Кешегі білімді болуға ұмтылған кеңестік дәуірде өмірден құйрықты жұлдыздай өте шыққан, бар болғаны 15 жасында халық жастарын ізіне ілестірген Ғани Мұратбаевты білмейтіндер некен-саяқ еді. Биыл Ғани Мұратбаевтың 115 жылдығын туған топырағы Қызылорда облысы Қазалы өңірі атап өткені аян. Белсенді жастар арасында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық марапат тағайындалды.
Әр заманның өз жұлдыздары бар. Ғани Мұратбаевтың Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі және БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері болғанын ұмыттырмас естеліктер, көше аттары бар. Егер сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жасар бозбаланың аласапыран кезеңде мәртебелі де өкілетті ұйымның мүшелігіне қабылдануы да тегін емес.
Ендеше сол жарқырап өткен жалынды қыршын қазақты іздейтіндер бар ма? Біздің «Бір суреттің сыры» айдарының аясында, ар жақта бұлыңғыр тартқан Ғани Мұратбаевтың ескерткішінің түбінде гүл ұстап тұрған әжей кім?
Қысқасы, 1924 жылы қазан айында Ғани Мұратбаев Қазалының қызы Бақытжан Құрманбайқызы үйленеді. Бақытжан әжейдің естелігіне сүйенсек, былай дейді: «Мен елден ерекше көрікті болғаным жоқ. Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Бар-жоғы 16 жаста едім. Шамасы, жастар жиналған жерде өткір пікір айтып, көзге түссем керек. Мәжілістен соң Ғанидың өзі келді. Әңгімеміз бірден жарасты. Көп ұзамай бірлесіп отау құрсақ деген ниетін аңғартты. Содан кейін, Ғани екеуміз Мәскеуге келіп, комсомол қызметкерлеріне арналған үйдің аядай бір бөлмесіне қоныстандық. Маған бәрі таңсық Ғани жұмыстан қолы қалт еткенде Мәскеу көшелерін аралататын.
Ғани ажарлы, онымен әңгімелескенде бетіне қарай бергің келетін еді. Жәй сөйлейтін. Біздің қуанышымыз, бақытты күндеріміз ұзаққа созылмады ғой. Ғани 1925 жылы 15 сәуірде 23 жасында «Биік тау» санаторийінде ұзақ науқастанып, сол науқастан көз жұмды. Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді. Ғаниды ақтық сапарға аттандыруға арналған қаралы митингі жасалынды, оған 15 мың адам жиналды...».
Ал сирек суретті түсірген қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев ол кісіні екі рет көріп, фотоға түсіргенін айтады. Ғани Мұратбаевтың мерейтойына орай, Қазалы қаласында ашылған мұражайдың тілек кітабына Бақытжан апай естелік жазып жатқанда түсіріп алдым дейді.
– Бұл суретті 1985 жылдары түсірдім. Қызылорда қаласының орталық стадионы алдында Ғани Мұратбаевтың ескерткіші тұратын. Бір күні сол жерден өтіп бара жатсам, үлкен кісі еңкейіп ескерткішке гүл қойып жатыр екен. Тоқтап қарасам, Бақытжан апай. Жалғыз өзі жүр. Сол жерде осы суретті түсірдім. Апай жылаған-ау шамасы, бетін ормалымен сүртіп тұрды. Көңілсіз өңін көріп, ешқандай артық-ауыс сұрақ қоя алмадым, – дейді Болат Омарәлиев.
Қаншама жылдар өтіп, замана өзгерсе де Ғанидай арысын іздеп жүрген Бақытжан апай жайлы деректер іздестіргенімізде, тыл және еңбек ардагері Шырынкүл Ахметованың Ғани Мұратбаевтың жұбайымен араласқаны жайлы қысқа әңгімесін таптық.
«Бақытжан апаны кездестіріп, дос, туыс болу тарихы марқұм жолдасым Аюп Алдоңғаровтың арқасы. Жолдасым қызмет бабымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етті. 1944 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданына жұмыс бабымен келдік. Міне, сол уақытта Аюп осы Ғанидың жұбайы болған Бақытжан апа мен кейінгі күйеуі Жұмағалимен танысып, дос болып, туыс етіп алды.
Жұмағали аға екеуінен Роза және Болат есімді балалары болды. Білуімше, Бақытжан апа 1992 жылы дүние салған. Ол кісімен 1949 жылдан бері кездескен емеспін... Бақытжан апаның айтуынша, Ғани Мәскеуден елге оралған кез болса керек. Жанында – сенімді «нөкері» Жұмағали Елеусізов болады. Он бес шақты жастың басын біріктіріп, оларды оқуға шақырады. Солардың ішіндегі Бақытжанды жар етіп таңдайды. Сөйтіп қолаң шашты, бота көзді ару Бақытжан апа мен Ғани бас қосады», делінген осыдан бес жыл бұрынғы «Халық» газетіндегі сұхбатта.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