60-шы жылдардың басы. 12-13 жастардағы бала кезіміз. Ауыл дүкеніне жазушы Әди Шәріпов ағамыздың «Партизан қызы» повесінің түскені бар. Сол кездегі жасөспірімдер ұғымымен қарағанда бұл өзі мүлде бөлек дүние еді.
Сондықтан оны қолдан қолға тигізбей оқыдық дейсіз. Оқиға соғыс жүріп жатқан батыста бастау алады. Келе-келе әңгіме сондағы жау тылында қалған қазақ офицерінің отбасы төңірегінде өрбиді. Кітап кейіпкерлерінің көрмегендері жоқ. Оған бір мысалды, атап айтқанда түн қатып, түс қашқан жорық жолдарында шыр етіп жарық дүние есігін ашқан Майя есімді қыздың тағдырын айтсақ та жеткілікті.
Сондай-ақ екі жасқа дейін партизандар арасында өскен сол сәбиді қолға түсіріп, халық кекшілдерін өздеріне бас игізбек болған жау жансыздарының айла-шарғылары да бір төбе әңгіме. Осындай өзгеше өріммен өрілген шығарма ауыл балалары біздерге ертегідей көрініп, ерекше әсер қалдырған. Сондықтан да оны мұндай оқиға өмірде болмаған, тек әдебиет әлемінің заңдылығы бойынша кейіпкерлері ойдан шығарылып, сомдалған көркем шығарма деп қабылдағанбыз. Сөйтсек...
1969 жылы КазГУ-ге оқуға түскенімізде университеттің акт залында бір топ қаламгермен кездесу өткен. Жүздесуге шақырылған ол ағаларымызды Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Әди Шәріпов бастап келіп еді. Пікір алмасу үстіндегі «Партизан қызы» туралы қойылған сұраққа Әдекең бұл өмірден алынған шығарма екендігін айтқан. Сөйткен де туындыдағы Жылбек пен Жамал, олардың 1941 жылы жау тылында дүниеге келген қызы Майяның Павлодар қаласында сау-сәлемет тұрып жатқанынан хабардар еткен. Бұған біз сонда сенерімізді де, сенбесімізді де білмегенбіз. Сөйтіп: «Өмірде осындай да жағдай болады екен-ау?», деп таңданғанбыз да қойғанбыз.
* * *
Ұмытқанбыз.
* * *
...Осыдан екі жыл бұрын Павлодарға іссапарға баратын болып, жолға жинала бастадық. Сол мезетте редакцияға ғалым Серік Негимов бас сұқты. Келген шаруасы тез шешілген соң: «Керекуде бір қызық тақырып бар, – деді көңілденіп. – Жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» повесі бар емес пе?! Онда міне, сол шығарманың өмірдегі кейіпкерлері тұрып, ғұмыр кешкен. Олар жөніндегі бар дерек-мәліметті туысы Дәмет Қарашашева (Смайылова) жақсы біледі. Қажет десең адресін берейін. Міне, телефоны!»
Мына сөзді естігенде ойымызға осыдан 46 жыл бұрынғы КазГУ, акт залы, ондағы Әди аға Шәріпов айтқан сөз оралды. «Иә... иә! Жазушы сонда повесть прототиптерінің Павлодарда аман-есен тұрып жатқанын айтып еді-ау! Қалай ұмытып, естен шығарып алғанбыз? Қазір сол аға-апаларымыздан біреу бар ма екен? Тірі жүр ме екен мына жер бетінде?».
Облыс орталығына келіп түскен бойда жоғарыдағыдай бір өкініш, бір үмітпен Дәмет Бабылбекқызына хабарласқанбыз. Телефоннан қазақ әйел затына тән биязы дауыс естілді. Мән-жайды ұққан соң өзінің жағдайынан хабардар етті. Қазір Астанада тұрады екен. Мұнда тек 3-4 күнге бір шаруамен келіпті. Осылай деді де Мәшһүр Жүсіп мешіті алдындағы аллеяда күтетінін айтты. Көп ұзамай сол жерде кездесіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін Дәметке төмендегідей ойымызды баяндадық. Ол біздің шығарма кейіпкерлерінің қазір мына өмірде бар-жоғы, сосын олардың жазушы туындысында қамтылмаған, мүлде сөз болмаған тұстары жайлы айтып беру туралы өтінішіміз еді.
– Өкінішке қарай кітап кейіпкерлері Жылбек аға мен Жамал апа қазір бұл өмірде жоқ, – деді бізге мұңая үн қатқан Дәмет. – Майя әпкеміз де солай... Ол ғазиз жанның дүниеден өткеніне де, міне, 22 жылдың жүзі болып барады.
Осы сөздерді айтқан әңгіме иесі бұдан кейін біздің назарымызды Ағаділовтер отбасының «Партизан қызы» повесінде жоқ жайттарға аударды. Егер естеріңізде болса, құрметті оқырман, шығармадағы қазақ офицері Жылбек Ағаділовке қатысты оқиға бірден 1941 жылғы соғыс басталып, одан әрі оның партизандар отрядындағы әскери қимылдарына жалғасып кетпеуші ме еді. Сөйтсек Ұлы Отан соғысына дейін де ол біраз өмір көріп ысылған адам екен. Олай дейтініміз 1913 жылы Баянауыл өңірінде туған болашақ кітап кейіпкері 1927-1933 жылдары Павлодардағы коммуна интернатында тәрбиеленіп, жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапыланбек зооветеринарлық техникумына барып оқиды.
Осы оқу орнын бітірген 1935 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады да, Түрікменстанның Кушка қаласындағы 152-ші атты әскер полкінде қызмет етеді. Сосын Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Армавир әскери училищесін бітіріп, 1939 жылы жапондармен болған Халхин-Гол шайқасына, 1940 жылы фин соғысына қатысады. Сондағы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. 1941 жылы батыс Белоруссиядағы шекара заставасында қызмет атқарып жүргенде соғыс басталып, негізгі күштен бөлініп қалған лейтенант Жылбек Ағаділовтің взводы Брянск орманындағы 2-ші Клетня партизан отрядына келіп қосылады.
Осыны айтқан Дәмет сәл үнсіздіктен соң кітаптағы келесі кейіпкер Жамал апай туралы сөз қозғады. Әңгіме төркініне қарағанда әскери қызметте жүрген Жылбек Ағаділов 1941 жылдың қаңтарында елге демалысқа келеді. Сонда анасы Жәми бастаған туыстары азаматқа сыбай-салтаң жүрген жараспайды деп Павлодардағы Ыдырыс деген кісінің қызы Жамалға үйлендіреді. Қызмет орнына жас жұбайлар болып оралған олар алаңсыз өмір сүріп жатқанда, жау шекарадан баса-көктеп кіреді де Жылбек шайқас өтінде, ал Жамал әскери қалашықта қалып қояды.
Комендатура адамдары көп кешікпей мұндағы әйелдер мен бала-шағаны пойызға тиеп шығысқа аттандырғанда, состав Баранович маңайында бомбалауға ұшырайды. Содан бастап аяғы ауыр Жамал қасындағы өзі сияқты адамдармен бірге жаз, күз бойы орман арасындағы деревняларды сағалап күн кешеді. Ал бұл кезде оның жан жары Жылбек те сол маңайдағы партизан отрядында түн ұйқысын төрт бөліп жүрген еді. Бір-бірінен ажырап қалған олардың 4 айдан соң қалай табысқаны бізге «Партизан қызы» повесіндегі жеке тараудан жақсы мәлім.
– Құдіреті күшті Алланың ниеті ақ пенделеріне деген рақымы, мейір-шапағаты шексіз екен, – деді әңгіме иесі. – Әйтпесе... Иә, өзіңіз ойлап қараңызшы... Танымайтын ел мен білмейтін жер. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан аймақтағы өмір мен өлім арпалысып жатқан сәт. Сондай жағдайда бір-бірінен көз жазып қалған қос мұңлықтың қайтадан табысуы... Бұл енді адам түсінбейтін нәрсе.
– Иә, – дедім мен де осы арада жоғарыдағы сөзді қостап. – Мұның өзі өмірде өте сирек кездесетін жайт. Мыңнан бір жағдайда болатын оқиға. Енді сіз мына сауалға жауап беріп көріңізші. Брянск орманындағы Майя қыздың дүниеге келуі кітапта көркем тілмен баяндалған да қойған. Ал сәбидің нақты өмірге келген кезі белгілі ме? Құжат жүзінде қалай жазылған?
– Иә, ондай дерек бар. Әпкеміздің партизандар отряды жеркепесінде жарық дүние есігін ашқан уақыты – 1941 жылғы 27 қараша. Туған жері – Белорус КСР-і, Брянск облысы, Дубровка ауданы, Будевинец деревнясы маңайы. 1943 жылдың аяғындағы Орталық партизан штабы берген анықтамаға сәйкес туу туралы куәлік осылай толтырылған.
– Ағаділовтер отбасы соғыстан елге қашан оралған? Олардың бейбіт күндегі өмірі жөнінен не білесіз?
Бұған әңгіме иесі былай деп жауап берді. 1943 жылдың қарашасында Брянск орманында қимыл жасап жүрген 2-ші Клетня партизан отряды жауды тықсырып келе жатқан Қызыл армия бөлімдеріне қосылады. Көп ұзамай Жылбек Ағаділовке қысқа мерзімді демалыс беріледі де ол кісі отбасымен Павлодарға келеді. Аз күннен соң зайыбы Жамал мен екі жастағы қызы Майяны елге қалдырып, қайтадан майданға аттанады. Сөйтіп 1944-1945 жылдар аралығында Венгрия, Пруссия, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысып, екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. 1946 жылы әскерден босап, алдымен Павлодар қалалық, одан кейін облыстық қаржы бөлімінде аға тексеруші қызметін атқарады.
Ал Жамал мен Майяға келсек, апай тігіншілікпен шұғылданады. Сөйтіп өмір бойы бір ғана жерде – Павлодардың 8 март атындағы киім фабрикасында шебер, цех жетекшісі, бригадир болып жұмыс істейді. Осы еңбек ұжымының ұсынымымен «Құрмет Белгісі» орденін иеленіп, 80-ші жылдардың басында зейнетке шығады.
Майя болса, 1948 жылы облыс орталығындағы №24 орта мектептің 1-ші сыныбы табалдырығын аттайды. 1958 жылы Алматыдағы КазПИ-ге келіп, математика факультетіне оқуға түседі. Оны үздік бітіргеннен кейін Павлодардағы өзі білім алған орта мектепке жұмысқа орналасып, шәкірттерге ұстаздық етеді.
– Жоғарыдағы біз өзіміз сөз еткен аяулы жандар қашан қайтыс болды?
– Жылбек аға 1970, Жамал апай 1991, ал Майя әпкем 1993 жылы өмірден озды, – деді Дәмет.
– Ұрпақтары бар ма?
– Майдан даласынан оралған соң Жылбек аға мен Жамал апаның көпке дейін сәбилері болмады. Кейін Рая атты қыз бала дүниеге келді. Ол тәтеміз Семей медициналық институтын бітіріп, ұзақ уақыт Павлодардағы №1 ауруханада еңбек етті. Үбірлі-шүбірлі. Ал Майя әпкемізден Арман, Марат деген екі ұл бар.
Келесі кезектегі әңгіме желісі Ұлы Отан соғысы туралы фотоальбомдар мен интернет парақшаларында ара-тұра көрініп қалып жүрген партизан отрядындағы Ағаділовтер отбасы суретінің тарихы, оқ пен от ортасынан оралған кішкентай Майяның бейбіт өмірге қалай бейімделгендігі, сондай-ақ студент кездегі партизан қызының қабілет-қарымы төңірегінде өрбіді. Әңгіме иесінің суретке байланысты айтқаны: Ағаділовтер отбасының партизан отрядында жүрген күндерінен бір емес, екі фото сақталып қалыпты.
