Жуырда ғана Екібастұздағы «Богатырь Көмір» компаниясында 2009 жылы басталған СРс(К)-2000 белгісі бар роторлы экскаваторларды жаңарту бағдарламасы аяқталды.
Өндірістік техниканы қайта жабдықтау үдерісіне қатысқан жөндеуші-мамандар, №2147 экскаватор бригадасы бұл жұмысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Жалпы, «Богатырь Көмір» компаниясы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Самұрық-Энерго» АҚ және Ресейлік «РУСАЛ» компаниясымен бірге көмір өндіретін бірлескен кәсіпорын. Бұл күндері «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне Екібастұз көмір бассейнінен өндірілетін көмірдің 40 пайызы, еліміз бойынша өндірілетін көмір көлемінің 60 пайызы тиесілі. Әлем бойынша «Богатырь Көмір» ЖШС ашық тәсілмен көмір өндіретін ірі кәсіпорын екенін білеміз.
Серіктестіктің бізге берген мәліметінше, Екібастұз қазаншұңқырындағы көмір алабының қоры 2,75 млрд тоннаны құрайды. Ал кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 42 миллион тонна көмір өндіруге жетеді. Оның 32 миллион тоннасы «Богатырь» кенішіне, қалған 10 миллион тоннасы «Северный» кені- шіне тиесілі. Биылғы жылдың 9 айында «Богатырь Көмір» ЖШС 29 миллион тонна көмір өндірсе, еліміздің көмір нарығына жөнелтілген көлем 22 миллион тоннаны құрайды.
Өткен аптада кәсіпорындағы күрделі жөндеу, жаңарту үдерісінен өткен №2147 роторлы экскаваторды қайта іске қосу үшін арнайы сынақ өткізілді. Өндіріске түспес бұрын жұмыс барысындағы барлық механизмдер мен тораптар тексеріліпті. Бұған дейін де «Богатырь» кенішінде әр жылдарда техникалық қайта жабдықтау үдерісінен бірнеше роторлы экскаваторлар өткенін жазғанбыз.
Биылғы жылдың он айлық жұмыс барысын «Богатырь Көмір» ЖШС-нің жөндеу жөніндегі директоры Владимир Кочерга былай деп қорытындылады:
– Бүгін біз СРс(К)-2000 роторлық экскаваторын жаңарту бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаны аяқтап отырмыз. Компания экскаватордың техникалық жаңартылуына ғана 3 млрд теңге жұмсады. Жүргізілген жаңарту мен күрделі жөндеуге сенім мол, енді көмір қазу үдерісінде бұл экскаватордың қуаттылығы артады деген сөз. Автоматты бақылау жүйесі кеншілердің жұмысын жеңілдетеді. Жаңарту барысында электр жабдықтары, кабельді өнім, конвейер жетектері, роторлы дөңгелектер ауыстырылып, басқарудың заманауи жүйесі мен машинистерге жаңа кабиналар орнатылды. Жаңарту экскаватордың қызмет ету мерзімін тағы 10 жылға созуға мүмкіндік береді.
Компания басшылығы кадрларды даярлау және қайта даярлау үрдісіне мән беруде. Яғни жұмысшыларды бірден бірнеше мамандыққа оқытуды қолға алу жұмысы жүргізіледі. Жүргізілген жаңартуға үлес қосқан СРс(К)-2000
№ 2147 роторлы экскаватордың бригадирі Андрей Пешковтің айтуынша, бұл экскаваторда ол 30 жылдан бері жұмыс істейді. Жөндеу бригадасы бәрін мұқият және сапалы түрде орындап шығыпты. Өйткені бәрі де алдағы уақыттарда осы машинамен жұмыс жасайтындарын біледі. Тіпті жөндеу үдерісінде жаңа жабдықтың жұмыс істеу қағидасын да зерттеп көріпті. Кеншілердің көңіл күйлері көтеріңкі. Алда келе жатқан мерекелерге тарту жасадық дейді олар.
Иә, Андрей айтқандай, тағы бір жаңғырту жұмыстары аяқталды. Енді «Богатырь Көмір» ЖШС кеншілері жаңартуға байланысты үзілістен кейін басталатын екпінді жұмысты асыға күтуде.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы