Жақында белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Тәлей» атты әңгімесін оқыған едім. Сезімдері шынайы бола тұра, қосыла алмаған аяулы адамдардың хикаясы... Арадағы қашықтық, жас айырмашылығы, сосын кейіпкерлердің сезімге селкеу түсірмей, аялап өткісі келетін кездері айтылады шығармада. Араларында болған ана бір оқиғада қыздың аузымен айтылатын: «Мен сізден жеңіліп қалдым, ағай!» дейтін сөз тағы бар. Осы сөз жүректі селт еткізеді.
Бұл әңгімеде айтылар жайтты жазушы өз басынан кешірген екен. Сосын көркем шындық қосып, көркем дүниеге айналдырған. Батысқа бет алған пойыз купесінен басталған сезімнің әңгімесін жазушы өзі айтып берді.
Ендеше Несіпбек Дәутайұлымен болған рухани әңгімеге ден қойыңыз...
Артыңызға бұрылып қарағанда сүйініш көп пе, өкініш пе?
– Өкініш көп қой... Өкініштісі сол, өлең мен өмірдің арасындағы қамшының сабындай қысқа ғұмырда көп уақытты бекер жоғалтып алады екенбіз. Серілік пен перілік, тұрмыстың күйбең тірлігі бәрі уақытты жейді. Өзің де сол бітпес тірліктің шылауында кетесің. Уақыт ұзаған сайын адам өз мүмкіндіктерінің азая бастағанын сезеді екен. Осы жетпісінші күзде бүгінге дейін не тындырып, не қойдым деген сұраққа көп тірелдім. Өмірде бұдан да көп іс тындыруым мүмкін еді ғой деген ой ылғи жанды жейді. Жеке бастың сұрағына жауап іздейтін ойлардың құшағына күнде қамалып жатырмын.
– Сипай қамшылай салатын жерде сабап жіберетін мінезіңіз бар сынды. Сол мінездің шығармашылықта жолыңызды тұсаған кезі болды ма?
– Адамның мінезін алдын ала ешкім болжай алмайды, тіпті адамның өзі де. Айналада болып жататын жөнсіз жайттар көп. Ол әдет кімнен көрінсе де, бас салып, осып жіберетін кездерім бар. Қамшымен емес, әрине. «Тәйт!» деп, тілмен тыясың. Ол мінезімнің шығармашылығыма кесірі болған жоқ. Өйткені шығармашылығым ешкімге тәуелді емес. Жазған дүниемді біреудің алдына көтеріп барған емеспін. Керісінше «Жазғандарыңыз бар ма? Соңғы уақытта не жаздыңыз?» деп менің өзімнен сұрап жатады. Шығармашылық адамы ешқашан да өзгеге тәуелді болмауы керек. Тәуелді болса, өзіне-өзі, көзқарасына, пайымдауына тәуелді болсын.
– Сіз туралы зиялы қауымның аузынан: «Несіпбектің өзі тұрған өңірде үлкен кісілік сипаты бар екен. Мерейтойында осыны байқатып, халқы төбесіне көтерді» дегенді естідік. Халықтан көрген ілтипатқа ризасыз ба? Не байқап, не түйдіңіз?
– Жеке адамның мәртебесі, абыройы мен беделі қай кезде де екінші кезекте тұруы керек. Бірінші кезекте ел-жұрттың амандығы тұрғаны абзал. Жақсылықта да, қиын күндерде де адамды алып шығатын ел жұрты, халықтың ілтипаты. Сондықтан алдымен ел-жұрттың шаруасымен айналысу қажет, ауыл-аймаққа қарайласып, қай кезде де халықтан тамырды үзбей отырған дұрыс. Жазумен кез келген уақытта айналысып алармын. Алғашқы кезекте адамның тағдыры, жай-күйі. Мен атқамінер әкім-қаралардың көбімен жақсымын.
Бірақ, мен олардың алдына өз шаруаммен барып көрген емеспін. Тек біреу келіп айтып, өтінсе, мен барамын. Сол адамның шаруасы шешілу үшін азаматтықты, құдай, аруақты алға саламын. Сөйтіп әлгі азаматтың айтқан шаруасының аяғына шыққанша, жаным қалмайтыны бар. Бала кезімнен алдымен айналаңа қарайласуды көкейге түйіп қалғанмын. Мерейтойымды ұйымдастырып, өткізіп берген ел азаматтарына рахмет, әрине. Жазушыға құрмет көрсетілсе, алдымен менің емес, сол елдің мәртебесі көтеріледі. Тойдың тұсында қадір білер азаматтардың бар екенін көріп, көңілге түйдім.
Менің де ел-жұртым бар ғой Таразда. Басында Кәрім Көкірекбаев тұрған. Ал енді, Нұрлан Ноғаев мерейтойымда 10 кісіден құралған делегация жіберсе кісілігі.
– Бұрындары Дидахмет Әшімханұлы: «Мен шығарма жазарда қазақтың қара өлеңінің жолымен шығарманың жобасын жазып шығамын» – деуші еді. Жүсіпбек Қорғасбек те әңгіме жазардың алдында алдымен өлең жазады екен. Сұрайын дегенім, жазуға отырардың алдында өлең, ән, әуен деген дүниелер сізді де түрте ме?
–Өтірік айтып қайтемін, жазардың алдында мен ештеңе іздемеймін. Бірақ, шығарма жазардың алдында бір ашу қысады. Осы ситуациядан неге шыға алмаймын деген сынды долылығым ұстайды. Содан жаза бастаймын. Шығарманы жүріп жазғанды жақсы көремін. Жазудың алдында біраз үн-түнсіз, ешкіммен сөйлеспей кетемін. Әңгіме жазудан бұрын бұған дейін жазған шығармаларымды өзара бәсекеге саламын. Жазып шығуға талантың жетпей қалса бола ма?! Соған ашуым келеді де, мінезбен отырып жазамын. Бәріміз де өлеңмен бастадық қой. Жүсіпбек мықты ақын, өлеңдері өте жақсы, бірақ өзі прозаны таңдап алған. «Жансебілі» қандай, оның.
– Қазіргі әдебиетте не айтылмай, қай тақырып қаузалмай қалып жатыр деп ойлайсыз?
– Ана тақырыпты да, мына тақырыпты да жазғысы келетін талпыныстар бар. Бірақ, әдебиетте қазақтың ұлттық рухани әлемінде болған, болып жатқан, бола беруі мүмкін тақырыптар қамтылуы тиіс. Біздің бәріміздің арманымыз, көксейтініміз, қимыл әрекетіміз бірдей. Тек біреулерде сол қимыл артықтау не қалыңқы болуы мүмкін. Скандинавиялық В.Муберг дейтін керемет жазушының «Мужняя жена» дейтін адам құқына тиесілі еркіндік, махаббат және бақыт сияқты табиғи ақиқатқа қоғамның кедергісіне қарсылықпен жазылған шығармасы бар. Қазақты қайдам, соны әлемнің есті оқырмандары жақсы біледі. Өйткені шығармада дүниенің әр бұрышында жүрген адамдардың тағдыры бар. Адамдардың әлсіздігі, сол әлсіздікпен бір мезгілде өзінің құдіретін көрсететін әйел махаббатын айтқан.
Алақандай Колумбияның жазушысы Габриэль Гарсиа Маркесті алайық. «Жүз жылдық жалғыздығымен» күллі әлемді оятып жіберді. Меніңше, қазақ әдебиетінің келешегі, ұмтылар көкжиегі әлемдік әдебиетпен, әлемдік рухани әлемнің ең ұшқыр құралымен теңесуі үшін адам деген басты категория алдыңғы орында тұруы керек. Осындай ізденістер біздің әдебиетімізде көрініс табуы қажет. М.Әуезовтің кешегі «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» деген әңгімелерін әлемнің кез келген халқы қабылдайды. Өйткені ол әңгімедегі азап-шер, қысастық деген дүниелер барлық ұлтқа тән нәрсе. Бірақ, біз алдыңғы ағаларымыз жазып кеткен осы шығармалармен өте ұзаққа бара алмаймыз. Заман да, адам да өзгерді. Біздің рухани сауатымыздың сұранымы көп. Рухани танымымыз Батыстың әдебиетіне жақындай түсті. Әдебиетте көптеген шығармалардың уақыты озып, ескіріп кетуі мүмкін.
– Ендеше тек қазақтың ойлау жүйесін ғана емес, әлемдік әдебиеттегі дәстүрлерді, дүниежүзілік әдебиеттегі мәнерлерді қамтып, соған жақындап жазып жүрген жазушыны атаңызшы?
– Төлен Әбдіковтің «Оң қол» шығармасында әлемдік әдеби дамудың үрдістері, өркениеті бар. «Оң қолды» психологиялық және магиялық әдебиеттің элементтерін қамтыған көркемдік концепцияның жетістігі деп қарау қажет. Рақымжан Отарбаев пен Жүсіпбек Қорғасбек те жаңашыл бағытта жазады. Жүсіпбектің өзгелерден аяқ алысы басқа екенін баяғыда «Жансебіл» деген әңгімесін жарыққа шығарғанда-ақ байқағанмын. Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» деген шығармасы меніңше, Кеңес өкіметі құлардың алдында жазылған біздегі алғашқы протестік дүние. Асқар Алтай, Нұрғали Ораз деген жігіттер де өзгелерден бөлектеу жазады.
