«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей түседі, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқан тәмсіл сөз еске түскен сайын өнегемен өрнектелген өмірі көпке үлгі болған, халқына адал қызмет етіп, шарапат нұрын шашып өткен ұлағатты ұстаз Құдайберген Жаңабергенұлының жұлдыздай жарқырап дидары көз алдыма келеді. Сыр өңірінің ағартушылық қауымы арасында есімі аңызға айналған бейне көз алдыңа елестейді.
«Ел үшін төккен тер текке кетпейді, ол өзіңе абырой болып оралады» деген бұрынғылардың сөзі бекер емес екен. Құдайберген Жаңабергенұлы ұзақ жылдар бойы адалдықпен атқарған ерен еңбегінің арқасында абыройы өсті, ел құрметіне бөленді. Ол ғылымдағы табанды еңбектің арқасында физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор атанды. Ы.Алтынсарин атындағы бірінші сыйлықтың иегері, «КСРО ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталды.
Құдайберген Жаңабергенұлы жастайынан алғыр, зейіні зерек болып, бойына қазақы рухты сіңіріп өсті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» – деп дана халқымыз айтқандай, оның бойындағы адамгершілік асыл қасиет, алдымен анасының ақ сүтімен дарыса, екіншіден, өскен ортасының тәрбиесі де ерекше еді.
Өмір – өзен, ал замана – соққан жел. 1954 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған қонысындағы №51 ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепті үздік бітірді. Бірақ «халық жауының» баласы деген айыппен «Алтын медаль» берілмеді. Қаршадайынан тағдыр тауқыметін тартты. Озат оқушы болса да сол кездегі жастар ұйымы – комсомолға қабылдамады. Жастайынан саяси жүйенің зардабын көріп өскен, талай-талай арпалыс толқынын кешкен Құдайберген Жаңабергенұлын қатал өмір ерте есейтті. Арманы асқақ азамат 1959 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының физика-математика факультетін бітірді. 1959-1961 жылдары Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылындағы №53 орта мектепте сабақ берді. Балалық шағынан «тар жол, тайғақ кешуге» толы өмірі ұстаздық жолымен ұласты.
Өмір жолында тектілігі айшықталып тұратын Құдайберген Жаңабергенұлы 1961 жылы өзі оқыған Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтына ұстаздыққа шақырту алып, ғылым жолына қадам басты. 1971 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Тағдырдың илеуімен талай қиындықтарды бастан кешіп, мойымаған болаттай берік тұлға, ғылымның сара жолын таңдап, «Кванттық механика», «Электроника негіздері», «Физиканы оқыту әдістемесі» оқу әдістемелік құралдарын, көптеген ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Абай атамыздың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселерімен оздым ғой дегеннің бәрі де ақымақтық» – деген сөзі даналық ой десек, немістің атақты математигі Карл Гаусстың: «Арифметика – математиканың, ал математика – ғылымдардың патшасы» дегені бар ғой. Құдайберген осы қиын соқпақты таңдады.
Тағдыры да, өмірі де өнегелі Құдайберген Жаңабергенұлын өзгелерден дараландырып тұратын ерекше қасиеті – оның қарапайымдылығында болса керек. Қиындықтан жасымай, қуанышқа тасымай салқынқандылықпен өмір сүрді.
Асан Қайғы бабамыздың: «Өмір дегеніңіз мәңгілік алдындағы бір сәттік сейіл-серуен» екендігіне амалсыз көнеміз. Құдайберген Жаңабергенұлы да «келместің кемесіне мініп», фәни дүниеден бақилыққа озды. Өткен күннің белгісі болып соңында игі істері қалды. Жүрегі ашық, жаны таза ол ұстаздар қауымының абызы, қоғамның ұстазы бола білді. Талай бұлақтың көзін ашты, арнасын кеңейтті. Өнегелілік жолында күрескерлік танытты. Жақсы адамдардың өмірі – ұрпаққа өнеге. «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған, жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету – парызымыз.
«Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең», – деп Абай атамыз айтқандай Құдайберген Жаңабергенұлының тұлғасы алыстаған сайын биіктеп барады-ау!
Қайрат АБДУЛАЗИЗҰЛЫ