• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2017

Коммуналдық шаруашылықтың соңғы жаңалықтарын көрсетті

157 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы «Көрме» орталығында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – ЭКСПО және құрылыс-2017» тақырыбында халықаралық форум басталды. Екі күнге жалғасатын шараны «Fair EXPO» мен «ЭКСПО Сервис» компаниялары ұйымдастыруда. Оған Инвестициялар және даму министрлігі, Астана әкімдігі, қазақстандық ТҮКШ-ны жаңғырту және дамыту орталығы қолдау көрсеткен.

 

Басқосудың салтанатты ашылу рәсімінде «ТКШ Қазорталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Ол жақын арада Германиядағы әріптестерімен бірлесіп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инновацияларды енгізуге келісім жасалғанын еске салды. Ол меморандумға сәйкес компаниялар ТКШ-ның жалпы стра­те­гиясы, тұрғын үй қорын басқару саласын­дағы Қазақстан заңнамасын, энергияны үнемдеудегі қанатқақты жобаларды жетілдіру және бірлесіп іске асыру, сонымен бірге инвестициялар, гранттар тарту секілді бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтастық орнамақ. 

Жиында Ресей Федерациясының Қазақ­стандағы сауда өкілдігінің кеңесшісі Вла­димир Бендерский екі ел арасындағы бай­ланыстардың тиімділігін, алыс-берістің ауқымдылығын әңгімеледі. «Әр саладағы тәжірибе алмасуларымыз, сауда-саттық қатынастарымыз қос мемлекеттің ілгерілеуіне үлес қосады. Біздің достығымыз, татулығымыз үлкен жетістіктерге бастауда. Осы жиын да екі ел кәсіпорындарының бірлесе жұмыс атқаруына ықпал етері сөзсіз», деді ол.

Форум барысында көрме ұйымдас­ты­рылып, ТҮКШ және құрылыс саласындағы жаңа­лықтар көпшілік назарына ұсынылды. Онда Астана, Алматы, Степногор, Павлодар, Қа­ра­­ғанды, Қостанай, Шымкент, Орал, Көк­шетау, Ақтөбе, Атырау, Өскемен қала­лары­ның кәсіпорындары құрылыс технология­ларын, жабдықтарын, суды дайындау, кәріз­дендіру, тазарту құрылғыларын, жобалау, жылыту жүйелерін, есепке алу аспаптарын, электр құралдарын көрсетті. Сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Түркия, Бельгия, Қытай, Польша өнімдері де бар.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»