Алғашқысында Майя ата-анасының ортасында, ал кейінгісінде араларында Жылбек аға мен Жамал апа да бар партизандар қоршаған ат арба үстінде отыр. Бұл суреттердің біреуін 1943 жылдың басында орманға «үлкен жерден» қару-жарақ жеткізуші ұшақпен бірге келген әскери фототілші, ал екіншісін сол жылы күзде 2-ші Клетня партизан отрядының Қызыл армия бөлімдеріне қосылған кезінде майдандық газет қызметкерлері түсіріпті. Аталмыш рәсімдерді Жылбек аға 1944 жылы жараланып, Мәскеу госпиталінде емделіп жатқанда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі партизандар қозғалысы» атты архив басқармасынан алдыртыпты.
Ал анасымен соғыс жүріп жатқан аймақтан тылға аман-есен жеткен бөбектің алғашқы кездегі мінез-құлқына келер болсақ, сол кездері Ағаділовтер шаңырағына келін болып түскен Мейрам апа былай деп еске алады екен: «Үйге біреулер келсе кішкентай Майя үстел астына тығылып, үн-түнсіз отырып алатын. Күн күркіреп, аспанда найзағай ойнағанда да солай істейтін. Аулада ойнап жүргенде төбесінен құс ұшып өтсе, «Самолет... бомба...» деп жанын қоярға жер таппайтын. Оның осындай қимыл-қарекеттерін көргенде: «Ормандағы атылған оқ, жарылған мина үнінен шынашақтай сәбидің жүрегі қалай шығып кетпеген? Шайқастардағы тарсыл-гүрсілден шошыған бөбектің тілі шықпай, мылқау немесе кекеш болып қалмағанына шүкір дейтінбіз».
Сөйткен Майя мектепке барғанда жақсы оқыпты. Институтқа түскенде ерекше қабілет танытыпты. Ең бастысы мейірімді екен. Оны өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің елге каникулға келгеніндегі оқиғалар анық дәлелдейді. «Майя Алматыдан бері шыққанда үйдегі Рая бізге ән, би үйретіп, шағын концерттік бағдарлама әзірлейтін, – депті Жамал апаның сіңлісі Айжан туыстарына айтқан бір әңгімесінде. – Сөйтіп бәріміз бір аулада тұратын 3-4 үйлі ағайындарымыздың балалары алыстан өте бір сыйлы адам келе жатқандай әбігерге түсетінбіз. Студент тәтемізді вокзалдан улап-шулап күтіп алған соң үйге келіп, дайындаған концертімізді бастайтынбыз.
Майя тәтем бұған мәз болып, ризашылық белгісі ретінде жолқапшығынан Іленің алқызыл гүлдерінен жасалған гербарий мен Тянь-Шань шыршасының кепкен бүршіктерін үлестіретін. Содан соң анасы Жамал екеуі үлкен шамаданды ашып, апа-әжелерге үнді шайын, ал бала-шағаға алма ұсынатын. Алматы апортының исі қандай шіркін! Біреуін жесең тоясың да қаласың. Біздер, балалар сонда Майя әпкемізді оқудан емес, Алматыдан базаршылап келген жандай көріп, қасынан шықпайтынбыз».
Жоғарыдағы әңгімелерді айтқан Дәмет бір сәтке үнсіз қалды. Өңінде: «Тағы қандай сауалыңыз бар? Сұраңыз?» деген ой бар еді. Мен енді сөзді көп созбай, сұхбат соңын мына бір нәрсені анықтаумен аяқтауды жөн көрдім. Ол: «Манадан бергі айтылған әңгімелерді айғақтап, куәландыратын ресми құжаттар мен анықтама қағаздар бар ма? Мақаламызға өзек еткелі отырған кейіпкерлеріміздің бейбіт күндерде түскен суреттерін кімдерден іздестіріп табуға, алуға болады?» деген сауал еді.
– Жылбек ағаның Дыбысбек атты інісі болған, – деді бұған сергек жауап қатқан әңгіме иесі. – Кезінде ол кісі де әскерге шақырылып, соғыс жылдарында Қызыл армияның Қиыр Шығыс жақтағы резервтік құрамында қызмет атқарған. Отставкадағы полковник еді. Міне, сол ағай 2009 жылы үйіне шақырып алып, Ағаділовтерге қатысты бір бума дүниені қолыма ұстатты. «Осылар саған аманат. Жеке кітап етіп шығар, қарағым», деді. Сөйтті де өзі көп ұзамай дүниеден өтті.