Жақында үш томдық таңдамалысы жарық көрген Мархабат Байғұттың жан дүниесі, танымы басқа. Адамның жан дүниесіндегі жылы ағыстарды ашқан жазушы. Қаламгерлер жазғандарымды оқып, мені «жауыз ғой» деп айтатынын естимін. Өйткені мен аяусыз жазамын ғой. Шығарма жазғанда ешкімнің көз жасына қарамаймын. Ал Мархабат – тұнып жатқан жылы қабаттарды көрсете білген шебер. Рақымжан айтпақшы, жіпке тізіп айта беруге жазушылар қораға қамап қоятын қой емес қой, осы да жетер.
– Өркениеттің төріне әдебиетімізді латын графикасы қаншалықты сүйрей алады деп ойлайсыз?
–Латын графикасы тек әдебиетке тиесілі нәрсе емес. Жалпы, ұлттың түркі әлеміндегі терең тамырларын тануға керек дүние ол. Өзіміздің түпкі тарихымызды, ұлттық кодымыздың жиынтығын теріп алып шығуға мүмкіндік береді. Санамыздың кеңістігінде не бар қазір? Ол қаншалықты қуатты? Бұлыңғыр ма? Осы туралы ойлану керек. Намыс, ар-ұят, саяси белсенділік, бәсекеге қабілеттілік деген сезімдер оянғанда ғана, түркілік тамырымызға жете аламыз. Осыған мүмкіндік беретін латын қарпі. Латын қарпіне көшу идеясы – ұлттың өзін-өзі тануына керекті рухани қажеттілік дегеннен туындады.
Қазақ құр қазақпыз дей беруден, пафостан ажырағаны дұрыс. Рас, әдебиетті жасағандардың тамырын, техникалық және ғылыми әдебиеттің түп атасын орыс тілі арқылы таныдық. Әрі одан айырылмауға болмайды. Тек саяси тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да көрші елден алыстамау керек. Барлық ұлттағы озық үлгіні бойына сіңіріп, өркениеттің бәсекесін сезінгенде ғана ұлт болып қалыптасып, әдебиет пен өнеріміз, дүниетанымымыз өркендейді.
– «Өзінікіне ешкім де өліп-өшпеген. Өзінікіне ғана өліп-өшкен жазушы өлген жазушы. Өзгеге деген бір құдіретті құпия сезім бар, пендеңізде. Оның берер шабытына еш құдірет жетпейді». Бұл – сіздің «Мінез» атты әңгімеңіздегі өз сөзіңіз. Көгілдір көйлекті келіншек сіздің өмір жолыңызда, шығармашылығыңызда көп кездескені анық қой. Сондай сезімі көп сәттерде адалдық деген ардан аттамай тұра алдыңыз ба?
– Таланттың тағдырындағы таңғажайып көріністер – арулар. Өмір бақи ғашық болуың мүмкін. Әйелімнің алдында өте адал болдым, ардан аттамадым деп көлгірси алмаймын. Өтірік – өзекті жанның өзін-өзі жерлеуі. Бір нәрсе анық: әйелімді тастап кеткен жоқпын және тоқал алмадым. Біреулер есігін тарс жауып, жаңа әйелге келместей болып кетіп, кейін артынан «ескісіне» қайтып келіп, сандалып жүреді ғой?! Өміріңде сұлу, әдемі, тіпті 10-20 жасқа кіші қыз-келіншектер де кездеседі. Серілікті сес тізгіндейді. Азаматтық ар-ұятты айтып отырмын. Бала-шағамды баяғыдай асырап келемін, сондықтан да.
Діндар адам емеспін, бірақ Құдайдан қорқамын. Шығарма жазғанда ойымда көркем әйелдердің көрініс беріп отыратыны рас. Мен туралы қыз-келіншектер: «Түсі өте суық болғанымен, жаны жылы» деп айтады екен.
– Соңғы кезде нендей құбылыс елең еткізеді?
– Биылғы жылдың селт еткізер басты жаңалығы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласы болды. Осы мақала жарық көрген «Егемен Қазақстан» газеті де жаңа басшы келгелі жарқырай бастады. Елдік, ұлттық мәселелер тереңнен қозғалып жатыр. Өздеріңдей жастардың еліміздің бас басылымына жазып жүргені қуантады. Туған жер, туған тарих, өлкедегі өңірлік кереметтер – осының бәрі газеттің әр нөмірінен түскен емес. Халықтық, ұлттық мүдде бұл газеттің бетінде қашанда алдыңғы орында. «Егемен Қазақстан» осы бедерінен айнымай, жалпы ұлтқа қызмет ете берсе екен!
Әңгімелескен
Қарлыға ИБРАГИМОВА