Ел экономикасын одан әрі дамытудың басты кепілінің бірі – технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру болып отыр. Бұл міндет Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының басты өзегін құрайды.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, мұның өзі дәстүрлі базалық салаларды дамытуға соны серпін бермек. Осы орайда өнеркәсібі өркен жайған Ақтөбе облысында тың іс-шаралар кешені белгіленіп, жүзеге асырылып келеді.
Жаңғырту бұрыннан бар индустриялардың екінші тынысын ашып, оның өрге озуы үшін қосымша қаражат құюмен ұштасатыны белгілі. Сайып келгенде аймақта қолға алынған жаңғырту жұмыстарына тән басты ерекшелік – әрбір кәсіпорынмен дербес жұмыс істеу үрдісі енгізілгені. Тиісті жол картасы да осы мақсатқа ыңғайластырылған. Биыл облыста жаңғыртылуға тиісті нысандар қатарына аз да емес, көп те емес, ұзын саны жиырма кәсіпорын енгізілген. Оның иелері өз өндірістерін нығайту үшін 12 миллиард теңге инвестициялық қаражат құю жөнінде есеп жасапты. Арнайы тізімге енбесе де, өңірде өндірістің әртүрлі салаларында бұл бағытта қадам жасай бастаған кәсіпорындар қатары көбейіп келеді.
Талпыныстар нәтижесіз де емес. Егер соңғы үшінші тоқсанның қорытындысында өңірдегі барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу деректері тіркелсе, мұнда жаңғырту жолын ұстанған өндірістік кәсіпорындардың елеулі үлесі бар екеніне шек келтіруге болмайды. Сондай-ақ осы уақыт аралығында өңір өңдеу өнеркәсібінен еліміз бойынша бірінші орынды иеленгені де жұмыстың жеміссіз емес екенін көрсетеді. Айталық, өндірілген өнім мен шикізаттың көлемі жөніндегі астрономиялық сандарды алға тарта сөйлейтін өңір басшылары бар. Бұл соншалықты мақтан тұтуға, желпініп айтуға тұрарлықтай көрсеткіш бола алмаса керек. Өйткені өнімді өндіру бар да, өңдеу бар. Тіпті екеуінің айырмашылығы жер мен көктей десе де болады.
«Қазіргі қолда бар деректер өткен тоғыз айдың ішінде он бес кәсіпорында 9,5 миллиард теңгенің жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін айғақтайды. Алдағы мақсат жыл аяғына дейін жоғарыда көрсетілген межеге жету. Әрине, кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жалаң дерекке құрылмауға тиісті. Дегенмен егер оның қорытындысында еңбек өнімділігі өсіп жатса, алға қойылған мақсаттың орындалғаны емес пе? Бұл бағытта ақтөбелік өндірісшілер жыл қорытындысы бойынша еңбек өнімділігін 12,5 пайызға көтеруді көздеп отыр», деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Сонымен бірге ол өңірде өнімнің өзіндік құны мен қайта өңделуін тереңдету жөнінде де ауқымды шаралар белгіленгенін айтып берді. Бүгінгі таңда облыста жаңа желілерді іске қосу есебінен шығарылатын өнімнің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелері де қоса ойластырылып отырғаны жаңашылдықтың бір жаршысындай әсер қалдырады. Сөз жоқ, бұл тиімділік пен пайда әкелетін жобалар қатарын толықтырмақ.
Қазіргі кезде облыста бәсекеге қабілетті ірі кәсіпорындардың индустрияландыру деңгейін көтеруге жан-жақты көңіл аударыла бастағаны да үлкен сенім туғызады. Осы арқылы экспорттық өндірістерді дамытуға жол ашылары анық. Ең бастысы осындай тәсіл арқылы жыл аяғына дейін өндірілген өнімнің қосымша өсімі мен өндірістік басқару технологиясын жаңа деңгейге көтеру қарастырылған. Екінші тұрғыдан алғанда, бұл импорттық тауарлар мөлшерін елеулі түрде шектеуге жол ашатын игі іс болмақ.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртумен қатар облыста құрылыс саласына да жаңаша көзқарас енгізу мәселелері ойластырылған. Мұндай өміршең бастама бірінші кезекте жергілікті құрылыс индустриясының өнімдерін пайдалануға басымдық беруден көрініс тауып отыр. Оның нәтижелері де тәп-тәуір деуге болады. Қазіргі күні аймақтағы құрылыс компаниялары өздеріне қажетті материалдардың 80 пайызын жергілікті жерден пайдаланады. Әрине бұл арада өңір аумағында цемент және металл секілді құрылыс материалдарының түрлері өзге өңірлерден жеткізілетінін жасырып қалудың ешқандай жөні жоқ.
Қысқасы, жаңғырту жұмыстарының өрісі де, ауқымы да кең болса, бұл жағдай Президент Жолдауында айтылған кешенді міндеттердің ойдағыдай орындалуына толық негіз қалайды. Бұл ретте оған тек ірі кәсіпорындарды ғана емес, сонымен бірге орташа өндіріс орындарын тартудың тиімділігі де мол болмақ. Қазір облыста атқарылар істің басты салмағы осы мәселеге қарай ойысып келеді. Сондай-ақ өңірде жаңғырту мәселелеріне қатысты іске асып жатқан кешенді шаралар оған әлеуметтік салалардың да қатысуын көздейді. Бұл орайда ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі кезінде көпшілік танысқан жобалар ендігі кезекте ел игілігіне қызмет жасауы керектігі бұл істің арқауы болмақ. Өткен қазан айында Ақтөбеде өткізілген инвестициялық форумның басты желісі дәл осы мәселеге арналған-ды. Мұндағы басты мақсат – өміршең технологияларды жергілікті өндіріс орындарына орнықтыру.
Түйіп айтқанда, облыстағы ірі кәсіпорындар алдағы жылдары технологиялық жаңғырту ісіне аса қомақты қаражат бөлуді ойластырып отыр. Әлбетте басты мәселе тындырылған іс пен түпкі нәтижеде емес пе? Осы орайда ақтөбелік өндірісшілер жаңғырту ісіне жұмсаған қаражатының мөлшеріне сай бұдан тиісті қайтарым алатынына сенім білдіргіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