• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қараша, 2017

Ауыл тұрғыны мешіт, Мәдениет үйі мен спорт модулін салып берген

466 рет
көрсетілді

Жақында облыстың ең шалғайындағы, Барқытбелдің баурайындағы Үржар ауданының Көлденең ауылына жол түскен. «Осында туған ауылын шашау шығармай, береке-бірлігін жарастырып ұстап отырған, мешіт, Мәдениет үйі мен спорт модулін өз қаржысына салып берген Мамырбек Қарашев деген азамат тұрады» дегенді естіп, кездесіп, тілдесуге құмартқанбыз. 

Бірден жолығудың сәті түспеді. Бірақ өзімен жүздескенше жолай кездескен адамдар арқылы Атымтай жомарт жігіт ағасының ауыл игілігі жолында атқарған жұмыстарына қанығып,  біршама тани, біле түскендей болғанбыз.

«Ол кісі осындағы 1996 жылы құрылған «Юбилейный» ЖШС-ін бірнеше жылдан бері басқарып келеді. Мектепті осы ауылдан бітірген. Содан бері осы жерде. Туған ауылынан кіндігін үзген емес. 2008 жылы ауылға мешіт салып берді, келесі жылы қатымхана ашты. 2010 жылы өз қаржысына спорт модулін тұрғызып, ауылдастарына сыйға тартты. Ауылда көп жылдан бері қараусыз қалып, қаңырап тұрған Мәдениет үйін 24 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп, 2014 жылы қайтарымсыз түрде мемлекеттің қарамағына берді. Осының арқасында елді мекендегі 10-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкер ауылдағы өлім-жітім, той-томалақ кезінде де көмектесіп тұрады. Басқа жақтан көшіп келген, жағдайы төмен жұмысшыларға, жас мамандарға үй сатып алып береді. Келесі жылы жұмысшыларына арнап 2 пәтерлі үй салуды жоспарлап отыр. Қазір сүт фермасын салып жатыр. Жақында ашылса, талай кісіге жұмыс табылады», деген бізді елді мекен сыртында қарсы алған Көлденең ауылдық округінің әкімі Сайлаухан Истемесов.

Екеуара әңгімеден аңғар­ға­нымыз, бүгінде ауылдастарының арқасүйеріне айналған Мамырбек Қарашев барлық баспалдақтан өтіп, өмірдің ыстық-суығын аз татпаған секілді. Сегіз жыл комбайнның құлағын ұстапты, 10 жыл мал бағыпты, ұзын ырғасы 31 жыл қарапайым жұмысшы болып тер төгіпті. 1994 жылы комбайн жүргізуден Қазақстанның чемпионы атаныпты. Содан да болар ауылдастарының ешқайсысы қулығын асыра алмайды екен. Бұл кісі сыртынан бір қарап кетіп бара жатқан малдың ішінде қайсысы ауырып тұрғанын, қайсысы ақсақ, қайсысы тоқсақ екенін, жүріп бара жатқан көліктің қандай ақауы барына дейін біліп қоятын көрінеді. Бірде мынадай қызық болыпты. Арбаға шүмшитіп шөп тиеп алған ауылдың бір жігіті ойында ештеңе жоқ, ағамыздың алдынан шықпай ма? Арбаны тоқтатқан кейіпкеріміз «баяғыда жас шағымызда осылай шөп тиеп, астына жем салып алушы едік» деп әзілдеп, сол жерде ауылдасының «қылмысын» әшкерелеп тас­тапты.

Іздеген адамымызды жұмыс басынан кезіктірдік. Қарапайым екен, іске мығым болғанымен, сөзге сараң секілді көрінді. «Ауылыңызға осындай іс жасапсыз, әйтіпсіз, бүйтіпсіз» деп бастап келе жатыр ек: «Мұның бәрі халыққа, елге қажет дүние ғой. Ауылға көмектеспегенде қайда көмектесеміз? Бүгінгі жеткеніміз, асып-тасып жүргеніміз – осы ауылдың арқасы. Осында алған білімнің арқасы. Перзенттік парыз деген болады. Соны ешқайсымыз ұмытпауға тиіспіз. Осы ауылда туып-өстік. Ер жеттік. Боқ дүниені өзімізбен бірге арқалап кетпейміз ғой. Жасап жатқан істеріміз ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса, кейінгі буын осыны жалғастырса дейміз», деп қысқа қайырды.

Темекі тартар мезеттегі әңгіме барысынан түйгеніміз, кәсіпкер басқаратын «Юбилейный» ЖШС мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Өздерінің наубайханасы да бар. Халық нанды осы жерден сенесіз бе, сенбейсіз бе, 50 теңгеге сатып алады. Көлденең ауылының 114 тұрғыны еңбек ететін мекемеге агроном, зоотехник, инженер, мал дәрігері секілді мамандар қажет екен. М.Қарашев жақында ауылдағы мектепке барып, осы мамандықтарды игергісі келетін оқушыларды университетте тегін оқытып, кейін жұмысқа алып, баспанамен қамтуға әзір екенін айтыпты. 

Ауылға әдейілеп келіп тұр­ған­нан кейін кәсіпкер салдырған спорт модулін де тамашаладық. Іші қыз-қыз қайнап тұр. Бір бұрышта балғын бокс­шылар, бір шетте жас балуандар, ортада волейбол ойнаған бойжеткендер.  Кейіпкеріміз арнайы шақырып, баспана алып берген Қанатжан Дүйсенбаев бес жылдан бері осында бокстан бапкерлік қызмет атқарып жатыр екен. Шәкірттерінің алды аудан, облысты қойып, республиканы бағындырып үлгеріпті. Қазір Өскемендегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқитын шәкірті Ернұр Сымашев жақында Көкшетауда өткен рес­пуб­ликалық турнирде топ жарыпты. «Алты баламыз қазір спорт мек­тебінде оқып жатыр. Төртеуі – Өс­ке­менде, екеуі Талдықорғанда. Бұл жерден әлі талай чемпиондар шы­ғады деп ойлаймын», дейді бап­кер.

Көлденеңде бокстан бөлек шаңғы, волейбол, қазақша күрес пен жеңіл атлетика да жақсы дамыған. Ауылдың волейболшы қыздары ауданда қарсылас шақ келтірмей, облыста жүлдегер атанып жүр. Осы модульде жаттыққан Мөлдір Бисенова волейболдан жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында үшінші орынды иеленіпті. Қары қалың болса да, қысы жайлы ауылдың тағы бір түлегі Жәнібек Садықов қазір Полторанин секілді әйгілі шаңғышылардың қаласы Риддерде шеберлігін шыңдап жатқан көрінеді. 

Модульден шыға берістегі аулада елді мекеннің 76 жастағы тұрғыны Қайныш Малшыбаевамен  аз сөйлесіп, ауыл туралы сұрадық. «Бұл жердің бәрі бұрын қалың тоғай болатын. Келіп отын алатынбыз. Қазір міне, қандай ғажап! Жайнап тұр. Ауылымыз жақсы дамып жатыр, тәубе.  Азаматтар аман болсын», деді көпті көрген қария. 

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,  Үржар ауданы