Парламентте Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілік етуімен өткен Үкімет сағатында мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысы талқыланды. Басқосуда негізгі баяндаманы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жасап, саладағы жұмыстың жай-күйі сараланды.
Алдымен сөз алған В.Божко бүгінгі жиында халыққа ұсынылатын сан түрлі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мен оның сапасын арттыру жайы жан-жақты талқыланатындығын ескертті.
«Мемлекеттік қызметтер көрсетуді одан әрі қарай дамыту үшін Ұлт жоспарында атап көрсетілгендей«Мемлекеттік қызметтерді көрсету туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде» заңы қабылданды.Осы мақсатта еліміздің 5 кодексі мен 30 заңына өзгерістер енгізілді. Бүгінде қолданысқа енгеніне екі жыл толған аталмыш заң жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып келеді», деп пікір білдірген В.Божко соңғы жылдары Ұлттық экономика министрлiгi құрған тiзiлiмдегi мемлекеттiк қызмет саны біршама артқанын атап өтті.
«Үкiмет жанындағы ведомствоаралық комиссия мемлекеттiк қызмет тiзiлiмiн тұрақты түрде бақылап тұрады. Олар қажеттi қызметтердi қосып, тиiмсiздерiн қысқартады. Ал 2011-2017 жылдары Ұлттық экономика министрлiгi құрған тiзiлiмдегi мемлекеттiк қызмет саны 5,5 есеге ұлғайған. Қазiр олардың саны 746-ға жетiп отыр. Сондай-ақ, «Электрондық Үкiмет» веб-порталы компоненттерiнiң көмегiмен 435 рұқсат беру құжаты мен 86 лицензия берiледi. Бұл жерде 6 млн портал пайдаланушысы тiркелген болса, оларға 180 млн электрондық қызмет көрсетiлiп, 3 млн лицензия мен рұқсат берiлген», дедi В.Божко.
Осылайша, елімізде Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жаңа қызметтерді жүйелі түрде қолданысқа енгізіп жатқанына жоғары баға берген Төраға орынбасары мұндай жаңашылдықтар туралы БАҚ-та аз айтылатындығына қынжылыс білдірді.
«Мәселен, мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған автокөлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін беруге арналған еліміздегі 14 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі тұрғындар үшін өте қолайлы. Осы орталықтар арқылы тек 2017 жылдың қаңтар-қазанында 314 мыңнан астам жүргізушілік куәліктер беріліп, 1 миллион 218 мыңнан астам автокөлік тіркеуге қойылып, шығарылған. Ал үш жыл ішінде Ішкі істер министрлігі осындай ХҚКО-лар арқылы 15 760 ерекше көлік нөмірлерін сатып, бюджет пайдасына 5 миллиард 548 миллион теңге түсірді. Бұл азаматтар үшін уақыт үнемдеумен қатар,саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қойылған тосқауылдың бірі болып отыр», деді В.Божко.
Алқалы жиында негізгі баяндама жасаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев саладағы жетістіктермен таныстырып, алдағы жоспарларынан хабардар етті. Министрдің мәлімдеуінше таяу уақытта Астанада ашылатын Халыққа қызмет көрсету орталықтарында операторлар болмайтын көрінеді.
«Жақын арада Астанада Digital-ХҚКО ашу жоспарланып отыр. Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режимде алу қарастырылған. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болып табылады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пунктер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен электрондық өтінімдер беретін болады», деді министр.
Сондай-ақ, Д.Абаев өз сөзінде бүгінгі таңда «Электрондық үкімет» пен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін үйлестіру мен дамыту шаралары қолға алынғанын да айтты. Оның атап өтуінше, қазір мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толықтай электрондық нұсқада жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайда адамдардың ХҚКО арнайы келуі қажет етілмейді.
«Мысалы, бала туғанда, ата-анасына туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарламалар келеді. Өтініш беруші мемкорпорацияға мемлекеттік қызмет нәтижесін алып кетуі үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады», деді Д.Абаев.
Жиын барысында министр Дәурен Абаев алға тартқан деректерге депутат Омархан Өксiкбаев өз уәжін келтірді. Ол қарапайым халықтың әлі де болса кезекте тұрып, қағаз соңында жүргенiн айтты.
«Мемлекеттiк қызмет көрсету саласында жұмыстардың атқарылып жатқанын көрiп отырмыз. Онсыз да осылай болуы тиіс. Өйткенi, бұл салаға Елбасының өзімұқият көңiл бөлуде. Дегенмен, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қашан барсаң да адам толып отырады. Әрине, өмiрде керектi қызметтер көп, бiрақ халықтың сол жерде кезекте тұратыны сұрақ тудырады. Менiң ойымша, бұл мемлекет көрсететін қызметтiң көптігінен орын алуда. Президент оларды мүмкiндiгiнше азайтып, бәсекелестiк ортаға беру керек деген болатын», дедi О.Өксiкбаев.
