Жиында ұйым жетекшілігінде орын алған өзгерістер белгілі болды. Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы болып Бақытжан Әбдірайымов сайланды. Бақытжан Жарылқасынұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заң және сот-құқық реформалары жөніндегі комитетінің мүшесі. Сондай-ақ халықаралық Түркі әлемі Заңгерлері қауымдастығының президенті және халықаралық заңгерлер одағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі.
Отырыста федерацияның бұрынғы басшысы Әбілғазы Құсайынов соңғы жылдары түрлі саладағы екі миллионнан астам қызметкерлердің басын қосқан бірлестіктің еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтауда, жұмысшыларды әлеуметтік кепілдік пен еңбекақы төлемімен қамтамасыз етуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін және 2015 жылы Қазақстан кәсіподақтары федерациясы халықаралық кәсіподақтар федерациясының толық мүшесі атанғанын айтты.
– Аталған бірлестік 162 елдің 176 миллион қызметкерінің басын біріктіріп отырған әлемдік ірі ұйымдардың бірі. Бұл елімізде «мемлекет – жұмыс беруші – жұмысшы» тізбегі бойынша еңбек мәселелеріне арналған тиімді сұхбат алаңының қалыптасқанын көрсетеді, деді ол. Сөзінің соңында Ә.Құсайынов қолдау көрсетіп, сенім танытқан Мемлекет басшысына және бірге қызмет еткен ұжымдағы әріптестеріне ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде федерация құрамына енетін салалық және аумақтық бірлестіктердің өкілдерінен құралған отырысқа қатысушылар да Ә.Құсайыновқа жемісті жұмысы үшін алғыс айтты.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»