• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2017

Таңдау қиындығы

2248 рет
көрсетілді

Шешім қабылдаудан шарша­ды­ңыз ба? Маңызды мен маңы­зы жоқты, қауырттық пен жайба­сарлықты, негізгі мен қосалқы нәрсені ажырата алмай басыңыз қатты ма? Әлбетте, өмір тест сұ­рақ­тарының жауабы емес, бір дұ­рыс жауапты таңдай алмайсыз. Сондықтан шешім қабылдаудың жылдамдығы мен сапасы сай келуі де, келмеуі де мүмкін.

Бірақ өмір көп таңдау жасатады, сондықтан шешіміңізге өкінбейтіндей болуыңыз керек. Өмірінің бір кезе­ңінде тамақ, киім таңдаудан бастап, мамандық, өмірлік жар таңдау сияқты мәселелерде шешім шығару кезінде барлық адам бірдей қиналады. Өйткені салыс­тырмалы түрде, бірінен бірі жақсы, тіпті керемет нәрселерден таңдап алу қиын, оған қоса көп ой­ланған сайын шешім қабылдау да қиындай түседі, содан әйтеуір кез келгенін таңдай салып, соңында риза болмай, көңіл-күйің түсіп кететін кездер болады. Психологияда бұл «шешім қабылдаудан шаршау» деп аталады. Ал ол өз кезегінде таңдау нұс­қаларының тым көп болуына және оны игере алмауымызға байланысты. Жиі таңдау жасау қажет болған са­йын шешіміңіздің сапасы да нашарлай түседі, дейді мамандар.

Ең басты мақсатты «табысқа жету» деп ойлайтын адам көбінесе мынадай үш сенімді басшылыққа алады екен: «мен міндеттімін», «мұның барлығы маңызды», «мен осының барлығын немесе екеуін де істей аламын». Сөйтіп жүріп өзіне тым көп жүктеме алып қойғанын байқамай қалады, дер кезінде тоқтап сараптауға да уақыты болмайды. Сондықтан көп шаруа атқарып жатқанымен ешнәрсенің түбіне дейін зерттеп, жете білетін маманы бола алмайды немесе ешқандай нәтижені көрмей бәрінен көңілі қалады, тығырыққа тіреледі. Ондай адамдар өте көп, бірақ тиімсіз жұмыс істейді. Осындай таптаурын ойдан арылып, «азырақ, бірақ жақсырақ» теориясын қабылдауды жазушы және психолог Грег МакКеон «эссенциализм» деп атайды және «Эссенциализм. Қарапайымдыққа жол» кітабында өз әдістемесі қалай жұмыс істейтінін сипаттайды.

Эссенциализм – «көп нәрсені аз уақытта жасау туралы емес, істеуге тиіс нәрсені ғана жасау туралы», дейді Грег МакКеон. Бұл үшін ең маңызды мәселелерді анықтап, бар күшті соны жүзеге асыру жолына жұмсау қажет. Сіз үшін не маңызды? Өз өміріңізде маңызды нәрселерді рет-ретімен қоймасаңыз, оны сіз үшін басқа адамдар жасайды да сіздің өміріңіз өзіңізге тиесілі болмай қалады. Сондықтан қандай жағдай болса да ойланып, өзіңізге қажетті басымдықты мақсат етіп қойыңыз, өміріңіздегі маңызды нәрселерге талдау жасаңыз.

Көп адам «өзіңіздің айналысып жатқан жұмыстарыңыздың ішінен ең көп пайда, игілік әкелетін бір бағытты таңдаңыз» десе әжептәуір қиналысқа тап болады. Тіпті таңдау жасай алмайды, мұның өз себептері де бар. Мысалы, дұрыс және бұрыс әрекет бар, келісім беру – бұрыс әрекет, ал келіспеу – дұрыс әрекет. Бірақ қоғамымызда қалыптасқандай келіскен адамды мақ­таймыз да, келіспегенді жаудай көреміз. Сондықтан адамдар кө­бінесе «жоқ» деп айтуға ұялады, со­дан келіп көп мәселелер туындай­ды. Мамандар басымдық (приори­тет, priority) қою үшін тиімді әдіс-тәсіл­дердің ішінде Эйзенхауэр принципі мен С.Кови квадрантын атайды.

Эй­зенхауэр ұстанымы бойынша маңызды дүниелерді анықтау үшін сұрақ түрінде сауалнама жасап, оған «маңызды» немесе «шұғыл» деп жауап беріңіз. Содан соң қай жұмысты қай кезде істеу керек екенінің тізімін жасайсыз. Кови квадрантында бар­лық мәселелер 4 бөлікке бөлінеді: бірін­ші, маңызды және шұғыл; екінші, маңызды, бірақ шұғыл емес; үшінші, маңызды емес, бірақ шұғыл; төртінші, маңызды емес, шұғыл да емес. Ковидің пікірінше, табысты адамдар екінші квадрантқа көп көңіл бөледі, өйткені бұл басқа мәселелерді шешу үшін уақыт үнемдеуге мүмкіндік жасайды деген пікір айтады.

Қалай болғанда да басымдық қойып, маңыздыны таңдай білуге үй­ренуіміз керек, бұл тек уақыт үнем­деуге ғана септігін тигізбейді, өзіңіздің өмірлік миссияңызды дұрыс тауып, бақытты өмір сүруге мүмкіндік береді. Ал өмірде бақытты өмір сүруден басқа қандай басымдық болуы мүмкін?

Қазір біздің алдымызда көп таң­­дау тұр. Бұл мемлекетке де, би­лік­ке де, қоғамға да, ұлтқа да қа­тыс­ты. Осы сындарлы кезеңде таң­даулардың дұрыстығы бізді ны­ғайтуға, алға жылжуға, дамуға айтар­лықтай жәрдемін тигізетінін естен шығар­мағанымыз абзал.

 

 

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты