда жүйелі сөйлеуге, тұшымды жауап беруге дағдыланады. Ел жайлы толғанып, болашаққа саналы түрде батыл қадам жасайды. ҚазЭҚХСУ-да студенттік өзін-өзі басқару Студенттік бірлестігі (СБ) арқылы жүзеге асырылады. Оның құрамы 24 клуб пен үйірмеден тұрады: Көшбасшылар кеңесі, Интеллектуалдық дамудың үйлестіруші клубы, Дебат клубы, Студенттер үйінің Студенттік кеңесі, «Жас Отан» МК, т.б.
* * *
Қазақ жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол деп аңыз қылады. Сондай мол қазына қазақ елінің өн бойында тұнып тұр. Ол – әдебиет, ән-күй. Күн көру тәсілінің, денсаулық сақтаудың небір тамаша амалы қазақ сахарасында еркін тыныстаудан басталады.
Қазақтың кез келген салт-дәстүрінің астарында терең мағына бар. Оны ғылым дәлелдеп отырғаны шындық. Ендеше «Рух мәдениетін бөтеннен қарызға алуға бола ма?! деп ой толғасаңыз, нәтижесі күнделікті қазақ тұрмысында дайын тұр. Ендеше өзімізде бар дәулетті жаттан алуға неге құмартуға тиіспіз?
Осының бәрін жүзеге асыру бағытында биылғы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауындағы: «Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!», – деген тапсырмасын мүлтіксіз орындауға бар күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз.
Сәрсенғали Әбдіманапов,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры, Жоғары мектеп халықаралық Ғылым академиясының академигі