Биылғы қыс Алматылықтарды бірқатар жағымды жаңалығымен қуантпақ. Оның бірі шаһарда тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін 6 сырғанау алаңы ашылатын болады.
Саламатты өмір салтын ұстанатын қала жұртшылығы мен қонақтары онда қалаған уақытында тегін сырғанақ теуіп серги алады.
Шағын мұз алаңқайы желтоқсан айының алғашқы күнінен бастап іске қосылады. Сырғанау алаңдарының барлығы заманауи стандарттарға сай жаңа технологиялардың көмегімен жасалып жатыр. Қала жұртшылығына қуаныш сыйлаған әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қала әкімдігі мұрындық болған. Мамандар жаңа сырғанау алаңқайлары Алматының мың құбылған ауа-райына орайластырылып жасалғанын айтады.
– Бұл мұз алаңдары күн райы қалай болғанына қарамастан, тіпті 10 градус жылы болса да ерімей қатып тұра береді. Яғни, алаңдардың арнаулы тоңазытқыш құралы мұзды ерітпеуге қолайлы температураны қамтамасыз ете алады. Ауа райына қарай температуралық режим жүйесін орнатамыз. Демалушыларға кез-келген уақытта келуге ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалады – дейді құрылыс компаниясының басшысы Мұхаммеджан Өсер.
Қаланың бірнеше аумағында ашық мұз алаңдарын құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай тәулік бойы жұмыс істейтін сырғанау алаңдары барлық келушілер үшін ақысыз. Тек, демалушылар өзімен бірге конькилерін ала келуі тиіс. Сондай-ақ сырғанау алаңдарының маңында тамақтануға арналған арнаулы орындар мен конькилерді жалға беру орталықтары жұмыс істейтін болады. Ұйымдастырушылар олардың бағалары бұқара халыққа қол жетімді болуы әрдайым қадағаланып отыратынын айтады.
Спорт басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек аумағы 850 шаршы метрді құрайтын су жаңа сырғанау алаңы қаладағы Тұңғыш Президент саябағында, сонымен қатар шаһардағы Жібек жолы-Абылай хан, Жандосов-Шаймерденова, Әл Фараби-Ремизовка көшелерінің қиылысында және Жетісу ауданы әкімдігінің маңында сондай-ақ, «Март» сауда орталығының жанында салынып жатыр. «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында қолға алынып отырған игі бастама спорт сүйер Алматылықтар үшін биылғы қыстың басты жаңалықтарының бірі болмақ.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