Уәде, парыз деген қиын ғой. Тынбай еңбектенуге тура келді. Сөйтіп жүріп 2010 жылы «Партизан Жылбек пен Жамал» деген шағын жинақты шығаруға қол жеткіздім. Бұл – құжаттар мен хаттар және естеліктер мен суреттерден тұратын кітап. Тиражы – 150 дана. Сөз етіп отырған еңбек облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрді. Қазір біз міне, дәтке қуат деп осы жинақты көңілімізге медеу тұтып отырған жайымыз бар.
* * *
Қайтып келемін...
* * *
...Қолымда Дәмет берген кітап. Оны жолда оқып бітіріп бола бере жан-жағыма қарадым. Шідертіні артқа тастап, Ерейментауға жақындап қалыппыз. Ойыма мынадай идея келді. Егер жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» шығармасы алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін болып жатса, онда қолымыздағы мына өмірлік фактілер жинақталған еңбекті бірге қосып шығарып-ақ жіберетін дүние. Сонда бұлар бірін-бірі толықтырып, шығарманы бейбіт күндердегі деректермен байытып тұрар еді.
Бұл – бір. Екінші, біздің қазақ әдебиетінде кешегі 1941-1945 жылдарғы қан қасап соғысқа арналған кітаптарға көркем образ, жиынтық бейне ретінде емес, жанды кейіпкер болып кірген адамдар онша көп емес. Олар – Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы Қайроштың прототипі Қайырғали Смағұлов, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызындағы» Бауыржан Момышұлы, «Ажал аузынан...» секілді өз шығармасына өзі кейіпкер болған Қасым Қайсенов және Әди Шәріповтің «Партизан қызы» повесіндегі Ағаділовтер отбасы.
Осылардың арасында біз сөз етіп отырған Жылбек аға, Жамал апа, Майя әпкеміздің есімдері Павлодар өңірінде қазір ұмытылуға таяу. 2003 жылы туған-туыстары қалалық әкімдікке қайта-қайта қолқа салып жүріп, Дүйсенов көшесіндегі партизан отбасы тұрған ескі ағаш үйге мемориалды тақта орнатыпты. Өз күштерімен. Өз қаражаттарымен. 2016 жылы Баянауыл өңіріндегі ел ағаларының күшімен сондағы Бірлік ауылы орта мектебіне Жылбек Ағаділовтің есімін бергізіпті. Бұдан басқа ештеңе жоқ.
Музей десек болды олар тек Астанадан ашылуы керек деген ұғым бар бізде. Олай емес. Бұлар өңірлерде де өркен жаюы тиіс.Мәселен Көкшетауда Найтингейл атындағы соғыстағы медбикелер мен санитарлар музейі бар. Мұны еске алып отырғанымыз, егер жергілікті билік Павлодардан «Қазақстандық партизандар» деген мұражай ашып, ол Жылбек Ағаділов есімімен аталса, оған 1941-1944 жылдары Украина, Белоруссия, Югославиядағы қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтардың құжаттары жиналса, өнегелі іс болар еді. Сонда сын сағаттағы өмірлері үлкен бір шығармаға арқау болған, бейбіт күнде де ерекше еңбектері бар бола тұра өкіметке өтініш айтпаған, ештеңе сұрамаған ғазиз жандарды ұмытпайтын боламыз.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суреттерде: 1. Жылбек пен Жамал сәбилері Майямен 2-ші Клетня партизан отряды мүшелері арасында, 1943 жыл. 2.КазПИ-дің 1-ші курс студенті Майяның әкесі Жылбекпен түскен суреті, 1958 жыл. 3.Жазушы Әди Шәріпов кейіпкерлері Жамал апа, Жылбек ағамен бірге, 60-шы жылдар. (Суреттер Д.Қарашашеваның архивінен алынды)