• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қараша, 2017

Қаңтар-қазан айларында қазақстандықтарға 56, 6 млн тонна отын жеткізілді

361 рет
көрсетілді

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатына «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. 

Ел өңірлеріне көмір жөнелтілімін қамтамасыз ету үшін вагондар саны жеткілікті екенін әңгімелеген ол қаңтар-қазан айлары аралағында компания 83,9 миллион тонна көмір тасымалдағанын айтты. Бұл өткен жылғы деңгейден 11 миллион тоннаға немесе 15 пайызға артық.

«Қазақстандық тұтынушыларға 56,6 миллион тонна отын тасымалданды. Бұл – өткен жылғы деңгейден 17 пайыз көп. Енді жыл соңына дейін 107 миллион тонна көмір тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш те былтырғы деңгейден 17 пайызға жоғары», деді Оралхан Райханұлы. Оның айтуынша, қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы паркіне «ҚазТемірТранс» АҚ ашық вагондар паркі тартылған. Олардың үлесі еліміздегі ашық вагондардың жалпы паркінің 40 пайыздан астамын құрайды.

«Көмір қорларын уақтылы жинау бойынша әкімдіктермен бірлесе жүргізілген жұмыстардың арқасында барлық жылу-электр стансалары қажетті көмір қорымен қамтамасыз етілді. Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігі төңірегіндегі ахуал халыққа арналған көмірді сатып алу және бөлумен кәсіпкерлік құрылымның айналысуынан туындауда. Кей жағдайда олардың жекеменшік вагондары, көмірді сақтау және теңдей бөлу үшін қажетті қоймалары жоқ», деген компания басшысы алдағы уақытта көмір тапшылығына қатысты мұндай жайт орын алмау үшін халық отынды мамыр айынан бастап сатып алуы қажет екенін жеткізді.

Басқосуда белгілі болғандай, көмір жеткізуге байланысты жағдай күнделікті жіті қадағаланып отырады. Әр тапсырыстың қамтамасыз етілуіне тәулік бойы бақылау жасалады, коммуналдық-тұрмыстық сала да назардан тыс қалмайды.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»