Ал оның сұрағына жауап берген Ұлттық экономика вице-министрi Айбатыр Жұмағұлов болса, халыққа ұсынылатын мемлекеттiк қызметтер санын көп деп санамайды екен.
«Бүгiнгі таңда бiзде барлығы 746 мемлекеттiк қызмет бар десек те, болашақта бұл тізілім санын арттыруды көздеп отырмыз. Өйткені, шет мемлекеттермен салыстырсақ, кейбiр елдерде көрсетілетін қызмет саны 2 мыңға жуықтайды», деді вице-министр. Ал министр Дәурен Абаевтың айтуынша, көшірмесі талап етілетін кейбір құжаттар саны қысқартылатындығын кесіп айтты.
«Осы 746 мемлекеттiк қызметтiң 621-i немесе 85 пайыздан астамын тұрғындар«Азаматтарға арналған үкiмет» арқылы алады. Қазiргi кезде елiмiз бойынша 349 фронт-кеңсесi бар. Ол жерлерде жұмыс iстейтiн 22 мың қызметкер жыл сайын 34 млн-нан астам қызмет көрсетедi. Ал «Электрондық Үкiмет» арқылы 452 мемлекеттiк қызметке еркiн қол жеткiзуге болады. Бүгінде 190 млн-нан астам электрондық қызмет ұсынылды. Мемлекеттiк корпорация жұмысының маңызды бағыты – шалғайдағы ауыл тұрғындары үшiн қызметтердiң қолжетiмдiлiгiн арттыру. Осы мақсатта Қазақстан бойынша 70 мобильдiк қызмет көрсету орталығы ауылдарға шамамен 13 мың рет барып, қызмет көрсетедi. Бұдан бөлек, қызметтердi «Қазпошта» кеңселерiнде ұсыну жөнiнде бiрлескен жоба да жүзеге асып жатыр», дедi Д.Абаев.
Министрдiң айтуынша, мемлекеттiк қызметтердi оңтайландыру жұмысы қарқынды жүргiзiлiп жатыр. Қазiр тиiстi 36 жол картасы келiсiмнен өтуде. Бұл ретте қызметтердi электронды үлгіде көрсетуге баса көңiл бөлiнуде.
«Жалпы, 104 мемлекеттiк қызмет бойынша ұсыныстарды мүдделi мемлекеттiк органдар жүзеге асырған жағдайда бiр жылда 30 млн-нан астам құжаттың көшiрмелерiн талап ету қысқартылады. Сол сияқты азаматтар тарапынан сұралатын негізгі құжат –мекен жай анықтамасы болғандықтан, егер мүдделі мемлекеттік органдармен мәмілеге келсек, жоғарыда ұсынылған 30 млн құжаттың жартысын электронды жүйе арқылы қысқартқан болар едік. Сонымен қатар, 12 қызмет бойынша азаматтың жеке өзi келуi қажет етiлмесе, қызмет көрсету мерзiмі орташа алғанда 11 күнге қысқартылады», дедi Дәурен Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар министріне депутаттар тарапынан жолданған сауалдардың арасында ХҚКО-да сақталатын мәліметтердің қауіпсіздігі мәселесі де болды. Депутат Снежанна Имашеваға жауап беру барысында министр Алматыдағы ХҚКО орын алған оқиғадан соң, өзіне қатысты деректерге алаңдаушылық білдірген азаматтардан арыз түскендігін айтты.
«Бізге «ХҚКО қызметкерлері рұқсатсыз жеке мәліметтерімді пайдаланды» деген 60 арыз түсті. Алайда, біз тексерген барлық дерек расталмады. Яғни, адамдар өздері келіп анықтама алғанын ұмытып кеткен. Егер біз қазір азаматтардың ыңғайына қарай жығылмасақ, онда ХҚКО тағы да ұзын сонар кезек болады. Сондықтан біз үшін екі жол бар: азаматтар өздерінің дағдыларын жақсарту керек, содан кейін біздегі бар ақпарат жүйелерін интеграциялау керек», деді Д.Абаев.
Сонымен қатар, отырыста сөз алған депутат Майра Айсина ХҚКО қызметкерлерінің жалақысы 2012 жылдан бері қайта қаралмай, 75 мың теңге шамасында қалып қойғандығына көңіл бөлуді сұрап еді. Министр өз жауабында қызметкерлердің жалақысы келер жылғы қаңтардан бастап жоғарылатуды қарастырып жатқандығын жеткізді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.
«Егемен Қазақстан»