Сап түзегеніне ширек ғасыр толған төл әскеріміз елмен бірге есейді. Бұғанасы қатып, буыны бекіді. Бұл – 25 жылдың биігінен қарағанда берілген баға.
Биылғы жыл да Қазақстан Қарулы Күштері үшін мерейлі болды деп айтуға толық негіз бар. Жыл басынан бері Қазақстан әскерінің қатысуымен өткен ірілі-ұсақты оқу-жаттығулардың әлеуетімізді айқындап бергені сөзсіз. Бір мезетте бес мемлекеттің аумағында өткізілген Халықаралық армия ойындарында да жұлдызымыз жанып, жүлделі орынға көтерілуіміз, алдымен Қарулы Күштердің қауқарының қай деңгейде екенін дәлелдесе керек. Бұл сайдың тасындай сайыпқырандарымыздың төккен тері мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Бағзы заманның баһадүр жырауларынша қайырсақ, «түн қатып жүріп, түс қашпай» жауынгерлік кезекшілік атқаратын «әр сардар мен сарбаз біздің жалғызымыз!».
Қарулы Күштер үшін де жылжабар шақта өткен кезеңде атқарылған іс-шараларды сараптап, талдау жасау заңдылық. Әңгімеміздің басында ерекше бөліп айтқан жауынгерлік даярлық, оған қоса әскери тәртіп, әскерилердің әлеуметтік қамтамасыз етілу мәселелері күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Қалам ұстаған әріптестеріміз де әскердің тыныс-тіршілігі мен ондағы жылт еткен жаңалықтарды жарыса жазып келеді. Біз осы жыл бойы атқарылған іс-шаралардың ішінен елді елең еткізерлік жаңалық болған бірер тақырыпқа ғана тоқталмақпыз.
Жастар – қоғамның күретамыры. Қазіргі таңда жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерін дәріптеу, спортқа баулу һәм саламатты өмір салтын насихаттау Қарулы Күштердің басты ұстанымына айналып отыр.
Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары еліміздегі әскери-патриоттық клубтардың саны 13 есеге көбейсе, оқушыларды әскери-патриоттық шараларға тарту 70 пайызға дейін артқан. Осыдан-ақ, жастардың бос уақыттарында білім алып, әскери істі меңгергісі келетінін оңай аңғаруға болады.
Сонымен қатар бұл Қорғаныс ведомствосы басшылығының болашақ ел қорғандарына тәрбие беру саясатын түбегейлі өзгерткендігін білдіреді. Қарулы Күштердің мұрындық болуымен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып, сапасы артып келеді. Оның жарқын мысалы ретінде жыл сайын маусым айында «Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтетін мемлекеттік деңгейдегі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын айтуға болады.
Биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілген жас патриоттар жиыны Қазақстан Қарулы Күштерінің әлем алдындағы мәртебесін тағы бір өсіріп тастағаны сөзсіз. Бастысы, Мәңгілік елге тірек болар Ұлы даланың болашақ сардарлары мен сарбаздарына лайықты тәрбие беріп жатқанымыз қуантады. Ұлы мұрат жолындағы игі шаралар осындай болса керек.
Қазақ халқы үшін қалам мен қару қашанда қанаттас ұғымдар. Бастауын жауынгерлік жыраулар поэзиясынан алып, алтын арқауы Бауыржан Момышұлына дейін ұласқан әскери тақырып ХХІ ғасырда да жалғасын тауып келеді. Биыл Қазақстан Қарулы Күштері өзінің ширек ғасыр тарихында тұңғыш рет республикалық деңгейдегі баспасөз фестивалін жариялап, журналистерді дүбірлі додаға шақырды.
«Әскер Медиа – 2017» деп аталатын бұл байқау шын мәнінде Отан қорғаушылардың ашықтығын, олардың жұмысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара үйлесім тауып жатқанын дәлелдей алды деуге толық негіз бар. Аталған фестиваль еліміздің медиа-ортасында айтарлықтай беделге ие болды десек артық айтқандық емес. Фестиваль аясында бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштердің қызметі, ондағы әскери қызметшілердің азаматтық келбеті білікті әрі дәйекті түрде жарияланды. Бұл бастама, сонымен бірге қоғамның төл әскері туралы жағымды көзқарасын қалыптастыруға да оң әсер еткені сөзсіз. Негізінен, аталған жоба осындай басты ерекшеліктері арқылы өз үдесінен шыға білгенін бөліп айту керек.
Сонымен, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 9 аталым бойынша 200-ге жуық автор өтінім берсе, келіп түскен материалдардың саны 300-ге жуықтаған. Баспасөз бен телевизия саласының майын ішкен кілең «сен тұр, мен атайын» мықтылардан құралған қазылар алқасы осы өтінім берушілердің арасынан 50 автордың жұмысын ақтық сынға лайық деп бөліп алып шыққан болатын. Топжарғаны – 9.
Осы жерде әскери орта мен жалпы қоғамның айтарлықтай қызығушылығын тудырған бұл жобаны болашақта халықаралық деңгейде ұйымдастырсақ қалай болар екен деген де ұсыныстардың болғанын айта кеткен жөн. Несі бар, елдің атын шығарар ерлер барда кез келген байрақты бәсекеде атымыз озары аян ғой.
Халықаралық қоғамдастықты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жетістіктері туралы нақты әрі шынайы деректермен ақпараттандыруға лайықты үлесімізді қосып жатсақ, ол құптарлық іс. Әрі ондай ауқымды шараны Қорғаныс министрлігіне қарасты Ақпарат және коммуникациялар департаментінің креативті басшылары жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізері даусыз.
Сонымен қатар, биылғы қараша айының алғашқы онкүндігі Қарулы Күштер үшін қарбаласқа толы болды. Астанада жоғарыда сөз болған «Әскер Медиа» фестивалінің қорытындысы шығарылды. Командирлер мен олардың тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары Қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысында бас қосты. Оған олармен өткізілген оқу-әдістемелік жиындарды қосыңыз.
Қарулы Күштердің Ұлттық әскери патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың жетекшілік етуімен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйымдастырылуы бойынша жиын өткізілді. Бұл бір қарағанда көп жиындардың бірі сияқты көрінгенімен, негізінен бұны Қарулы Күштердегі жаңа бастама десе болады. «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға сүйенсек, бұл институттың берері көп болмақ.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде 2017 жылы әскери қызметшілердің отбасыларында моральдық-психологиялық климатты нығайту, олардың рухани-адамгершілік және мәдени-тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйымдастырылуы бойынша қызметтер құрылған болатын.
Жаңа жобаның әскеріміздің жауынгерлік қабілетін нығайтуға қосар үлесі келер күннің еншісінде. Тек, жаңа жобаға жанашырлық танытсақ болғаны.
Мұхарбек МАХАМБЕТ, подполковник